Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызғаныш деген қызыл ит

Қызғаныш деген қызыл ит

Ұшы қиыры жоқ жазық дала. Жол талғамайтын көліктің соңында будақтап қалған, сыпай құмның шаңы ғана ен далада тіршілік барынан хабар беріп тұрғандай. Көлік терезесінен сыртқа көз тастаған Дастанды «апыр-ау мұнда шынымен ел бар ма? Сірә біз адасып бара жатқан шығармыз» деген ой да мазалап келеді. Көлікті тізгіндеп отырған дәу қара, желкесі күжірейген көкей, тікірейген ақ аралас шаштарының арасынан самайын бойлай аққан терін мойынындағы сүлгісімен бір сүртіп алып, аузындағы насыбайын терезеден сыртқа лық еткізіп, жуан дауысымен бұған қарай үн қатты.
 – Ал балам! Шөлдеген жоқсың ба-ей! Өзің бір сөзге жоқ бала екенсің,- деп орындығының оң жақ тұсында тұрған, сырты киізбен қапталған бөтелкені алып бұған ұсынды. Дастан суды алмай тұрып: «Мынаның ішіндегі судың салым шәйі кем болып тұрған шығар. Әйтпесе, мына ми қайнаған ыстықта киізбен қапталған бөтелкедегі су қайдан салқын болсын», - деп ойлап еді. Жоқ су тамақты қарып, кепкен аңқаны баспаса да ми даладағы ыстықта шөл басуға жарап тұр екен.
– Иә балам, ауылда туысың бар ма?– деп сұрады шопыр көке мұнан соң суды өзі ішіп жатып.
– Жоқ. Пәтер жалдап тұратын шығармын. Мына жауапқа көкем жақсылып ішек-іслесі қатқанша күліп алды.
– Ауылда қайдағы пәтер. Директордың үйінде тұратын шығарсың. Ауылға сен сияқты жас мамандар көп келеді. Бәрі директордікіне болмаса, Саматтікіне барып тұратын. Көп өтпей сосын қаласына қайта тайып тұрады, - деді шопыр көкем езуін жия қойып.
– Ауылға әлі алыс па?
– Келіп қалдық. Мына қырдан әрі асып түссек ауыл көрінеді, - деді көкем. Бірақ қыр асып ауыл көрінгенімен көз ұшында қылаң берген, әр жерден сирей көрінген елге жеткенше Дастанның тағы біраз шыдауына тура келді.
Мұны мектеп басшысы жақсы қарсы алды. Өзі де бір-екі жылда зейнетке шықсам деп жүрген кісіге ұқсайды. Дастанның ойынша жас шамасы сондай сияқты.
– Ал балам! біздің ауылға қош келдің.  Бізге өзің сияқты жоғары білімді жас мамандар ауадай қажет. Бірақ қазір жастар ауылдан қашады. Сен қаланың баласы болсаң да, ауылға келгеніңе ризамын, - деп бұған қарап езу тартты.
«Иә саған. Осы қиырдағы ауылға келейін деп келді дейсің бе? Әкем ғой болмай қойған. Сол жақтан бастап тәжірбие жинап кел. Сосын қалаға ауыстырамын. Содан кейін жәйлап мектеп директоры қыламын деп қоймаған. Маған салса қалада бұйырған жұмысты істеп жүре берер едім ғой»,- деп ішкі ойымен алысып тұрған Дастан мұның бәрін сырт көзге көрсеткісі келмеген адамша сәл езу тартып жымиды да:
– Жақсылықтың бәрі ауылда ғой, аға. Дипломды кеше ғана қолға алған бізге ауылдағы қарапайым, өзіңіз сияқты дарқан пейілді адамдар қолау көрсетпесе қаладан қайран жоқ, – жас маман.
Бұл сөз манадан креслосында әрі бері теңселіп, ақ жидесінің төс қалтасындағы бет орамалымен маңдай терін жәй ғана жұқалап сүртіп қойып отырған директорды одан сайын жібітіп жібергендей.
