Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сан сырлы жаратылыс

Сан сырлы жаратылыс

Ғылым мен техника қарыштап дамыған бүгінгі заманда да жаратылыста адам санасы жете бермейтін құпияға толы беймәлім сырлар жетерлік-ақ. Мәселен, ирелеңдеп жерден шығатын немесе жауынмен түсетін кәдімгі құрт біршама уақыттан кейін көбелекке, одан кейін қоңызға айналады екен. Ал үйімізде күнде көріп жүрген өрмекші он шақты жұмыртқа салады. Оның біреуі қарақұрт, не бүйе болып шығады екен. Әрине, кез келгенінен емес, мыңнан немесе миллионнан біреу ғана. Екеуі де улы жәндік. Қарақұрт адамды шақса оған дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмесе, міндетті түрде өліп кетеді. Ал сол қарақұртты қой қуып жүріп жейді және ол қой өте семіз болады. Бұнда қандай сыр бар? Адам сирек мекендейтін елсіз жазық далада Италақаз деген құс еркек, ұрғашысы болып, жұптасып ұшып жүреді, топтасып ұшпайды. Денесі ала болғасын Италақаз деген. Кәдімгі көл жағалап жүретін қоңыр қаздан айырмашылығы жоқ, бірақ көл жағаламайды. Табиғатта өте сирек кездеседі. 2-3 жұмыртқа, оны да балпақтың тастап кеткен ініне салады. Балпақтың інді тастап кеткенін түйсіктері арқылы сезіп біледі. Міне, сол 2-3 жұмыртқаның біреуі құмай болып шығады. Тазылардың ішіндегі ең жүйрігін, алғырын құмай дейді. Бірақ бұл жұмыртқадан шыққан құмай ит емес, құс. Құс болғанда да қырғи, қаршыға тектес өте жыртқыш құс. Оқтай ұшқыр және ауыз тісі де мықты болады. Ұшып бара жатқан құсты көз ілеспейтін шапшаңдықпен лезде қуып жетіп, үстінен мойнын тістеп, қиып жібереді. «Құстан туған құмайым» деп келетін жыр жолдарындағы құмай осы. Бұлда мыңнан, миллионнан біреу ғана кездеседі. Табиғатта өте сирек кездесетіндіктен адамдардың құс құмайды дәл тауып, қолға үйретуі аса қиын. Соған қарамастан ерте замандарда адамдар құмайды қолға үйретіп, құсқа салып отырған. Жұмыртқасынан құмай шығатындықтан тазының құмайына теңеп, италақаз деуі де осыдан болса керек.
Оңтүстік Америка құрлығында әлемге әйгілі Амазонка деген үлкен өзен бар. Оның ұзына бойы екі жағы қалың жыныс ну орман. Осы орман ішінде әлемдік дамудан кенже қалған тайпалар әлі күнге дейін бар көрінеді. Солардың бірі – Падаунг деген тайпа. Бұларда мыс аса қадірлі зат болып есептелінеді. Қыздарына бір жастан бастап жиырмаға келгенше әлгі мыстан білезік істеп, мойындарына кигізіп отырады. Қыз бойжеткен сайын әлгі білезіктерді кеңейтіп, санында арттырып отырады. Мойнындағы білезік жиырмаға жеткен қыз ең әдемі қыз болып саналады. Бастарын жуғанда мойынның жіңішкелігі мен ұзындығы сондай, басын көтере алмай, жан-жағына құлай береді екен. Сондықтан басқа әйелдер оған көмекке келеді. Тағы бір тайпа күндіз күні бойы күркелерінен шықпай жатып, тек түнде ғана тіршілікке кіріседі. Өйткені, күнге шықса денелері күйгендей болып бүрісіп, шандыр болып қалады және бір тайпада жігіттері үйленгенде қыздың үйіне барып, келін болып түседі екен.
Үндістанның Гималай тауы мен Пәкістанның Гиндикуш тауының аралығында бір ғажайып жер бар. Әлгі жерді жер бетінің ұжмағы деуге болады. Жеміс ағаштарының неше түрі өседі, қыс болмайды. Жыл он екі ай қоңыржай, шуақты климат. Кашмир аймағына жатады. Ал Кашмир аймағы бір тамаша жер, осы жер үшін Үндістан мен Пәкістан күні бүгінге дейін таласып, қырғи-қабақ болып келеді. Міне, осы жерде бір шағын ауыл бар екен, өздерін ерте заманнан қалған Қытайдың бір бұтағымыз деп санаса керек. Қоректері жеміс-жидек, ешкінің сүті мен еті, дақылдан бидай егеді. Күні бойы мәуелеп өсіп тұрған жеміс-жидектермен бидайды қуырып, қалталарына салып алып, жеп жүреді. Адамдардың орташа жасы 120-130, ұзақ жасағандар 170-180-ге дейін барады. Әйелдері 60-65 жасқа дейін бала көтере береді, 45-тегі әйелдері біздің 20-дағы қыздардай, яғни оларды осындай дәрежеге келтіріп тұрған табиғат.
Көкек деген құс жұмыртқасын басқа құстардың ұясына салады да енді оған қарамайды. Баласын тастап кеткен әйелдерді «көкек ана» дейтіні сондықтан. Ал басқа құс көкектің жұмыртқасын басып, балапан қылып шығарады. Көкектің балапаны тез өседі де, қасындағы балапандарды ұядан итеріп жібереді, сөйтіп ұяда жалғыз қалады. Ал әлгі құс оны жатсынбай өз балапанындай көріп, ұядан ұшырады екен.
Кәдімгі боқ жеп қара қара 300 жыл жасайды екен, бірақ бәрі бірдей жасай бермейді. