Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ажалды жеңген махаббат

Ажалды жеңген махаббат

Махаббат! Иә, әрбір жанның жүрегін селт еткізер ерекше сезім. Ата-анаға деген махаббат, Отанға деген махаббат, дос-жаранға деген махаббат. Және ең бастысы – барлық жанның сүйгеніне, екінші жартысына деген махаббаты. Махаббат туралы қаншама ерлік дастандарды, небір жанкешті оқиғаларды естіген сайын таңғала түсеміз. Адам баласының ғашығы үшін осыншама қамқор, нәзік әрі батыл бола алатынын естіген сайын ести түскіміз келеді. Сондай бір оқиғаның бірі – ғасыр бұрын орын алған Николай Смецкой мен жары туралы.
Қазіргі Грузия мемлекетіне қарасты Абхазия автономиялы жерінде 1913 жылы бой көтерген бұл ғимараттың тарихы ерекше. Ол – кінәз Смецкойдің тапсырысымен, архитектор Иван Сергеевич Кузнецов жобасы арқылы салынған сарай болатын.
Сол уақытта кінәз, меценат әрі кәсіпкер болған Николай Смецкой өз жарын жанындай жақсы көретін. Бірде жас келіншек құрт ауруымен ауырып қалады. Ол ауру заманында емі жоқ, әлі зерттелмеген аурудың бірі еді.
Бірақ кінәз тағдырдың бұл сынағына көндіге алмады. Көптеген дәрігер мамандардан көмек сұрады. Солардың ішінен бір ғана дәрігер өте қызық ақыл айтты: «Егер келіншегіңіз емінен айықсын десеңіз, күнделікті ауру таратушы вирустардан таза ауада дем алғанын қадағалаңыз. Құлан таза айықпаған кезде де, өмір жасын ұзартушы бірден-бір шара осы», – деген еді ол.
Бұл шараны Смецкой өзінің кінәздік бар күш-қуатымен орындаған болатын. Ол 365 бөлмеден тұратын үлкен сарай жасауды қолға алды. Әр күн сайын кінәздің жары әр бөлмеде ұйықтады. Бөлмелер күн сәулесінің шуағы барынша көп түсетіндей етіп салынды. Сарай маңында әлемнің түкпір-түкпірінен алдырылған гүлдер мен ағаштардан ғажайып бақ салынды. Смецкой өзінің сүйіктісі күн сайын терезеден сыртқа қарағанда өзін күтетін осыншама әдемі әлемді көргенін қалаған.
Міне, кінәздің жарына деген осындай таза және күшті махаббаты өлімді жеңіп шықты. Сүйікті жары емінен жазылып, 90 жас ғұмыр кешті, тіпті кінәз Смецкойден 9 жылға артық өмір сүрген болатын.
Осындай керемет тарихы бар сарай уақыт өте келе құрт ауруымен ауыратын жандарға арналған санаторийге айналды. Санаторийде электрондық лифт, сумен көрсетілетін емдік шаралар, емделушілерге ингаляторлар, үлкен асхана, спектакльдер мен мейрамдық іс-шаралар өтетін зал, арнайы демалу орындары, су жүйесі, телефон, пошта қызметі және экипаждар болды.
Кінәз осыдан кейін де бірнеше санаторийлер салдырды. Ол ешқашан өзінің жеке пайдасын ойлаған емес. Тек қана Абхазияның ерекше табиғатының тұрғындарға пайдалы болуын қалады.
Ол кезде Ресей империясымен тығыз байланыста болғандықтан, Смецкой санаторийдің бірін Мәскеу қалалық Думасына сыйлауды жөн көрген болатын. Бірақ санаторийдің 30% орынын Мәскеу қаласынан тыс жерде тұратын, емделуге шамасы келмейтін жандарды емдеуге жұмсағысы келетінін айтты. Олардың діні және ұлты, өмірге көзқарасы маңызды емес екенін айтты. Алғашқыда ұсынысты қабыл алған олар, санаторийдің шығынын білген кезде келісім шарттан бас тартқан болатын.
Кінәз Смецкойдің басқалардан ерекшелігі – ол ешқашан өзінің туған жерінен алысқа кеткен емес. Қанша қиын уақыттар өтсе де, өмірінің соңында бар дүниесін мемлекет пайдасына тапсырып, өзі көне үйдің бір бөлмесінде ажал құшты. Ал жары өмірінің соңында жағажайда бәліш сатумен айналысты.
Керемет тарихты, қаншама оқиғаларды бастан кешкен сарай қазіргі күнде апатты жағдайда қараусыз қалған.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
14 қаңтар 2023 ж. 789 0