Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отарба тізгіндеген отбасы

Отарба тізгіндеген отбасы

Тоғыз жолдың торабы – Сексеуіл кентіндегі темір жол бекетінде талай адам қызмет етті. Тіпті бір отбасының шежіресі атадан балаға жалғасқан теміржолшылар династиясынан тұрады. Олар ұрпағымен сабақтасқан салада абыройлы қызмет етті. Сондай өнегелі отбасының бірі – Ибрагимовтер отбасы.  Сексеуіл локомотив пайдалану депосында 1977 жылы қызмет жолын бастаған Жақсат ағамыз бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан. Ол өзінің қызмет еткен жылдарында әртүрлі сатыға көтеріліп, «Құрметті теміржолшы» атағын алды. Бүгінде қос бірдей ұлы да әке жолын жалғап, темір жолда жұмыс істеп жүр.
Арал ауданына қарасты Тастүбек елді мекенінде балықшылықты кәсіп еткен отбасында дүниеге келген Жақсат ағамыз ол кезде пойыз жүргіземін  деп әсте ойламаса керек. Тек мектеп қабырғасында жүрген 4-сыныпта ғана ол темір жол мен пойызды өз көзімен көрді. Сол шақтан бастап бала көңілде осы салаға деген ерекше қызығушылық туды. Мектеп  бітіріп, әскери борышын өтеп келген Жақсат Ибрагимов 1977 жылы локомотив пайдалану депосы жанындағы машинист көмекшілерін дайындайтын курсты бітірген соң, бірден жұмысқа орналасады. 
– Мені алғаш келген күннен бастап ұжымдастарым құшақ жая қарсы алды. Соның арқасында өз жұмысыма бірден кірісіп, тез үйреніп кеттім. Машинистің көмекшісі болып жүріп екі жылдан соң, Қазалыдағы техникалық мектепте тепловоз машинисі курсын оқыдым. Сөйтіп 1982 жылдан бастап пойыз жүргізуші болып еңбек ете бастадым.
Мамандығына адал Жақсат Ибрагимов жерге қаратқан жоқ, өндірістік көрсеткіштерін үнемі жоғары ұстап, салалық жарыстардың бірнеше рет жеңімпазы атанды. Басшылар тарапынан еңбегіне лайықты мақтаулар мен марапатқа да ие болды. Марапаттың ең үлкенін бертін келе, ширек ғасырдай уақыт өткенде алды. 2007 жылы «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының ұйғарымымен «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін кеудесіне тақты.
– Жұбайым Сұлушаш екеуміз бес баланы өмірге алып келдік. Балаларым да менің ізімді қуып, темір жол саласына жұмысқа тұрып, бүгінде өздеріне ұнаған мамандықтары бойынша еңбек етуде, – дейді машинист Жақсат Ибрагимов.
Үлкен ұлы Асылбек пен екінші ұлы Асылхан машинист болып жұмыс істеуде.  Әке жолын жалғаған қос ұлдың да бүгін мерейі үстем.
– Біз бала кезден әкеміздің жұмысының қыр-сырымен қанық болып өстік. Кейіннен мектеп бітірген соң, біздің алдымызда бір ғана мақсат тұрды, ол – әкеміз сияқты теміржолшы болу еді. Осылай ең бірінші ағам Асылбек машинист көмекшісі болып қызметке орналасты. Одан соң мен депоның инженері болып қызмет жолымды бастап, машинистке дейін сатылап көтерілдім, – дейді Асылхан.
Бір салада тұрақты қызмет етіп келе жатқан Ибрагимовтер отбасы – үлгілі жандар. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар.
05 тамыз 2020 ж. 772 0