Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жер туралы толғаныс

Туған жер туралы толғаныс

1. Атыңнан айналайын, Ақирегім!
Адамзат үшін кір жуып, кіндік кескен туған жерден артық жер жоқ. Ол–ата-баба қонысы, атажұрт. Сол атажұрттың әр сүйем жерін сыртқы жаудан, басқыншылардан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған батырлар әруағы алдында бәріміз де қарыздармыз. Ал туған жер бәрімізге қымбат. Оны ақындар жырға қосқан, сазгерлер ән арнаған. Мен де атамекен Ақирекке жүрек сөзімді арнап отырмын. Ол үшін ақын, жазушы болу маңызды емес. Туған жерге деген махаббат болса болғаны. Ол махаббат қойшының да, тойшының да жүрегінде.
Шешем марқұм «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген мәтелді жиі айтып отырушы еді. Шәрісі – шаһар. Сонда қала дегені ғой. Мен туған өлке – Арал маңайы. Биік таулары, ну орманы жоқ, жазық дала. Жері тегіс болғандықтан әредік кездесетін тоқал төбелер мен аласа қырат, жоталар алыстан менмұндалайды. Жергілікті тұрғындар оларды тауға балайды. Соның бірі – Ақирек. Ол Қазалыдан Аралға бағыт ұстағанда Бекбауыл, Қамбаш теміржол бекеттерінен оңға қарай он шақырымдай жерден бой көрсетеді. Қазір оның іргесінде Ақбай ауылы бар. Ертеректе, Сырдария суы мол кезде Ақиректі Көкшекөл, Жаркөл және Ақбай көлдері қоршап жатады екен. Көкшекөл мен Ақбайдың арасындағы Мәстат деген жерде соғыс жылдары «Большевик» колхозы болыпты. Менің тууы туралы куәлігімдегі «туған жері» деген тұста осы шаруашылықтың аты көрсетілген. Шешем жарықтық: «Сен Қосжар көлі қатқанда Мәстат деген жерде туғансың», – деп отыратын. Уақыт қыс мезгіліне сай келіп тұр. Өйткені көлдің суы қатып жатыр.
Ақирек – өзіндік ерекше тарихы бар өлке. Ел арасындағы аңыз бойынша мұсылман әлеміне танымал тұлға, бабтардың бабы Арыстанбаб әулиенің жеті жайының бірі осы Ақиректе көрінеді. Тарихи деректер бойынша Арыстанбабтың мәңгілік мекені Отырардың маңайында жатыр. Ал мына аңызда былай дейді. Сахаба көз жұмғаннан кейін оның мәйітін ақ түйеге артып, бұйдасын бос жіберген екен. Бұл бәлкім әулиенің өз өсиеті болса керек. Сол түйе Ақирек тауының бір төбешігіне барып шөгеді ғой. Сахаба сонда жерленген. Кейін басына кесене тұрғызылыпты.
Осы жерде оқырман шатаспас үшін мына мәселені де ескерте кету керек. Қазақ Ислам дінін кештеу қабылдаса да, дінге өте берік болған халық. Ерте замандарда олар әулие-әнбиелер біраз қоныстанған немесе түнеп кеткен, тіпті ат шалдырып намаз оқыған жерлердің өзін қасиетті санаған. Соған орай, халық санасындағы жақсы қиял аңыз-әңгімелерге арқау болған. Әрине, оның бәрі – ізгі мақсаттағы ой. Адамдарды тек ізгілікті істерге үндеуден туған. Міне, Ақиректегі әулие төбе саналған жерге кесене салынуына да осы ақ ниет негіз болғаны сөзсіз.
Міне, сол кесене басында шырақшылар отырған. Онда дертіне шипа іздегендер, Тәңірден перзент тілегендер, Алладан ақ жол сұрағандар зиярат етіп, түнеп тұрады екен. Мінәжат етушілер қарасы қысы-жазы арылмаған.
Кеңестік кезеңдегі «дін – апиын» деген атеистік сұрқия саясат салдарынан насихатталмаған бұл жайды жергілікті тұрғындардан басқа былайғы жұрт біле бермейді. Кеңестік кертартпа саясат олардың өзінің «екі елі аузына төрт елі қақпақ» қойғаны тарихтан мәлім.
Шешем жарықтық: «Ақиректің басында киелі бұлақ бар, қанша алсаң да суы таусылмайды. Сондықтан бұл жер «Ақиректің маңы, баурайы» деген атауымен қоса «Әулиенің асты» аталып кеткен», – деп отырушы еді. Өзі екі сөзінің бірінде «біз баяғыда Әулиенің астында тұрғанда» деп бастаушы еді әңгімесін.

