Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрегі жылы, қолы алтын

Жүрегі жылы, қолы алтын


Қызметтің қызығы да, қиындығы да қатар жүреді емес пе?! Соларды көру арқылы адам баласы шыңдалады. Осы орайда барлығын байыппен қабылдап, өз ісінің білгірі болған ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, бүгінгі таңда аудандық аурухананың ауруларды қабылдау бөлімінің меңгерушісі Маржанкүл Рыстығұлованың есімін атап өтуді жөн көрдім.
1949 жылы 11 тамыз күні Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев колхозында шаруа отбасында дү­ниеге келген Маржанкүл мектеп қабырғасынан бастап-ақ мақтаулы сөзге іліне бастады. №59 Қарақұм орта мектебін күміс медальмен біті­ріп, дәрігер боламын деген ар­ман­ның жетегінде Ақтөбе мем­лекеттік медициналық инс­титутына түсіп, «Емдеу ісі» маман­ды­ғын меңгеріп шықты. 1 жыл интернатураны Қызылорда облыс­тық ауруханасында өтіп, ең­бек жолын Қазалы аудандық ауру­ха­на­сында және Ленинск қалалық ау­руханасында бастады. Ал 1977 жылдың тамыз айынан бастап, 37 жыл Арал аудандық Қарақұм ауылдық округінде дәрігер болып жұмыс жасады. Осы уақыттар ара­сында елеулі еңбегімен көзге түс­кен ол 1998 жылы ҚР дәрігерлері мен провизорларының І съезіне Арал ауданы бойынша делегат бо­лып қатысады. 2001 жылы ҚР Ден­саулық сақтау ісінің үздігі төсбел­гі­сімен марапатталса, 2002 жылы республикалық байқауға қатысып, «Үздік ауыл дәрігері» атанады. 2003 жылы 8 наурыз қарсаңында Арал ауданы бойынша ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, «Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі үшін» төсбелгісінің иесі атанды.
Маржанкүлдің өткен өмірінде жұмыс барысында есте қаларлық жұмыстарын сұрағанымда, «Ой, өзің білесің, адам өміріне араша тұру білімділікті талап ететін жауапты жұмыс қой. Қазіргі кезең мен өткен кезеңді тіпті салыстыруға келмейді. Қазір техниканың, медицинаның дамы­ған кезі. Сонау 1970 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықтағы есте қал­ған жұмыстарымды айтып берейін»,–деді.
–Алғысөзімде айттым ғой. 1977 жыл­дан 1988 жылға дейін 11 жыл Қарақұм ауруханасында  акушер-ги­неколог дәрігер қызметін атқардым. Осы кезде неше түрлі акушерлік патологияларды қолдан өткердім. Түйемен, мотоциклмен, «МТЗ-80» тракторымен, төл таситын арбамен үйде босанған әйел­дері­мізді таситын да едік. Әдепкі жыл­дары «ГАЗ-51» жүк көлігімен аяғы ауыр, босануы жақын әйелдерімізді шопан ауылдарын аралап жинап әкеліп, ауылдық ауруханаға жат­қы­зып қоятынбыз. Бірде мына­дай жағдай болған. Ауылдың аза­матының әйелі бір баласын қой төлдетуге шыққан кезде, ағаш үйде босанып қалды. Жаңбыр құйып тұр.  Аман-есен босанған келіншекпен машинаға отырсақ, машина отал­майды. Не істерімізді білмей тұр­ған­да, отағасы үлкен шанаға жеге­тін атанды әкеліп, машинаны сүй­реп, оталдырып беріп, аман-сау ауыл­дық ауруханаға жеткізгенбіз. Тіпті, акушерка екеуміз жарылған баллонды ауыстырып салу үшін маши­наны көтерісіп тұратынбыз. Кей кез­дері малшының үйінде жарық жоқ. Ағаш үйдің ортасына сексеуіл жа­ғып, әйелге дәрі құйып, маши­на­ның шамын үйге есіктен түсіріп қойдық.
Осылайша өткенін еске алған дәрігер бүгінгі жағдайды да сөз ете отырып, қызметтің қызығын әң­гімелеп берді. Бүгінгі таңда жол­дасы Аманжол екеуі 2 қыз, 1 ұл тәр­биелеп, 8 немере сүйіп отыр. Біз сөз еткен Маржанкүлдің өнегелі жолы осы саланы таңдаған жастар үшін үлгі болса деймін.
Сердалы Шалбаев,
КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі
18 маусым 2019 ж. 863 0