Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен Қозының сезімін қайталайын, сен Баянның бүгінгі бейнесі бол

Мен Қозының сезімін қайталайын, сен Баянның бүгінгі бейнесі бол

Бүгінгі күні ортамызға шетелден келген Әулие Валентин күнін емес, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін тағатсыз күтетін жастар саны жыл сайын артып келеді. Иә, елімізде бұл мереке әрдайым 15 сәуір күні аталып өтетіні белгілі. Махаббат символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін алғаш рет 1999 жылғы Парламент мәжілісінің депутаты, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Қоғам қайраткерінің бұл ойы көп көңілінен шыққан болатын.
Қазақ әдебиеті мен тарихында тағдыры бір арнаға тоғыспаған, шынайы ғашықтар символдары жетерлік. Атап айтар болсақ, Қыз Жібек – Төлеген, Еңлік – Кебек, Қозы Көрпеш – Баян сұлу секілді ғашықтар.  Кешеден бүгінгі күнге дейін аңыз болып келген бұл ғашықтар махаббаттың бар екенін, сондай-ақ ол әр адамның басына қона беретін бақ құсы емес екенін көрсетеді.
Әдебиетіміздің әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры кейіпкерлер арасындағы таза махаббат пен шынайы сезімді оқырман көз алдына суреттеп береді. Сонымен бірге бұл ғашықтар шамамен ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Сарыбай мен Қарабайдың перзенттері еді.
Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құда болуға сөз байласады. Сол уақытта аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласының қызығына жете алмай дүниеден өтеді. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен, бір-біріне ғашық болады. Қызы есейе келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатуды жоспарлайды. Қос ғашықтың ажырауына себепші болған Қодар айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Күні-түні ұйықтамай қайғыдан көз ашпаған Баян өш алу үшін қулыққа кіріседі. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды. Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап көз жұмады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Баян сұлу ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды. Айналасындағы көреалмаушылық пен байлыққұмарлыққа, ашу-ыза мен кек алу сынды қатыгез әрекеттер алдында қос жүрек иелері өмірінің соңына дейін өшпес сезімдерін сақтай білді.
1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кинокартинасы қалың көпшілікке жол тартқан еді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесі де орнатылған.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бөлек жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз бен жары Халима Өзақанованың өзіндік махаббат жырлары да сөз етіледі. «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ жұрты арасындағы шынайы ғашық бола білген әр пенденің сүйіп оқитын шығармасының бірі екені анық. Туындыдағы махаббат оқиғасы мен кейіпкерлер арасындағы шынайы  сезім мен бастан кешкен қиындықтары оқырман көңіліне қаяу салары анық. Шынында, Ерболдың Меңтайға деген сыйластығы мен махаббаты бір бөлек. Иә, әдебиетімізде шоқтығы биік ақын-жазушылар арасында махаббатты сөз етпеген жан жоқ шығар.  Соның ішінде осы тақырып аясында біршама қалам тербеген Мұқағали Мақатаев атамыз емес пе?! Мұқағали атамыздың да махаббат туралы өлеңдері әрбір ғашық жанның көкейінде сайрап тұрғаны анық.
Қазіргі жастар арасында бұл мереке дәстүрге айналғаны көпті қуантады. Жер-Анамыз гүлденіп, ағаштар бүршік жарып, көктемнің шырайлы күндерінде тойлағанымыз дұрыс-ақ. Иә, көктем – барша адамзат баласы үшін сезім мен шабыттың, бір сөзбен айтқанда махаббат синониміне ұқсас мезгіл.

А. НҰРЛАНОВА
15 сәуір 2022 ж. 781 0