Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік ұжым

Үздік ұжым

         Қамыстыбас ауылының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған беттерінің бірі-Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы ашаршылыққа ұшыраған Еділ бойы халықтарына көмек қолын созған Арал балықшыларының ерен еңбегін паш ететін қасиетті жер екендігі еді. Атап айтар болсақ, 1921 жылы 25 желтоқсанда Арал совдеп төрағалығына сайланған Төлеген Медетбаевтың басшылығымен В.И.Лениннің «Арал теңізіндегі жұмысшы, балықшы жолдастарға» арнаған хатына жауап ретінде Арал балықшылары бір тәулікте 14 вагон балықты осы Қамыстыбас станциясынан жөнелткен болатын.  Міне, содан бері қаншама жылдар өтсе де ауылдағы №60 ірілендірілген жол дистанциясының теміржолшылары ата-баба жолын ұстанып, болат жолдың амандығын ойлап, жолаушылар мен халық шаруашылығы өнімдерінің діттеген жеріне жеткізілуіне сүбелі үлесін қосып келеді. Уақытпен санаспай еңбек етіп келе жатқан сала еңбеккерлері жаздық аптап ыстығы мен қыстың қарлы боранынан қаймықпай жолдың қауіпсіздігін сақтауда жауапкершілікті терең сезінеді.
         Отыз алты жыл бір салада тер төккен, аға жол шебері Кеулімжай Сәрсенұлының қарамағында қазіргі таңда 90 адам жұмыс жасап жатыр. Аралқұм-Қазалы аралығындағы 87 шақырым жердегі  3 өткелге,  3 станциядағы  45 бұрма, 12 бұрма жолдың қауіпсіздігіне жауап беретін ұжым басшы әркез қызметкерлерінен қырағылықты талап етеді. Ондағы қызмет атқаратын жолшылардың  көбісі  мамандықтарын жетік меңгерген, өз ісінің хас шеберлері. Атап айтар болсақ, үздік жол шебері Жалғас Аймбетов пен  Көпберген Жүсіпов, Қошқарбай Тағыбергенов, Қамбар Қалабаев, Қуандық Төреханов сынды жол жөндеушілері  ұзақ жылдан бері  тер төге еңбек етіп,   халықтың алғаусыз алғысын арқалап жүрген жандар.  Сондай-ақ, өзге де жол шеберлері, жол жөндеушілер, ақау тапқыш арба операторлары, өткел кезекшілері сияқты жауапты қызметтерді атқарып жүрген сала мамандарының кәсіби біліктіліктері жоғары.
          Осы орайда, ұжым басшысы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иесі Кеулімжай Сәрсенұлы былай деді:
         - «Басқалар қалай ойлайтынын өздері білсін, ал мен теміржолшы болу үшін-теміржолшы болып туу керек дегім келеді. Бұл саланың табалдырығын кездейсоқ аттағандар түптің-түбінде жерсіне қоймайды-оның темірдей тәртібіне, тегеурінді талабына шыдас бермейді. Себебі, сырт көзге темір жолдың жұмысы оңай секілді көрінгенімен, ал шынтуайына келсек, бұл сала ең қиын салалардың қатарына жатады. Неге десеңіз, темір жол өткелі қашан да қауіпті аймақ болып есептелетіндіктен,  апат та, шығын да аяқ астынан, күтпеген жерден болуы әбден мүмкін. Сондықтан жол бойында қызмет ететін әр жұмыскер темір жол желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтап,  өз міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Бұл тек қана темір жолдағы пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтау емес, адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтаумен де байланысты. Сол үшінде барлық қызметкерлерімнен қырағылық пен іскерлікті талап етемін деді.
         Иә, Теміржол саласын «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп бекер айтпаған. Өйткені, тоғыз жолдың торабында ел мен елдің мақсат- мүдделері тоғысып жатыр. Қаншама жанның тағдыры осы саламен байланысты. Ендеше, теміжол саласында өзіндік қолтаңбасы бар ұжымды төл мерекелерімен құттықтап, еңбекте табыс тілейміз.
         Света Үсенқұлова
10 тамыз 2018 ж. 1 173 0