Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалмағанда дәрмен, жедел келер жәрдем

Қалмағанда дәрмен, жедел келер жәрдем

Денсаулық сақтау саласындағы негізгі қызметтің бірі – жедел жәрдем қызметі. Әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмай, барлық науқасқа көмек көрсету–олардың басты міндеті. Әрине, жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін сала жұмысы физикалық жағынан да, рухани жағынан да ауыр. Сол үшін де тәулік бойы тынымсыз  кезекшілікке шығып, адам жанын арашалау жолында  жұмыс істейтін  ақ халаттылардың еңбектері ерен деп айта аламыз. Осы орайда, мереке қарсаңындаАрал аудандық жедел медициналық көмек көрсету бөлімшесінің жұмыс барысымен танысқан болатынбыз.
Бөлімше жұмысы облыстық деңгейде бір медициналық ұйымға біріктіріліп,  медициналық қызмет ортақ GPS жүйесі базасында бірыңғай «Сall center» арқылы халыққа қызмет көрсетеді екен. Бұл өз кезегінде  келіп түскен хабарлардың жылдамдығын арттырып, пациенттерді тасымалдау бағдарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бөлімшедегі 8 автокөліктің барлығында дерлік шақыртушылардың мекен-жайын шұғыл анықтау үшін «GPS» навигатор құрылғылары негізінде  ауданның картасы орналастырылған. Жедел жәрдем автокөліктерінің қозғалысын анықтайтын бұл жүйе науқастарға шұғыл жәрдем көрсетудің тиімділігін арттыруды көздейді. Автоматтандырылған жүйенің өзге де тиімді тұстары  өте көп. Атап айтар болсақ,  көліктер бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы көріп отырады да, сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Осылайша, уақыт үнемдейді әрі артық шығын болмайды. Бұл–жаңа технологияның жемісі.
Біз барған кезде  кезекшілікте отырған Гүлсім Қалыбаеваның  компьютеріне облыстағы мамандардан GPS навигациялық аппарат арқылы хабар түсіп жатыр екен. Атап айтар болсақ, сол күні таңғы сағат сегізден кешкі сағат сегізге дейін 69 шақырту келіп түскен. Олардың ішінде, жүрек қан тамырлары, күйік шалу, балалардың қабыну аурулары мен жеңіл дене жарақаттарын алу мен улану, неврологиялық науқастар сияқты өзге де науқастар болды. Кезекшілікте тұрған дәрігер Шәкизада Таласбаева мен фельдшер Әсет Киікбаев емге мұқтаждарға көмектерін көрсетіп, 19-ын ауруханаға жөнелтті. Біраз уақыт бойы бекетке оралмаған мамандар қолдарындағы планшеттер арқылы диспетчерден бірнеше шақыртуларға қатарынан бағыт  алып отырды.Осыдан-ақ, олардың діттеген жеріне кешігіп жетпек түгілі, әрбір минутының тікелей облыстан қадағаланып отыратынын байқадық.
–Жедел жәрдем қызметінің жұмысы аса маңызды екендігі шындық. Дегенмен де, жедел жәрдем қызметінің жұмысын жіті түсінбей, сын айтатын қала тұрғындары баршылық. Осыған байланысты, өз ойыңызды ортаға салсаңыз деген сауалымызға бөлімше меңгерушісі Зәмзәгүл Ұйқасбаева:
–Жалпы, жедел жәрдем дәрігерлері өздерінің қызмет бабындағы шектеулі ережелерін сақтауға міндетті. Заңдылығында  жедел жәрдем қызметіне жарақат алғанда, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, уланып қалғанда, науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған ауыр жағдайларда және жүкті әйелдердің толғағы қысқан кезде хабарласуы қажет. Бірақ, жасыратын несі бар,  басы ауырып, балтыры сыздаса да  жедел жәрдемге хабарласқанды құп көретіндер де қаламыздантабылып жатады. Бұл жағдай жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері үшін қалыпты құбылысқа айналған. Негізінен, ереже бойынша жеңіл сырқаты бар науқастардың күтімі жергілікті емханаларға бекітілуі қажет. Десек те, учаскелік дәрігерлерге қаралуға ерініп, қан қысымы көтерілсе де қоңырау шалып жататын жандарға барып жүргенімізде, шын мәнінде өлім аузында жатқан шұғыл науқасқа үлгермей қалуымыз әбден  мүмкін. Осыны ескерген басшылық жуырда А.Байтұрсынов емханасының жанынан жеңіл-желпі ауруларға алғашқы ем жүргізетін  шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімшесін ашып берген болатын. Шақырту санаттарының себебі мен шұғылдығына байланысты анықталатын жедел жәрдем қызметі үшін бұл үлкен көмек болып отыр. Тағы бір айта кетерлік жайт, тәулік бойы дамылсыз халықпен жұмыс жасау оңай емес қой. Неше түрлі мінездері бар адамдардың бабын тауып, барынша ем жүргізіп, тыныштандыруға тырысып жатамыз. Себебі, көптеген азаматтың медициналық сауаттылығының төмендігінің кесірінен мамандарымыз кейде қолайсыз жағдайға тап болып жатады. Егер де әрбір тұрғын өзі тіркелген ауданның емханасына барып ұдайы тексеріліп отырса, жан алқымға келгенде ғана бізге жүгінбес еді. Бірақ та, шұғыл түрде медициналық көмекті қажет ететін науқастарға, әрине, құстай ұшып көмегімізді көрсетеміз. Басты міндетіміз–осы,–деп жауап берді.
Әрине, түсіне білгенадамға ауыр қызметтердің бірі–аталғансала. Жедел көмек көрсету үшін қала маңындағы разъездерден бастап, Ырғыз ауданына дейінгі жолдағы жол-көлік оқиғаларына да барып, адам жанын арашалауға себепші болатын бөлімшеде 4 дәрігер,25фельдшер, 5  тазалықшы, 17 жүргізуші жұмыс жасайды.  Ұзақ жылдардан бері абыройлы қызметін жасап, көптің алғысын арқалап жүрген Марат Төремұратов, Сәрбиназ Жұбаназарова, Бақшагүл Қалыбаева, Гүлсім Кімбаева, Гүлсім Қалыбаева сынды өз ісінің білгірлерінің медицинада өзіндік орны бар. Осы секілді өзге де дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен жас мамандар ұдайы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, білімдерін толықтырып отырады.
Былтыр облыстық медициналық жедел жәрдем шақырыс топтары арасында өткен кәсіби біліктілігін айқындау жарысында ұжым мүшелері Алғыс хатпен марапатталды. Бұл–Гиппократ антына адал жандардың еңбегіне берілген лайықты баға.
Света Үсенқұлова
11 мамыр 2018 ж. 1 219 0