– Туыстарың жоқ болса, біздікіне жайғас. Мектепте ұжымдасым, үйде балам боласың, - деп одан сайын жадырай салды.
Дастан бастықпен бір үйде тұру қалай болар екен. Сонда мына кісімен 24 сағат бірге боламын ба? Арасында былай-былай кеткім келсе ше? Бірақ басқа қайда барамын, - деп санасындағы сан ойлармен алысып әлек.
Олар үйге келді. Кең сарай дерсің. Ту мына үйдің ауылда қор боп тұрғаны-ай! Қалада тіпті мұндай үй жоқ шығар! Мұнда жаныңа керектің бәрі бар екен. Дастан үнсіз жүргенімен оның миы сайрап жатыр. Ортада тұран жұмсақ диванға отырып, артқа қарай шалқайды да, көзін тарс жұмып алды. Бір сәт ойына Айгерім түсіп кетті. Мен мына ауылдан қалаға 2-3 айда бармасам, анау жолмен қатынау да қиямет екен ғой. Әйтеуір мен жоқта Айгерімді өзге жігіттер айналдырып әкетпесін. Кенет, селк етіп көзін ашып, атып тұрды. Қой құрысын бәрі уақытша ғой,- деп өзін жұбатып, бағанағы өз орнына қайта отырды.
Бұл физика пәнінің мұғалімі. Жаңа оқу жылы басталған соң ұжымдастарымен танысып, ішінен өзіне жақын дастар да таба бастады. Әсіресе, дене тәрбиесінен беретін Самат Дастанды жақын тартты. Ұжымдағы жасы кішірегі де сол. Қалғандары 20-30 жылдан бер мектеп өмірімен сіңісіп кеткен үлкен ағай-апайлар. Саматтың үй де директордың үйінен әріректе тұрады. Кейде жұмыстан бұлар бірге қайтады.
– Қалай ауылға үйреніп қалдың ба? – деп сұрады бірде Самат.
– Үйренуін үйрендім ғой. Бірақ директормен бір үйде тұру біртүрлі ығайсыз екен?
– Онда менікіне көшіп келсеңші. Үйде әйелім мен екі қызым бар. Олар кішкентай.
– Бола ма? Әйелің қарсы болмай ма?
– Мөлдір ма? Жоқ-а. Ол ондай емес. Сенің алдыңда да екі жігіт біздің үйде тұрған кейін қалаға қайта қызмет ауыстырып кетті. Бірақ айтып қойайын. Біздің үйде директордың үйіндегідей жағдай жоқ. Қарапайым тұрамыз.
Дастан келісті. Осылай Саматтікіне көшіп барды. Мұнда келген соң ол Самат айтқандай әйелі мен 2 қызы ғана емес, тағы қарт кісінің бар екенін көрді. Үйге келген қонақ шығар деп басында мән бемеген. Бірақ қарияның қайтар түрі жоқ. Саматтың да оған қарым-қатынасы онша емес.
Үстіндегі киімдері де тым ескі. Бетіндегі қатпарлы әжімдерін жасырғысы келгендей қойған сақалының арасында ақ қылаңдары бар. Адам баласының жанарына тіктеп қарамайды. Қарай қалсаң тайдырып әкетіп, өзінше бөлектеніп, қуыстанып, ылғи ой үстінде үнсіз жүреді. Бірақ үйдің түздегі бар тірлігін тындырып қояды. Ас ішер кезде ғана дастарқан басына келіп, үнсіз ғана тамақтанып алған соң, бәтесін қайырып, оңашаланып тұрған өз бөлмесіне кіріп кетеді де, қайта шықпайды. Тек Саматтың келіншегі Мөлдір ғана көкелеп оған салдырлай әңгімесін айтып отырады. Қария болса оның сауалына ғана жауап беріп, артық ауыз сөз айтпайды.
