Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мамандық таңдаудан қателескен жоқпын»

«Мамандық таңдаудан қателескен жоқпын»

Халықтың алғысына бөлінген фельдшер Аралбай Еламановтың 30 жылдық еңбек өтілі бар.
Ол Қызылорда медицина училищесінің  фельдшер мамандығын бітірген. Жас маман алғашқы еңбек жолын 1991 жылы Арал ауданының Аманөткел ауылдық ауруханасынан бастады.
Онда білікті мамандардан тәлім алып, тәжірибесін шыңдайды. Науқастарға алғашқы көмек көрсету,  ем-дом тағайындау, арнайы тексеруден өткізу жұмыс­тарын атқарды. Алдына келген науқасқа дұрыс диагноз қою маңызды. Сондықтан ол ісіне жауапкершілікпен қарады. Маманның әр күні қарбаласқа толы. Емделушіні есепке алу, бақылауда ұстау, ұдайы тексерулерден өткізіп, жағдайын біліп тұру, тегін дәрі-дәрмекпен қамту – негізгі жұмысы.
Ауылдық ауруханада жүріп, біраз шыңдалған ол 1993 жылы Қа­мыс­тыбас дәрігерлік амбулаториясына ауысты. Фельдшер бұл ортаға да тез тө­селді.  Әріптестерімен бір­лесіп, талай жан­ның өміріне араша түсті. «Біздің еңбекке араласқан уақы­тымыз қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Көлік жоқ. Қолда жарық­шам. Түнделетіп науқасқа барамыз. Жүрек талмасы ұстаған адамды шанамен ауруханаға жеткізген күн­дер де болды. Талай ұйқысыз түндер өтті. Науқастың жағдайын ойлағанда түн ұйқымыз төрт бөлінетін»  дейді дәрі­гер. Қиыншылыққа мойымаған азамат ма­мандығы мен антына адал қызмет етті.
Ізінен ерген жас дәрігерлерге білген-түйгенін үйретіп келеді. Содан болар, жастар  жанына құмар.  Шақыртуларға бірге барып, практикалық жағынан  үйреніп жүр. Дәрігер ауылдағы егде адамдарға үйіне барып, қызмет көрсетеді. Қолы алтын маманды ел мақтан тұтады. Оның еңбекқорлығы мен біліктілігін жоғары бағалайды.
– Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын.  Бұл саланы жаным қалады. Адам жанының арашасына айналған дәрігерлерге артылған жүк салмақты. Бізде бәрінен бұрын жауапкершілік жоғары тұрады. Өйткені, адам өмірі мен қауіпсіздігі маңызды. Алғаш жұмысқа келгенде медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер тапшы еді. Бірақ, бұл мәселе біздің жұмыс жасаумызға кедергі болмады. Қазір, шүкір. Медицина саласы жақсы дамып келеді. Жағдай жасалған. Құралдар жеткілікті. Ауылдық жерлердің бәрін­де заманауи құрал-жабдықтармен жа­сақталған амбулатория  жұмыс істейді. Осы тұрғыда денсаулық саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жаңалықтар бізді қуантады, – деді фельдшер. 
Күндіз-түні еңбектенуге машық­танған дәрігер түн ортасында түскен шақыртуларға да дер кезінде жетеді. Науқастың жағдайына қарап алғашқы көмек көрсетеді. Кейбір ауруы күрделі жандарды облыс орталығына жөнелтеді.
Бүгінде талай жылдық тәжіри­бесі бар маманның жеткен жетістігі аз емес. Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­­сының «Алғыс хатын» ием­денді.  Қоғамдық жұ­мыс­тарға да белсене қатысып, аудандық аурухана басшылығы тарапынан түрлі марапатқа ұсынылды. Сондай-ақ облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған «Тұлға» айдарының таңдаулы кейіпкері атанды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
18 маусым 2020 ж. 622 0