Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік жүгі

Жауапкершілік жүгі

         Қай уақытта да науқастанған жандарға ең алдымен денсаулық сақшылары дереу көмек көрсетіп, ем-дом шараларын жүргізеді. Сырқаттың сырын анықтап, аяқтан нық тұруына барлық жағдай жасайды. Яғни науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық процедураларға араласып, сауығуына қол ұшын созады. Арал ауданаралық ауруханасы – аудандағы тұрғындардың саулығын сақтауда айрықша маңызға ие емдеу орны. Мұнда келген адам қайнаған тірлікті бірден байқар еді. Біздер ақ халаттылардың бір күндік тынымсыз еңбегін көзбен көріп, көңілмен түйсінуге, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдық.
         Мұндағы қарбалас әсіресе, қабылдау бөлімінде айрықша білінеді. Себебі келген науқас алдымен осы жерге түседі. Қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Маржанкүл Рыстығұлова бізді бөлімнің жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Маржанкүл апа әрдайым басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың жанынан бірінші болып табылады. Ол медицина саласына 1973 жылы келсе, ал осы қызметте жүргеніне 5 жыл уақыт болыпты.
          Бөлімшеде күту залы, тіркеу бөлмесі, науқас қарау кабинеті, бақылау бөлмесі, шұғыл көмек бөлмесі, жоспарлы терапиялық және хирургиялық науқастарды қабылдау бөлмесі бар. Емшара бөлмесінде шұғыл процедуралар, яғни асқазанды шаю, тазартқыш клизмасы жүргізіледі. Сонымен бірге мұнда оқшаулау, рентген бөлмелері де жұмыс істейді. Ал орап, таңу-операциялық бөлмесінде ұсақ амбулаторлы оталар жүргізілсе, ауруы белгісіз науқастарды динамикалық бақылауға уақытша жатқызатын диагностикалық палаталар да қарастырылған.
         – Біздің бөлімге науқастар жедел жәрдем көмегімен әртүрлі апатты жағдайларда, жарақаттар, түрлі уланулар, жедел және созылмалы аурулардың өршуі кезінде жеткізіледі. Амбулаторлы жағдайда ем нәтиже бермесе, аймақтық дәрігердің жедел жолдамасымен де келіп түседі. Аудандардан, елді мекендерден ауыр жағдайдағы науқастар да келеді. Сол секілді өзін-өзі сезінуі нашарлаған жағдайда өздігінен келіп қаралатындар да бар және жоспарлы түрде, яғни біртұтас ұлттық денсаулық жүйесі шеңберінде «Госпитализация бюросының» порталы арқылы келетіндер бар. Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қабылдау бөліміне жағдайы ауыр науқастарға қажетті мамандар әр кабинетке арнайы қондырылған «SOS» жүйесі арқылы жылдам шақыртылады, – дейді М.Рыстығұлова.
         – Немеремнің тамағы ауырғанына екі күн болды. Тамақ ішкенде ауырсынып, жұтына алмай жылайтын. Ауырғаны басылмаған соң осы ауруханаға әкеліп отырмын. Дәрігер Маржанкүлге алғысымды білдіремін. Немеремді тез арада қарап берді. Тамағы ісініп, қызарған екен. Балаларды қабылдау бөлмесіне апарып, тамағын сүртіп, емін жасады. Үйден қабылдайтын дәрі-дәрмек жазып берді дейді, – кішкентай Еркебұланның әжесі ризашылығын білдіріп.
         – Ауруханаға айына 1500 науқас келіп қаралған. Соның 50 пайызы дертіне байланысты ауруханаға жатқызылған. Қабылдау бөлімінде күнделікті жедел жәрдеммен және жоспарлы түрде науқастар өте көп түседі. Жылдан-жылға келіп түсетін емделуші науқастар саны көбеюде. Қазір қан қысымымен, әйелдер ауруы, түрлі жарақаттармен, жүрекқан тамырлар ауруымен түсетіндер көп. Түскен кезде науқасқа бірден көмек көрсетіледі. Ең бірінші тексеруді мен жасаймын, одан кейін науқастың ауруына қарай бөлімшелерден дәрігерлер шақыртылады. Содан кейін науқасты қай бөлімге жатқызу керек екені белгілі болғаннан кейін, менің науқасым болса, өзім қадағалап, ем-домын жасап отырамын. Бөлімшеде жалпы 25 адам жұмыс істейді. Екі постыда екі мейірбике мен екі техникалық қызметкер қызмет етеді. Травматолог, невропатолог, гинеколог, хирург, бала дәрігері, барлық мамандар күні-түні отырады. Барлық дәрігер мамандар тәулік бойы науқастарға көмек көрсетуге дайын. Ауыр халде түсетін науқастар өте көп. Әсіресе ауылдардан ауруын асқындырып алып түсетіндер көп. Бізде жедел түрде науқасқа көмек көрсетіледі. Егер тым ауыр халде науқас түсетін болса, оған жедел түрде ота жасау қажет болса, дәрігерді үйінен түн ортасында болса да шақыртып аламыз. График бойынша әр бөлімшеден жедел түрде көмек көрсететін дәрігерлер кезекшілікте болады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емханадағы қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан едәуір жақсарған әрі барлығы қолжетімді.
           Иә, кез келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамай, салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігер қаралуынан уақытылы өтіп тұрғаны абзал. Адам жанына дауа іздеген жандардың тындырымды тірліктері көңілден шықты. Қашаннан дәрігер мен мейірбикені ізгіліктің нұрын себушілер деп атайды. Міне, осындай тынымсыз, әрі жауапкершілігі жоғары саланы еңсеріп, ел үшін еңбек етіп жүрген ақ халаттыларды сырқатына ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген ізгілікті маман иелері десек артық етпейді.
Ақтоты Шынықұл
22 қазан 2019 ж. 678 0