Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медбикелердің еңбегі ерен

Медбикелердің еңбегі ерен

Медицина саласы қызметкерге мол жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, қазіргі әлемді жайлаған індеттің белең алып тұрған шағында осы салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Мұны өзім де медбике болған соң айтып тұрған жоқпын. Бұны бүгінгі қоғам мойындады. Медицина саласы қызметкерлерінің еңбегін ел жақсы түсінді.
Мен аудандық жедел жәрдем бөліміне диспетчер болып жұмыс жасағаныма 40 жыл болды. Медицина саласына бала кезден құмар болып өстім. Ауылдағы дәрігерлердің екпе салғанына қарап қызғатынмын. Балалық арманмен Түркістан қаласындағы медицина мамандарын дайындайтын оқу орнына оқуға түстім. 1981 жылы осы кызметке орналасып, содан бері бір жерде бел жазбай жұмыс жасап келемін.
Қазір елдегі ғана емес, әлемдегі ахуал жақсы емес. Бұл біздің салада еңбек етіп жатқан жандарға жауапкершілік пен ауыртпашылық жүктеді. Әсіресе ауру әр кезеңде өршіген шақта халықтан күн сайын жүздеген қоңырау келіп түседі. Менің жұмысым – қоңырауларды қабылдап алып, дәрігерлердің науқас адамға уақытылы баруын қадағалау.
Әрине жұмыстың оңайы болмайды. Бірақ күн сайын науқастармен жүздесіп, әр түрлі ауруға шалдыққан, дертіне дауа іздеген жандарға алғаш көмек көрсету менің әріптестеріме жүктелген. Олар дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзбен де адам жанын жұбатады. Жедел жәрдем қызметінің жұмысы қай кезде де қайнап жататын. Қазір тіпті әріптестеріміз күні бойы жедел жәрдем көлігінде уақыты өтіп, бір-бірімен көріспей де жатады. Уақытпен санаспай, халық саулығы үшін қызмет етіп жүрген жандардың кейде жұмыс аяғында түрінен шаршаңқылық байқаймын. Ол да заңдылық шығар. Ауыр қорғаныш киімдерін киіп, бүркеніп жүруге мәжбүр. Бірақ олар ешқашан бұл кейіптерін басқаларға байқатқысы келмейді. Соның ішінде дәрігерлермен қатарласып, табанды еңбек етіп жүрген медбикелердің еңбегі ерен. Олар өздеріне жүкетелген жауапкершілікті жақсы сезінеді. Және қызметін адал атқарып келеді.
Медбикелердің еңбегін күнделікті көзбен көріп отырғандықтан, олар басынан өткеріп жатқан барлық жағдайға қанықпын. Сондықтан төл мереке қарсаңында әріптестерімнің еңбегін бағалап, халыққа насихаттауды жөн көрдім. Жалпы, медицина саласының қызметкерлері сындарлы шақта сынбаған, мамандығын адал атқаратын жандар екендігін сеніммен айта аламын.

Ақжарқын КЕНЖЕБАЕВА,
аудандық жедел жәрдем бөлімінің диспетчері
12 мамыр 2021 ж. 552 0