2. Бабаларға қоныс болған бай өлке
Бұл өлкенің тағы бір ерекшелігі – ерлігімен есте қалған, ХVI-XVII ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлға, Арал, Қазалы маңы қазақтарының түпатасы болып келетін ақсауытты Айдарбек батырдың атақонысы болғаны. Бабамыз жазда Ырғыз, Торғай жақты жайлап, күзге салым Ақирекке оралады екен. Соған қарағанда, құтты қоныс болғаны даусыз.
Батыр бабамыз жасы ұлғайған шағында өзіне қараған, өзі мекен еткен аймақты төрт баласына бөліп беріпті. Үлкен ұлы Татырандыға – Жаңақұрылысты, Күлікке – теңіз бетін, Арданаға Шөмішкөл мен Тастүбекті еншілеген екен. Алтынбайға атақоныс Ақирек тиіпті. Қазақта ата жолы – осындай.
Жылдар өте Алтынбай бабамыз да әкесі сияқты өзіне қарасты жерлерін балаларына бөліп берді ме немесе басқа себептер болды ма, қай жылдардан бастап екені белгісіз Алтынбай ұрпағынан тарайтын Күре аталығының негізгі қонысы Арал теңізінен 30 шақырымдай бері, Аққұлақ елді мекені мен Хан деп аталатын жердің аралығында орналасқан. Бұл дерек жақын ағамыз Т.Сейітовтің «Санамен салынған сүрлеу» атты кітабында келтірілген. Шынында да сол екі ортада «Ақмола» атты күрелердің үлкен қорымы бар. Менің аталарым Сыдық, Әли, әжем Күнжәмила, әкем Мұрат, шешем Мақпал және ағам Әмірхан осы қорымда жерленген. Әкемнің айтуынша біздің үлкен аталарымыз да осы зиратта жатқан көрінеді. Бірақ шамамен 1930 жылдардан бастап біздің отбасы қайтадан Алтынбайдың ата қонысы Әулиенің астына қайта келген. Осылай, мен бір жағынан қасиетті де киелі, ал екінші жағынан талай қиыншылық пен қайғы-қасіретті басынан кешірген Ақиректің баурайында немесе Әулиенің астында 1945 жылы 5 қаңтарда өмірге келіппін. Ал 1940 жылдардың екінші жартысынан бастап біздің мекенжайымыз ағай мен жеңгейдің жұмыс орындарына байланысты ауысып отырған. Отбасымыз Ақиректен кейін Шөмішкөл (1950-1957 ж.), Жаңақұрылыс (1957-1964 ж.), Көктем (1964-1974 ж.), сосын Аққұлақ (1974-1995 ж.) елді мекендерінде тұрыпты. Ал төменде айтылатын белгілі теңіз трагедиясы әсерінен 1995 жылы Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы ауылына қоныс аударған.
Тарихта табиғи апаттар, індеттер, дүрбелең оқиғалар, қоғамдық сілкіністер және көршілес елдердің шапқыншылығы салдарынан жекелеген рулар, аталықтар және отбасылар өз қонысын тастап, басқа жаққа кетуге мәжбүр болған замана оқиғалары көптеп кездеседі. Осы орайда Арал теңізі мен Сырдария өзенінің осы өлке тұрғындарының тыныс-тіршілігіне ететін әсерін айтпай кетуге болмайды. Әрине бұл тың тақырып емес. Бұл мәселе туралы баспасөз бетінде, ғылыми журналдарда қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, журналистердің көптеген мақалалары, кітаптары, тіпті, кинофильмдері де жарыққа шыққан. Дегенмен де бұл мәселенің осы мақалада айтылып жатқан жайларға тікелей қатысы болғандықтан оған мен де қысқаша ғана тоқталып кетуді жөн көрдім.

