Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық теміржолшы «100 жас есім» қатарында

Аралдық теміржолшы «100 жас есім» қатарында

Жастық жігеріңді жақсылыққа жұмса, қызметіңе адал бол. Бұл  –әке жолын жалғап, темір жол саласында абыройлы қызмет етіп жүрген Еркебұлан Бауыржанұлының өмірлік қағидасы. Ол он жылдан артық уақыт темір жол саласында абыройлы еңбек етіп, талай белестерді бағындырып жүр. Еркебұлан жақында өз саласындағы қызметкерлер арасында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауында үздік жүздіктің қатарынан табылды.
Еркебұлан – әке жолын жалғастырушы бала. Әкесі Бауыржан Аяғанов та талай жылдар темір жолда қызмет етіп, халық алғысына бөленді. Үлгілі әкенің болмысы бала Еркебұланның болашақ мамандығын қалыптастыруға себеп болды. Кішкентай күнінен темір жол саласының темірдей тәртібі, қиындығы мен жауапкершілігіне қанық болса да, өзінің болашағын осы саламен ғана байланыстырды.
– 2007 жылы Сексеуіл локомотив пайдалану депосына тепловоз жөндеуші болып еңбек жолымды бастадым. Әрі қарай жауапты қызметке ден қоя кірістім. Нәтижесінде, еңбегім ескеріліп, сатылап өсе бастадым. Ауысым шебері, инженер, аға шебер, қозғалыс қауіпсіздігі қызметінің бас маманы сынды қызметтерді атқардым. Ал бүгінде Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүрмін. Біздің сала – жауапкершілігі мол саланың бірі. Сонысымен тәртіпті де талап етеді. Күніне оңтүстік-шығыс пен солтүстік-батыстың арасын жалғаған 40-қа жуық жолаушылар және жүк пойыздары Сексеуіл кенті арқылы өтеді. Жұмысшылардың уақытылы жұмысқа келуі, сапалы киімдермен қамтылуы, Сексеуіл станциясы арқылы өтетін пойыздардың уақылы қабылдануы мен жөнелтілуі, қауіпсіздіктің сақталуы, қызметтік тәртіпті қадағалау аса жауапкершілікті қажет ететін міндетті жұмыс болып табылады. Шүкір, осы жауапты жұмыс өз нәтижесін беріп келеді,  – деп Еркебұлан өзінің бір күндік жұмысының қыр-сырына тоқталды.
Ол – ізденімпаз жас. Сонымен бірге әркез өзінің жетістігін жаңалап отырады. Оның алған мақтау қағаздары мен Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары жетерлік. Таяу күнде ғана мәртебесі тағы бір сатыға көтерілді. Темір жол саласында кызмет ететін үздік жастың қатарынан табылуы – оның еңбегінің нәтижесі.
– Алғашқыда құжаттар тапсырдым. Көп уақыт өтпей-ақ, Астанадан байқаудың арнайы комиссия мүшелері келіп, сұхбат жүргізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар көп болды. Облыс бойынша 10 адамның арасынан 5 адам іріктеліп алынды. Жеңімпаздардың ішінде өзімнің есімімді көргенде, төбем көкке жеткендей болды. Бұл – бір ғана менің жетістігім емес, жанымда қолдаушым болып жүрген жақындарым мен қызметіне жауаптылықпен қарайтын әріптестерімнің де үлкен үлесімен келген жетістік, – дейді ол.
Темір жол саласы – жастардың біте қайнасқан ордасы. Мұнда қызмет жасайтын жастар өте көп. Еркебұланың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» акционерлік коғамы жас қызметкерлерінің білімін жетілдіру мен тәжірибе алмасуына қолдау көрсетіп келеді екен. «Самұрық қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен семинар сабақтар жиі өткізіліп тұрады. Мұндай маңызды басқосуға Еркебұлан ерекше мән беріп, үздіксіз қатысып отырады.
– Менің өткенім де, бүгінім де, келешегім де темір жолмен байланысты. Себебі сүйікті мамандығым ретінде өзімді осы салада ғана елестете аламын. Бүгінгі жетістіктерім де халықпен тығыз қатынастағы салада, елдің алғысы мен ыстық ықыласынан деп ойлаймын, – дейді Еркебұлан Бауыржанұлы.
Білімі мен білігін ұштастырып, абыройлы қызмет еткен адамның мерейі әрқашанда биік. Кейіпкеріміздің әкеден бойға дарыған асыл қасиеті оны жеңіске жетелеп жүр. Және әріптестері арасында сыйлы да абыройлы қызметкер. Ізденіспен ілгері қадам басқан Еркебұлан Аяғанов – әркез жастарға үлгі.
Назерке Маратқызы
11 желтоқсан 2019 ж. 1 120 0