Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көрші ақысы – Тәңір ақысы

Көрші ақысы – Тәңір ақысы

Шамамен 12-13 жасар кезім болса керек. Жаз айындағы жөндеу жұмыстарының нағыз қызып тұрған шағы. Әкем де осы уақытты пайдаланып, үйдің шифер шатырын заманауи шатырға ауыстырып жатқан. Үйреншікті жұмысшыларға ол жұмыс ұзақ шаруа емес. Әні-міне дегенше үйдің төбесіне ағаштарды құра бастады. Барлық шаруаны атам сырттан бақылап отырған болатын. Бір уақытта: – Балам, шатырды өте биік етпеңдер. Мына көршілермен қатар етіп қана салыңдар,– деді. Атамның осы сөзі құлағымда қалыпты. Ол кезде балалықпен мән бермеген екенмін. Арада 10 жылдай уақыт өткен соң есіме түскен осы сөздің мағынасын біліп таңғалдым. Бәріміз білетіндей осындай күздің желді күндері ошаққа от жаққанда түтін кері үйіріледі. Кейде түтін үйдің ішін алып кететіні есімде. Ертеде қазақтарда осындай күндері «көршіңнің желін ұрлайсың» деген сөз бар екен. От жағуға ыңғайлы, жел жақсы тартатын кезде биік шатырың арқылы көршіңнің үйінің жылуына кедергі боласың. Бұл нәрселердің бәрі көршіге деген сыйластықтың, арадағы туысқандай болып кеткен жақындықтың белгісі. Қазіргі кезде ондай сыйластықтың жұрнағы ғана қалды десем өтірік емес. Көрші арасында бір-бірімен таласып үй салу, тойды бәсекелестікпен жасау, бірінің жаңа дүниесін көре алмау сияқты ұнамсыз қылықтар көбейіп кетті. Көршіңнің жай ғана жағдайын біліп, шаруаларына көмектесіп, араласу былай тұрсын, кейбір үйде қандай жандар тұратынын білмей жатамыз. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген атам қазақ. Іргелес отырған көршісін өзінің ағайынынан жақын көрген. Оларды құрметтеп, ренжітпеуге тырысқан, Бар тәттідәмдісін бөліп жеп, қуанышқайғысын сол кісілермен бөліскен. Көмек керек уақытта өзінің шаруасындай-ақ білек сыбана іске кіріскен. Ең алғаш көшіп келген отбасына дұрыстап қоныстанып алғанша көмектескен. Оларды келе салысымен ерулікке шақырған. Жаңа тұрғындардың да қоныс тойын тойлауы осы көршілермен танысып, олармен арадағы сыйластықты қалыптастырудың басы болған. Тағы бір естелігінде атам: – Сонау соғыс заманында елінен қашып, ауылға қоныстанған грузин көршілеріміз болатын. Уақытында болған ауыртпашылықтың салдарынан күн-түн демей жұмыс жасайтын. Шиеттей балалары үйде жалғыз қалатын. Олардың адам іздеп, қарындары ашып жылаған дауысына апам шыдай алмай, көрші үйден рұқсат алып, үйде бірге болатынбыз. Ата-апам оларды бөлектетпей, кейде тіпті бізден де қатты өбектейтін. «Олар жылулық іздейді. Осындай қиын шақта оларға көмектеспесек адамшылығымыз қайда қалды? Көрші –туысыңнан жақын. Оларды сендерден артық көрмесем, кем көргенім болмайды, – дейтін. Бұның барлығы адамның жүрегінің кеңдігі. Қазір заман өзгерді дегенмен адам «адам» қалпында қалса, бәрі жақсы болады» деуші еді. Иә, «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» дегендей, сенім, құрмет, ауызбіршілік секілді ақшадан артық олжаға не жетсін?! Сол олжалардың қадірін біліп, кейінгі ұрпақты көршімен татулыққа үйрету біздің міндетіміз. Арадағы жақындықтың көпірін үзбей, сыйластықта жүргеннен артық не бар, шіркін?! Ал сіздің көршіңізбен қарым-қатынасыңыз қандай? Сапарға кеткенде үйіңізді, жұмысқа кеткенде балаңызды сеніп тапсыратын көршіңіз әлі бар ма?

Г.АЛНИЯЗИНА
06 желтоқсан 2022 ж. 677 0