3. Арал тағдыры – адамзат қасіреті
Арал теңізі ХХ ғасырда өзінің ауданы жағынан бүкіл дүние жүзі бойынша төртінші орынды иемденген. Оның қалыпты деңгейі Амудария мен Сырдария өзендерінің су ағымымен сақталып отырған. Тарихта Амудария өзені арнасының Каспий теңізі жағына ауысуына байланысты Арал теңізінің қайтқан кездері болған. Бірақ Амудария арнасы бұрынғы өз арнасына бұрылғанда теңіздің деңгейі де өзінің көпжылдық қалпына келіп отырған. Аралдың соңғы қайтуы 1960 жылы басталған. Бұл дерек су мамандарына белгілі болғанымен, 1985 жылға дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Кейбір билікпен сыбайлас ғалымдар «бұл – табиғи процесс, бұған адам іс-әрекеттерінің ешқандай қатысы жоқ» десе, басқа біреулері Сібір өзендерін Аралға бұру арқылы іске асуы мүмкін емес жобалармен көпшілік қауымның назарын басқа жаққа аударып шатастырған. Осылай процесс асқынып Сырдарияның суы азайып, Арал теңізі жоқ болуға таяды. Ақырында бұл өлке экологиялық апат аймағына айналды. Арал өңірінің халқы талай қиыншылықтарды бастан өткізді. Теңіз жағалауындағы елді мекендердің жағдайлары нашарлап, үдере көшу қаупі төнді. Халықаралық экологиялық ұйымдар, атақтары дүние жүзіне белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері дабыл қағып, бұл мәселенің бетін ашты. Арнайы ғылыми ізденістер жүргізіліп, «бұл апаттың басты себебі антропогендік факторлар, яғни адам баласының қолдан жасалған қателігі» деген тұжырым жасалды. Амудария мен Сырдария өзендерінің сулары толып жатқан мақта, күріш өсіретін алқаптарды суаруға ысырапсыз пайдаланылып, теңізге жетпей қалатыны анықталды. Осыдан кейін барып Қазақстанда және Орталық Азия мемлекеттерінде бұл мәселе бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, әртүрлі қоғамдық қорлар құрылды және мемлекет тарапынан да жұмыстар жүргізіле бастады. Қазақстанда негізгі күш Кіші немесе Солтүстік Арал айдынын сақтап қалуға бағытталды. Ешқандай ғылыми-техникалық негізсіз 1992 және 1997 жылдары салынған құм бөгеттерінің біріншісі 1993 жылы, ал екіншісі 1999 жылы су деңгейінің көтерілуі және дауыл әсерінен шайылып кетті. Жағдай 2005 жылы мемлекеттік стандарттарға сүйеніп салынған биіктігі 6 метр Көкарал бөгетінен кейін ғана жақсара бастады. Кіші Аралға су жиналып, оның айдыны үлкейіп балық шаруашылығы пайда болды. Арал өңіріне қан жүгірді, тегіс жолдар салынды, елді мекендерге бұлақтың таза суы тартылып, халықтың тұрмысы жақсара бастады. Әрине бұл үлкен жұмыстың бастамасы ғана. Ғалымдардың пікірінше, Арал теңізін бастапқы қалпына келтіру үшін, Амудария мен Сырдария өзендерінен қазіргі таңдағы 10-13 текше метр су ағымының мөлшерін төрт есе үлкейту керек көрінеді. Мұндай шараларды пәрменді түрде жүргізуге Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінің құлқы жоқ болғандықтан, бүкіл дүние жүзін толғандырып отырған Арал теңізінің болашағы бұлыңғыр қалпында қалып отыр. Бір қуанарлық жайт, соңғы деректерге қарағанда, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші бөлімінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде көрінеді. Бұл жоба бойынша Солтүстік Арал теңізінің айдынын ұлғайту мақсатында Көкарал бөгетінің биіктігін тағы да 6 метрге көтеру көзделген.
Арал тағдыры – адамзат қасіреті. Олай деп отырғаным, бұл – нағыз экологиялық апат. Арал теңізі тартылған жағдайда, одан ұшқан тұз шаңының тозаңдары сонау қиырдағы Үндістан өлкесіне дейін жетіп, жерін сорландырып, табиғат тазалығын бұзады екен. Бұл – бір бағыттағы жағдай. Солтүстік мұзды мұхитқа қонған сондай тұз тозаңы Жерді топан су басу қаупін туғызатыны тағы бар. Өйткені тұз мұзды ерітетіні белгілі.
Жер шарының алыс аймақтарына осындай зияны тиетін тұз тозаңы Қазақстанға нағыз зардап шеккізетінін айтып жатудың еш қажеттігі жоқ. Адамдардың Арал аймағынан үдере көшуі – осыған дәлел.
Бұл мәселе жалпы адамзат баласын алаңдатып отырғанда, сол өлкеде туып-өскен адамдардың жүрегін сыздататынын онсыз да біліп отырсыздар. Сол жүрегі сыздайтындардың бірі – мен.

