Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қырық мың балаға кіндік шеше

Қырық мың балаға кіндік шеше

Әрбір саланың халыққа, жұртшылыққа есімі белгілі, танымал майталмандары бола­ды. Көпшіліктің оларға деген құрметі әрқашанда ерекше. Ол­ар туралы барлық жерде жақсы сөздер, жылы лебіздер айтылып, кейде аңызға айналдырып жібе­ріп те жатады. Алайда абырой биігіне көтерілген осы бір ел құрметтілері өмірде қарапайым, тіпті өздерін жұрттан ерекше етіп көрсетуге де тырыспайды. Өз ма­мандығын, өз ісін жетік, өте жақсы білгендіктен де әлгіндей биік мәртебеге көтеріліп жүр. Аудандық перзентханада қыр­ық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан акушер-гинеколог, ал­тын қолды дәрігер Айткүл Әб­шүкірқызы Ілиясова осындай жандардың санатынан. Ол адам жанының арашасы болатын мамандық иелерінің қатарында ауызға алғаш ілінетіндердің бірі. Жылдар бойғы адал еңбегі оны осындай биікке көтеріп отыр.
Айткүл – көне қала, қазақ жұртының киелі аймақтарының бірі Тараз қаласының қызы. Әкесі Әбшүкір Әлжанұлы қара­пайым теміржолшы-машинист болып еңбек етті. Анасы Қалби­бі Исақызы түрлі жұмыстар іс­теп, тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-өндірді. Кішкентай­лар­ы­нан ерінбей еңбек етуге баулып, жауапкершілікке тәрбиеледі. Үйдегі тоғыз баланың үлкені Айткүл Тараздағы №322 темір­жол мектебінен жақсы білім ал­ып, арман желкенін денсаулық саласының маманы болуға бұр­­ып, сонау шығыстағы киелі қала – Семейдегі мединституттың табалдырығын аттады. Бұл 1967 жыл болатын. Әрине ең бір қи­ын да қызғылықты саланың ма­маны болу оңай емес. Алайда Айткүл топ жарып, үнемі үздік­тер санатынан табылып жүрді. Жақсы оқу, тиянақты білім алу  болашақ мамандығының берік іргетасы болатынын сезіне білді. Айткүл оқитын топтағы қырық студенттің отыз бесі жігіт, бесеуі ғана қыз болатын. Солардың ішінде аралдық жігіт Сатыбалды (Самат) ерекше көрінетін. Ірі, палуан денелі, ұзын бойлы, аз сөйлесе де саз сөйлейтін, әзілге жүйрік осы бір аралдық жігіт болашақ өмірдегі жары бола­тын­дығын әп дегеннен балғын жүрегі білдіргендей болды. Бір қызығы, бірінші курсты аяқта­ған жылы сол кездегі әдетпен құрылыс отрядына жіберілген. Олар атақты Аягөз өңіріндегі махаббат символы Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесінен отыз шақ­ырым жердегі малды ауылға жіб­ерілген. Жастықтың жалынды жігерімен кеңшардың түрлі жұм­ыстарында жаздың аптабына қа­ра­май, маңдай терлерін сылып тас­тап істеп жүрген қыздар мен жігіттер бір күні құрылыс отряд­ының командирі Сатыбалды Ілия­совтың ұсынысымен қолдары босаған демалыс күні Қозы Көрпеш-Баян сұлу бейітінің басына барды. Алайда тасыған көңілдері су сепкендей басылды. Күллі қа­заққа аты мәлім кесененің адам көрерлік жері жоқ екен. Қараусыз қалған. Күтімсіздіктен тоза бас­таған. Айналасы толған лас-қоқыс. Мұны көрген жас қыз-жігіт­тердің жүректері шаншып кеткен­дей болды. Топ басшысы Сәкең: "Мына кесененің айналасын қал­ай болғанда да дұрыстауымыз кер­ек" деп шешімін айтқан. Жас­тар ду етіп бірауыздан қолдай кетті. Сөйтіп бірнеше күн бойы бел жазбастан кірісіп, Қозы Көрпеш-Баян сұлу бейітінің айналасын, іші-сыртын тазалап, мұнтаздай қал­ыпқа келтірді. Студенттер өздері­нің істеген осынау шарасына көң­ілдері толып, бәрінің де көздерінде от ойнаған.  Сатыбалды мен Айт­күл ғашықтар белгісі алдында қол ұстасып суретке де түсті.
