Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел жәрдем – жанға дәрмен

Жедел жәрдем – жанға дәрмен

Бүгінгі таңда ақ халатты жандарға артылған жауапкершілік жүгі жоғары. Соның ішінде жедел жәрдем қызметкерлері бел жазбай жұмыс істеуде. Олар күн сайын небір түрлі науқаспен жүздесіп, дертіне дауа іздеген жандарға алғашқы көмек көрсетеді. Қазірде олардың жұмысы екі есеге ауырлап кеткен. Күн cайын жүздеген шақыртуға барып, елімізді тегіс жайлаған дерт белгісі байқалған жандармен де алғаш жүздесетін – осы дәрігерлер. Біз де жәрдемін жедел көрсетіп жүрген жандардың бүгінгі жайын білмекке ат басын бұрған едік.
Н.БАҚЫРАН

Ел басына қандай қиындық туса да, алдыңғы қатарда қызмет көрсететін – ол дәрігер. Дәрменсіз жанның дертінің дауасын тауып жүрген жандар үшін тағы да ауыр кезең басталды. Бұрын да қарбаласта жұмыс жасайтын олардың қазіргі күні тіпті ауыр. Десе де қиындықтан қашып жатқан қызметкер жоқ. Қайта адамдарға көмек көрсетуді өзінің азаматтық міндетім деп білетін медицина саласының қызметкерлері жұмыс кестесінің тығыздығына қарамай, көмек сұраған жанға тиісті қызметін көрсетуде. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына қарасты Арал аудандық жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Зәмзәгүл Ұйқасованың айтуынша, аудан бойынша жедел жәрдем бөлімшесінде жалпы 54 қызметкер бар. Олардың барлығы қауіпті індетпен күресте өз қызметтерін адал атқаруда.
– Жағдай күрделенген сайын, ең алдымен, біздің қызметкерлерге жауаптылық жүктелді. Қазір бәрі автоматты жүйеге көшкен. Науқастардан келген қоңырау алдымен облысқа түседі. Облыс қоңырауды қабылдап жатқанда, бізге автоматты түсіп отырады. Тиісінше, біз шақыртуды дәрігерлерге жібереміз. Олар босай салып, келесі шақыртуды қабылдап, жұмысты жалғастыратын болады. Жасыратыны жоқ, кейде тұрғындар тарапынан «неге кеш келеді» деген шағымдарды да естіп жатамыз. Әрине науқас адам үшін әрбір минут бағалы. Десе де біздің аудан бойынша 3 бригада бар. Тап қазір олар бір минут та бос емес. Бір шақыртудан келесіге барып, тыным таппауда. Кейде Жақсықылыш пен Сексеуіл кенттерінің айрық жолына да барып, науқастарды аудан орталығына жеткізу қажет болады. Сондайда кешігетініміз рас. Бірақ біз қалай қоңырау келіп түсті, сол сәттен бастап қызмет көрсетуге тырысамыз, – дейді Зәмзәгүл Толыбайқызы.
Өз қызметкерлерінің табандылығын айтқан меңгеруші олардың еңбегін бағалай да білу керек дейді. Және қиын шақта елге көмек көрсетіп жүрген осы жандарға басшы ретінде күн сайын алғысын білдіріп отырады екен.
– Иә, расын айту керек, қазір біздің жедел жәрдем қызметкерлерінің бәрі шаршап жүр. Жұмыс ауырлап кетті. Күнделікті қаншама шақыртуға, небір түрлі ауруларға кез болады. Оның үстіне, елімізде жаппай жайлаған індеттен көз жұмғандардың қатары артқан сайын халық та өзінде кішкене ауру белгісі байқалса болды, жедел жәрдем шақыруда. Біздің қызметкерлер әрбір шақыртуға арнайы қорғаныш киімдерін киіп барады. Сосын науқастың жағдайына талдама жасап, ауруханаға апару немесе үйде емделу турасында шешім қабылдайды. Мұндай жағдайда тұрғындар тарапынан түсініспеушілік те туып жатыр. Бәрі ауруханада емделгісі келеді. Қазіргі кезде бірінші кезекте аяғы ауыр келіншектер мен жасқа толмаған балаларда пневмония белгісі болса, біз ауруханада емделуді дұрыс деп шешеміз. Ал басқа да науқастардың жағдайына талдау жасау арқылы шешім шығарамыз, – дейді Зәмзәгүл Ұйқасова.
Шақыртудан келген қызметкерлер арнайы қорғаныш киімдерін шешіп, жууға тапсырады. Бұл киімдер көп реттік киюге арналғандықтан, хлор суда бірнеше сағат тұрып, жуылып, үтіктеліп, қайта қатталып, келесі қызметкерлерге ұсынылады. Дәрігерлер үшін мұндай сақтық шарасы аса қажет. Себебі бірінші кезекте елді емдейтін жандар аман болу керек.
– Қазіргі кезең шақыртудағы дәрігер, фельдшерлерге ғана емес, осы саладағы барлық кызметкерлерге оңай болып тұрған жоқ. Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқасты тасымалдап, шақыртудан келген қызметкерлер алдымен залалсыздандырылады. Сонан соң қорғаныш киімдерін жуып, тазалау керек болады. Осы жұмыстарды атқарып жүрген тазалықшы Эльвира Оразымбетоваға ерекше алғыс білдіргім келеді. Оның қазіргі таңдағы еңбегі зор. Бұдан бөлек, ұжымдағы әрбір қызметкерге қиын шақта ауызбіршілік танытып, жеке басы мен отбасының жайын ысырып қойып, шақырған уақытта жұмыстан табылатынын да ерекше атап өтіп, ризашылығымды білдіремін.
Дәрігер компьютеріне «тық» етіп қоңырау келіп түсті. Менімен әңгімесін үзген басшы шақыртуды қабылдап, бригадаға жолдады. Осылай дәрігердің қауырт тіршілігі басталып кетті.
Ел басынан алмағайып кезеңді өткеріп жатқан шақта қиындықтан қашпай, жәрдемші болып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қоғамда өлшеусіз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді
11 шілде 2020 ж. 1 218 0