– Самат, өзің шаңырағыңа елдің бәрін паналатып жүрген кеңпейіл адам екенсің? Мен, мына кісі бар, – деді бірде Дастан Саматқа деген ризашылығын білдіріп. Бұған Саматтың жүзі қызарып, сәл кібіртіктеп барып жай ғана жымиды. Дастан да өзінің ыңғайсыз, оған жақпайтын әңгіме айтқанын біліп үнсіз қалды. Екеуінің арасындағы сәл үнсіздіктен кейін Самат тіл қатты.
– Бұл жәй адам емес. Ол менің әкем, -деді де ауыр күрсінді. Көптен бері ішіне сыймай жүрген шерін ақтарғысы келгендей.
– Ол кезде мен 6 жаста едім. Анам мектепте мұғалім болды. Аяғы ауыр болған соң декреттік демалысқа шыққан. Үйде қарап отырып алмаймын деп азық-түлік дүкенін ашты. Әкем көбіне қырдағы малды түгендеп кететін. Одан тұзден аң аулайтын. Әйтеуір күн ұясынан шыққанда кетіп, кешке іңір түсе бір оралатын. Анамның әп дегенен саудасы жүре бастады. Мен көмекшісімін. Әкем мен анам бұрындары да жиі жанжалдасып қала беретін. Ол кезде ұрыстарының мәнін түсінбейтін мен ондай шу шыққанда бөлмеме кіріп алып,  жастығымның астына басымды бүркемелеп, көзімді тарс жұмып жатып қалатынмын.
Бірде үйге әкемнің сыныптасы Бекболат келді. Өзі сәл масаңдау екен. Құрдас болған соң анамен әзілдесіп әңгіме дүкен құрды. Анам да оған дайын шәйін ұсынды. Бұрында әкемнің оны жақтырмайтынын сезетінмін. Бүгін ыржалаңдап төрінде отырғанын көріп қабағы түйіліп, жүзі сұрланып кетті. Құдды өрт сөндіріп келген бе дерсің. Сол ашуы тарқамай қойды. Бекболат қайтқан соң да анама: «Мен жоқта не алғашқы махаббатыңмен көңіл жарастырып жүрсің ба? Мына бала да соныкі шығар» деп тиісті. Анам байғұс ақталып әлек. Бұл күнді өмір бақи ұмытпаймын. Жүрегіме өшбес жара, өміріме ойран салған күн болды. Әкем мен анамның арасындағы даужанжаға ұласты. Қызғаныштан көздері қарауытқан әкем анамды жүкті екен деп қарап жатпай соққылай бастады. Арғысын көрген жоқпын, әдетімше бөлмеге тығылып алғам. Бір сәт тынышталды-ау дегенде есіктен сығаласам, анам қан жоса болып жатыр. Әкем басын жерге ұрғылар дауысы шықпай жылап отырды. Мен бірнеше жасқа есейіп кеттім. Осылай туған әкем анамды өлтіріп, мені жетім етті. Өзі 15 жылға сотталып кетті.Мен нағашы әжемнің қолында өстім. Ол қанды оқиғаны ел әлі ұмытқаным жоқ. Содан бері мен үшін әкем де өлді. Оны ешқашан кешірмеймін. Бұл үйде жүрсе, ел-жұрт баласы әкесін қаңғытып жіберіпті демесін дегеннен. Ол түрмеден қайтқанда мен оқу бітіріп жұмысқа орналасқам. Келгеніне де көп болған жоқ. Тек келіншегім ғана «не дегенмен туған әкең ғой»- деп келіндік міндетін жасап жүр, - деді Самат ауыр күрсініп.Үнсіз ұзақ отырды. 
Дастан еңкейіп кеткен еңсесін баяу ғана тіктеді. Алдында отырған Саматтың қос жанары мөлдіреп тамшылар үзілуге шақ қалып тұр екен. Оған не деп жұбату айтарын білмей отыр. Самат та тілссіз қалған  Дастаның екіұдай күйін түсініп, оның иығынан қақты да  бөлмеден шығып кетті.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
14 ақпан 2023 ж. 440 0