Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұрт Жанарды жиі іздейді

Жұрт Жанарды жиі іздейді

Аққұба өңді, жылы жүзді, ширақ қимылды әдемі келіншекке ақ халаты жараса қалған. Күлімсіреген қалпынан бір танбайтын Жанардың бойында фельдшерге тән  ұстамдылық, шыдамдылық пен жылдамдық, жаңалыққа құмарлық, күрделі жағдайда тез шешім қабылдай білу сияқты қасиеттердің бәрі бар.
Л. Қожан

Еңбек жолын Жезқазған қаласындағы жедел жәрдем бөлімінде тазалықшы болудан бастаған Жанар Ықыласқызы денсаулық сақтау қызметкерлерінің күнделікті жұмысы көріп-біліп, әрі науқасына ем іздеп келген адамдардың қас-қабағына қарайлай жүріп, аз да болса тәжірибе жинақтаған соң медучилищеде білім алады.
Ол 1995 жылдан бастап жиырма жылға жуық уақыт «Көкаша» елді мекенінде фельдшер болып еңбек етті. 90 жылдар денсаулық сақтау саласында  барлық медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ болғаны белгілі. Дәрігерлер мен медбикелердің көбісі табыс көзі жақсы жерлерге кетіп жатты. Бірнеше айлап жалақы алмай жұмыс істеген жылдары Жанардың аяқ астынан ауырып қалған жас балаларды талай рет қалтасын қағып, аудан орталығына апарған кездері жиі болды.
Қай мамандықтың болсын өзіндік қызығы мен қиыншылығы болады. Фельдшерлік жұмысының алғашқы жылында мал ауылдан аяғы ауыр келіншектің қиналып жатқаны туралы хабар келеді. Жетуін жеткенмен, ауыр халдегі адамға алғаш рет дәрігерлік көмек көрсетуіне тура келеді. Адам тағдыры қыл үстінде тұрғанда батыл шешім қабылдап, ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін жалғыз өзі бірнеше сағат бойы күресті. Сол бала бүгінде үлкен азамат, Астана қаласында тұрады.
Жанардың еңбек жолы одан соң Қарақұм дәрігерлік амбулаториясында жалғасты. Келушілерді қабылдау мен шақыртуларға дер кезінде барып, ауру түрлеріне қарай шұғыл көмек көрсету, мал ауылдарды аралау, сондай-ақ науқастарға тиімді емдеу жүйесі бойынша ашылған күндізгі бөлімде ем алушыларға қалыпты жағдай жасау секілді біліктілік пен тиянақтылықты, зор жауапкершілікті талап ететін жұмыстардың бәрін мүлтіксіз істеп келе жатқан Жанардың қызметіне ауыл халқы риза.
– Міне, күндізгі емдеу бөлімінде ауыл тұрғындарының аудан орталығындағы ауруханаларға сабылмай-ақ, қажетті ем-домдарын алуына барлық жағдай жасалған. Оның үстіне ол қызметтер тегін. Осындай жайлы да таза орында денсаулығы сыр берген жандардың қажетті ем алуы үшін қалтқысыз еңбек етіп жатқан фельдшер Жанар Жұмабаеваға алғысымыз шексіз, – дейді ем алушылардың атынан ауыл тұрғыны К.Жарқынбаева.
Ісіне тиянақты абзал жан – өсіп-өнген әулеттің келіні, үш ұл тәрбиелеп отырған ардақты ана. Үлкен ұлы – шахтер, темір жол мамандығы бойынша білім алып жатқан ортаншы ұлы «әскерге бару – міндетім» деп Отан алдындағы борышын өтеуде. Ал кенжесі – қолқанаты.
...Елгезек әрі еңбекқор, жүзі де, сөзі де жылы фельдшердің демалыс күндері де, мезгілдің қай уағында болсын қолына қобдишасын ұстаған қалпы шақырту алған жеріне қарай асыға басып бара жатқанын жиі көресіз. Өйткені Қарақұм халқы «қолы жеңіл» Жанарды жиі іздейді.
08 наурыз 2020 ж. 444 0