Дала жастарының махаббат символы Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың асыл сезімдерінің шара­паты болар, сол жылы жиырма жастағы аралдық арда жігіт Саты­балды мен тараздық ару Айткүл бас қосып, өздерінің жас отауларының шаңырағын көтергені де өз алдына қызықты бір әңгіме.
Арал теңізінің жағалауындағы Бөген ауылы ол кезде алыс бір түкпір саналатын. Жандарында жиырма шақты студент бар екі ғашық әуелі Арал қаласына жетіп, одан әрі ақ толқыны ас­пан­ға атқылап жат­қан теңізде жездесі Көптілеу Серікбаев капитандық ететін "Равшан" кемесімен Бөгенге жол тартқан. Алғаш рет айдынды Арал өңіріне аяқ бас­қан Айткүл болашақ бүкіл өмірінің осы елдің халқымен біте қайнасып кететінін сезген де жоқ еді.
1973 жылы оқу бітірген қос жас ма­ман әуелі Қызылорда қаласында интерна­ту­радан өтті. Сөйтіп бір жылдан соң Айткүл акушер-гинеколог, Сатыбалды хирург мамандығын толық меңгеріп, Арал аудандық денсаулық сақтау бөліміне жол­дама алды. Айткүл Әбшүкірқызы әуелі Арал аудандық перзентхана­сында дәрігер болып еңбек жолын бастады. Өмірге әрбір сәбидің келуі үлкен қиындықтардан тұра­тындығын жай адамның өзі де біл­еді. Ал дәрігерлер үшін небір тос­ын жағдайлар кездесіп жатады. Екі адамның – ана мен баланың өмірі қыл үстінде тұратындығы да шын­дық. Сондай сәттерде әрбір аку­шер-гинеколог өзінің біліктілігін, дұрыс шешім қабылдай білу қабілетін көрсетеді. Ол жылдары осы салада Аралда екі-ақ жоғары білімді дәрігер болатын. Ол – перзентхана басшысы Болат Әлсей­ітов пен тамаша маман дәрігер Валентина Евгеньевна Пак. Айт­күл Аралға алғаш қызметке келген жылдары болашақ үлкен маман­дар Фариза Мыңғышпанова, На­батхан Ташканова да осы ден­саулық мекемесіне жұмысқа ор­на­ласқан. Ашылғанына бір-жар жыл ғана болған 70 төсектік пер­зентхана үйі сол жылы еңселі де биік көрінетін. Жас маман әп дегеннен халықтың құрметіне де ие болды, денсаулық сақтау бас­шы­ларының да көзіне түсті. Ау­дандық денсаулық бөлімінің бас­шысы Зәуір Ма­хатов деген керемет, біртуар жан болатын. Жылы жүректі, көңілі дарқан даладай кең, жастарды әрқашан қолдауға, демеуге асы­ғып тұратын, ағалық ақылын айт­ып отыратын Зәуір Әбдірахманұлы жас дәрігерлерге риза болатындығы сондай, тәмам жұрттың көзінше: "Айткүл, Фариза, Набат­хан – менің импортный келіндерім. Бұларға жететін ешкім жоқ" деп көтере мадақ айтып отыратын. Бұлай дейтін себебі аралдық азаматтарға тұрмысқа шыққан Фариза Түркістандікі, Набатхан болса Қырғызстаннан, Айткүл Жамбыл жақтан. Басшының дем­еу сөзі олардың әрі қарай нәтижелі жұмыс істеуіне, қызметтік саты­ларда жоғарылауына жол ашқан ақ батадай болды.
