Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Ұлы дала зары»

«Ұлы дала зары»

«Ұлы дала зары». Атауының өзі айтуға қиын, тіпті бұл сөзді естудің өзі қандай ауыр еді?! Бұл фильм голливудтық «Оскардың» лонг-листіне енген болатын. Ашаршылық кезіндегі ел басына күн туып, оның зарлы үнін сомдаған қазақ тарихындағы алғашқы кино. Иә, көрген адамның көзіне жас келмей қоймасы анық. Ал ондағы қанды қырғынды көрудің өзі тіпті қиын...
Атаулы фильмнің продюсері Ернар Мәліков оның бес жыл бойы түсірілгенін айтады. Мұның себебі қаржыландырудың жоғынан екендігін де ашып айтқан болатын. Сонымен бірге «Бізге түсірілімге және постпродакшнге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті, уәде бергендер болды. Бірақ соңында бір тиын да алмадық, сондықтан жобаға барымды салуға тура келді. Осы уақыт аралығында мен барлық мүлкімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Алайда осындай фильм түсіруге деген тілегім мен құлшынысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл – біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз»,–дейді продюсер.
Бұл фильмнің әр сюжетін талдап отырмағанымыз жөн болар. Тек оқыған оқырманды селт еткізер сәттеріне куә етейік.
Халық басына қиын заман туғызған – аштық көрінісі. Осы сәтте бүркітші мен баласы түндігі түрусіз қалған көп үйдің біріне кіруді жөн көреді. Ит-құсқа жем болған әйел мен ердің құр сүлдесі жатыр. Жан-жағынан суық кірген үйдің тіпті ішкі көрінісінің өзі көрер көзге ауыр. Бір сәтте шымылдық артынан бір жанар жылт ете қалады. Сөйтсе, аштықтан ақыл-есінен адасқан бойжеткен қыз әке-шешесін азық етіп жүр екен. Осы тұста әлгі қыз бүркітшінің баласына атыла береді. Әкесі уақытында қызға қолын сермеп, итеріп жібереді. Әке мен бала дереу сыртқа шығып кетеді.
– Әке, оның көзін көрдіңіз бе, көзін? Ол...жеген екен...Әке, мен сіздерді ешқашан жемеймін.
– Ол аштықтың көзі, балам!
Осы көріністің өзінен фильмнің қаншалықты ауыр екендігін ұға беруіңізге болады, оқырман. Бұл жалғыз оқиға емес. Бүркітші күйеуі мен үлкен ұлы қызылдардың қамауында жатқанда, әйелі қалған екі баланы аштан өлтірмеу үшін азық іздеп жолға шығады. Жолай аш қасқырлардың қоршауына тап болған анасы «балам, бізді осында күт, алып кетеміз» деп қызын соңғы рет құшағына қатты қысып, тастап кетеді. Мұнысы – ұрпақ жалғар ұлының амандығын ойлағаны екен.
Жоғарыда баяндаған әңгіме шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген. Сюжет атақты абайтанушы Мекемтас Мырзахметтің өмірінен алынған дейді. Ол кісі өзінің бір сұхбатында «Менің шешем қасқырлардың қамауында қалған кезде қыз баласын тастап, мені аман алып қалғаны үшін мәңгі қарыздармын Ұрпағым жалғассын деген шығар. Өзімнің қарындасымның аруағының алдында, қазақ халқының алдында, анамның алдында мәңгі қарыздармын» деп бірнеше ғылыми еңбектер жазыпты. Продюсер Ернар Мәліков осыны нысанаға алған екен.
Иә, ата-бабаларымыздың басынан қаншама қиын-қыстау күндер өткені анық. Соның ішінде олар ең бірінші ар мен намысты бірінші қойып, ешқашан арзан дүниеге сатылмаған. Атаулы фильмді көріп отырып, ондағы қазақ халқының адалдығы мен намысқойлығына көзіңіз жетері анық. Ондағы аштықтан әлсіреп орнынан тұра алмай жатқан қазақ балаларын көргенде, жүрек түкпіріндегі аяушылық сезімі бір бөлек. Сонымен бірге фильмнен әр көрермен нанның қадірін түсініп, бүгінгі күніне алғыс айтары сөзсіз.

А.НҰРЛАНОВА
07 қаңтар 2023 ж. 1 515 0