Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр медицинасының үздігі» атанды

«Сыр медицинасының үздігі» атанды

Оның бала кезден арманы асқақ, мақсаты биік болды. Зеректігі мен ізденімпаздығы өз алдына, тірлігі мығым жан ойға алған жоспарын орындамай тынбайтын. Сөз маржанын терген журналист болуды армандады. Бірақ халық жанына дауа болатын медицина саласын таңдады. Содан бері талай жыл аталған салада еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысына шықты. Біз фельдшер-нарколог Әбілғазы Ташауов жайлы айтпақпыз. 

Қарақұм ауылындағы орта мектепті 1975 жылы бітірген Әбілғазы Ташауов өзінің білімін жетілдіріп, мамандық алуды бірінші орынға қойды. Сөйтіп Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсті. Бірінші курсты бітірген соң, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. Әскерден келген соң, оқуын әрі қарай жалғастырды. Осылайша 1981 жылы дипломды жас маман аудандық ауруханаға жұмысқа қабылданды.
– Қазір осы салада жұмыс істегеніме 40 жылдан артық уақыт өтіпті. Бұл жылдарда менің еңбегім жатыр. Менің жұмыс істейтін салам күрделі әрі қоғам өмірінің қалыпты болуы үшін аса маңызды. Яғни адасқан тағдырларға дұрыс жол нұсқау, олардың отбасын сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіруге күш салу. Біреуге оңай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ішкілікке немесе өзге де зиянды әдеттерге әуес тентектерді түзету оңай шаруа емес,– деген Ә.Саудаұлы өзінің жұмысы туралы айтты.
Расымен де, бүгінгі қоғамдағы аса өзекті мәселенің бірі де – осы. Зиянды әдеттерге жақын жандар өзін де, отбасын да әбігерге салып отыр. Осындай адасқан тағдырлы жандарға дұрыс жол көрсетіп, олардың емделіп, жақсы адам болуы үшін жұмыс істейтін Әбілғазы аға осы қызметке келгелі бері талай ауқымды істер атқарылғанын айтты.
– Аудандағы мектептерде наркопосттар ашылды. Бұл өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау үшін аса қажет болды.  Біз ішкі істер органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Кейбір азаматтар емделгісі келмейді. Оларды мәжбүрлі түрде сот арқылы емделуге жібереміз. Соның арқасында көп адамның қалыпты өмірге оралуына  себепші  болдық, –деді ол.
Қырық жылдан аса медицинадағы осы күрделі саланың жүгін жалғыз көтерген қызметкер ешқашан жұмыстың қиындығына мойыған емес. Қайта адамдарға көмектесіп, қоғамның түзелуіне үлес қосқаны үшін бақытты. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Республика, облыс, аудан басшылығы тарапынан талай мәрте марапат төріне көтерілді. Жуырда «Сыр медицинасының үздігі» медалімен марапатталды.
– Медицинаның қай саласы да оңай емес. Өйткені біз жанына дауа, дертіне шипа іздеген жандарға көмек қолын созуды өзімізге міндеттеп алғанбыз. Тіпті қазіргі ахуалға қарасақ, ақ халатты абзал жандар ерлік істер атқаруда. Біз таңдаған мамандықтың түпкі мәні де осында. Жұмыс барысында талай адамдармен жүздестім. Көп қиындықтар болды. Бірақ ешқашан мұндай өткінші мәселеге бас қатырған емеспін. Мұндайда өзім тікелей араласып, бүгінде өмірден өз орнын тауып, жақсы жолға түскен адамдарға қарап, еңбегімнің нәтижесін көргендей боламын, – деді Ә.Ташауов.
Өзгелердің салауатты өмір салтын ұстанып, отбасының мызғымас татулығын сақтауды насихаттап, талай жыл табанды еңбек еткен Әбілғазы аға күні кеше ғана құрметті зейнет демалысына шықты. Қазір немерелерінің жанында талай жылғы еңбегінің жемісін көріп, отбасылық бақытқа кенеліп отыр. 
Н. Марат
12 желтоқсан 2020 ж. 570 0