Еселі еңбегі, білім-білігі еленген дәрігер Айткүл Әбшүкірқызы сол жылы-ақ аудандық әйелдер кон­сультациясының меңгерушілігіне жоғарылатылды. Ал 1982 жылы пер­зентхананың бас дәрігері бол­ып тағайындалды. Әрине осынау қиын салада басшылық қызмет атқару айтар ауызға ғана оңай болар.  Аудандағы босанатын әй­ел­дердің мүмкіншілігін арттыру мақсатында жоғарыдағыларға жағдай айта жүріп, перзентхананы 100 төсектік орынға жеткізді. Және де сол 70-80 жылдары ауданда туу көрсеткіші өте жоғары болды. Әр­бір үйде ондаған балаға дейін бола­тын кез ғой. Жылына перзентханада 3000-4000 әйел боса­на­ды. Оның үстіне қаланың сырт­ын­дағы ауылдық жерлерде, малды мекендерде, балықшы ауылдарда аяқасты басталатын жедел толғақ­тар үнемі болып тұрады. Оларға мүмкіндігі бар кезде ұшақпен, жазды күндері арнайы көліктер­мен, ал енді кейбір кездері самос­вал машинамен, жол болмай қал­ған жағдайда ат шанамен жеткен кездері болды. Бір қақаған қысы қатты болған жылы тіпті әскери­лерден көмек сұрап БТР-мен бар­ған күндер де болған. Сөйтіп, аудандық перзентхананың дәр­ігерлері, аяжандары арқасында қаншама сәбилер аман-есен дүни­еге келіп жатты. Ал енді ауыр хал­дегілерін қалаға жекізіп, оталар жүр­іп жататын. Сол ерен еңбектің иелері, белгілі акушер-гинеколог­тар Қанымша Көлбаева, Қымбат Тәжиева, Дина Қожаниязова, Лиза Елеусізова, балалар дәрігері Бақыткүл Нұрманованың әр­бір күні осындай қиындықтарға толы болатын. Сондай асыл аза­маттардың бірі анестезиолог-реаниматолог Махмут Бекетов болатын. Ауданның осы саладағы жалғыз маманы сол кездегі. Шаршадым деп айтпайтын және бар­лығына үлгеріп жүретін. Бір кездері босанатын әйелді ауданға жет­­кізуге мүмкіншілік болмаған жағдайда ауылдық ауруханаларда да оталар жасалған күндер де өткен. Білікті дәрігерлердің жанында аға аяжан Үржан Өтегенова, медбикелер Роза Ибатулина, Гал­ина Агишева, Гүлмира Жұбана­зарова, Жұмагүл Әлсейітова, Мадина Құрманәлиева, Ақжа­най Дәрібаева білек сыбана кірісіп, қолғанат болып жүретін.
Айткүл басшылық еткен жыл­дары аудандық перзентхана сол кезде еліміз көлемінде өткі­зіліп тұратын "Балаға күлімдеп қарайтын перзентхана" атты республикалық байқауда оза шау­ып, жеңімпаз атанған. Бұл бүкіл ұжымның нәтижелі жұмы­сы­ның жемісі, осындағы ақ хал­ат­ты абзал жандардың мерейі еді.
Иә, белгілі дәрігер, КСРО ден­саулық саласының үздігі Айткүл Әбшүкірқызы Ілиясованың ең­бегі жеміссіз емес. Осы саланың жоғарғы органдарынан алған Алғыс хаттары бұл күндері үйі­нің төрінде тұр. Сол құрмет қағаздарына қарап, жетпіс жас­тың биігіне шыққан асыл ана Айткүл өзінің өмір жолына шүк­іршілік етеді. Жан жолдасы, өмірлік серігі, ауданымызға тан­ымал дәрігер Сатыбалды (Самат) Ілиясов екеуі екі ұл, бір қыз тәр­биелеп өсірді. Жоғарғы білім алып, олар да бүгінде еңбек етіп жүр. Бір-бір шаңырақ иесі. Не­мерелерінің алды азамат болып, шөбересінің қолынан су ішкен жағдайлары бар.
Өзара сұхбат-әңгіме барыс­ын­­да дәрігер Айткүл Әбшүкір­қызынан:
 – Осы күнге дейін дүниеге ің­гәлап келген қанша баланың кіндік шешесі атандыңыз,– деп сұрадым. Ол болса ойланбастан-ақ:
 – Қырық жыл дәрігер болдым. Жылына шамамен мың бала­ның дүниеге аман-есен келуіне дәрігерлік міндетімді атқарсам, сонда қанша болады?– деп қайта­ра сұрақ қойды.
 – Әрине, қырық мың! Арал қаласының халқындай екен-ау! Сонша баланы жарық дүниеге қабылдап, кіндік шеше атанып­сыз. Не деген бақыт! –дедім мен. Өмір жолын көз алдына елестетіп отырған дәрігер ана менің сөзімді растағандай ризашылықпен күлімдей басын изеді. Акушер-гинеколог мамандығын алып, ұзақ жыл бойы алғаусыз ең­бек еткен дәрігер үшін осының өзі еңбегінің нағыз жемісі емес пе.
Міне, жылы жүректі дәрігер, ақ халатты абзал жан Айткүл Әбшүкірқызы осындай жан.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
18 маусым 2021 ж. 919 0