Аяжандар еңбегін ел біледі

Расында, құрметке лайық жандарға әлем халқының да құрметі ерекше. Оған бір дәлел ретінде бүгінгі күнді айтсақ болады. 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Мереке күні халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өмірі мен қызметі жайлы сыр шертуді жөн көрдік. Еліміздің қай шетінде болмасын халыққа тәулік бойы қызмет етуге аянбай, елдің медицина саласына үлес қосып жүрген мейірбикелер өте көп. Солардың бірі – Кенжегүл Кенжебаева.
Кенжегүл Кенжебаева 1975 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Жастайынан ақ халат киіп, халықтың алғысын алуды армандап өскен ол медицина саласы қызметкерлеріне қажетті барлық қасиетті, болмысты бойына жинай білді. Жанындағы адаммен жайдары сөйлесіп, емделушінің жанын сөзбен де, жылы мейірімімен де емдей алатын ерекше мінезге ие болды. Бала күнгі арманын мақсатқа айналдыра білген кейіпкеріміз мектеп бітірген соң Байқоңыр қаласындағы Ленинск медициналық училищесіне оқуға түсіп, өзі армандаған мамандықтың иесі болып шығады. Он бес жыл медицина саласында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Кенжегүл бүгінде "Байтұрсынов" ауылдық емханасының егу аяжаны.
Тағы бір айта кетерлігі, талай баланың денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарап, көптеген науқастың аяғына тұруына себепкер болған кейіпкеріміз қазіргі уақытта халыққа коронавирус індетіне қарсы екпе салып келеді. Ауданымызда алғашқы рет биыл 9 наурызда вакцина алу шарасы басталды. Сол күннен бері халықтың денсаулығы үшін тынымсыз еңбек атқарып келе жатқан кейіпкеріміз уақытпен санаспай, аралдықтардың дені сау болу үшін қызметтік борышын адал атқаруда.
Кенжегүл Кенжебаева:
– Эпидахуал қиын жағдайда халықтың қиналғанын көрдік. Былтыр осы сырқаттың салдарынан қаншама адам жақындарынан көз жазып қалды. Алдағы уақытта ондай қиындықтың болғанын халық та, біз де қаламаймыз. Сондықтан мойнымызда асқан жауапкершілік тұрғанын жете сезінемін. Елдің амандығы, игілігі үшін аянбай еңбек етуге міндеттіміз, – дейді.
Кенжегүл Кенжебаева білікті маман, қолы шипалы медбике ғана емес, бір шаңырақтың ұйытқысы, сүйікті жан, аяулы ана болып отыр. Отбасы мен қызметті қатар қоя білген оның еңбектегі жолы, адалдығы ананың мейірімін, тәрбиесін көрген үш баласына да үлкен мектеп десек болатындай. Оған төмендегі сөзіміз айқын дәлел бола алады. Олай дейтін себебім, бүгінде 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған жанның шаңырағында болашақ дәрігерлер өсіп келеді. Үлкен қызы мен ұлы Ақтөбе қаласында М.Оспанов атындағы медицина университетінде білім алуда. Ал кенже қызы биыл орта мектепті бітіреді.
Халықтың батасын алған медбикеге мереке қарсаңында табысты еңбек тілей отырып, өнегелі отбасы болсын демекпіз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