4. Жүректен жыр арнадым, атажұртым!
Ұмытпасам, 1980 жылдардың аяғы болса керек, демалысымда ауылға келгенімде көргендерім әлі күнге дейін көз алдымда. Дарияның арнасында су жоқ, шаңы шығып жатыр, жерде көк атаулы көрінбейді, мал арық, қырылуға жақын. Ауызсуды дарияның кейбір терең жерлерінде қалып қойған көлшіктерден ішеді. Күндіз де, түнде де қаптаған маса, соналар. Халықтың күйзелген түрі байқалады. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дегендей, ақын болмасам да, төмендегідей өлең шумақтары ойыма орала берді.
Уақытқа бойласам,
Өмірді өткен ойласам,
Замана қалай өзгерген,
Адамдар қайда көзкөрген?

Бетінде ай, күн қалқыған,
Сәулесі суда балқыған,
Көк жиекті қамтыған,
Теңізім қайда шалқыған?

Жарқыраған айдын су,
Көмілген құмға ұлтаны.
Көкорай шалғын, қалың ну,
Қалмаған, тіпті, қылтаңы.

Ақмекен құс жайлаған,
Құрыған қайда ұрпағы?
Дариям қайда жайнаған,
Көбігі жапқан қырқаны?

Көк орман қайда жайқалған,
Көмкерген екі жағаны?
Жоғалып суы сай қалған,
Айналып жолға ұлтаны.

Жағалай қалың ел қонған,
Қаңырап қалған жиегі.
Төбесі құлап жер болған,
Қонысым қайда киелі?

Қалыпты көңге шашылып,
Ата мен баба сүйегі.
Жүрегің жанып, ашынып,
От болып жаның күйеді!
Мен ғана емес, бүкіл адамзаттан араша тілеген Аралдағы ауылымның мүшкіл халі жүрегімді тілгілегенде туған жыр жолдары – осы. Бірақ мен көрмеуім мүмкін, ұрпағым көретін жарқын болашақтан үмітім зор. Құдайдан сол үміттің үзілмеуін тілеймін!
Алуадин СЫДЫҚОВ,
ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары
академиясының академигі, физика-математика
ғылымдарыныңдокторы, профессор.
Измир,Түркия
08 ақпан 2023 ж. 905 0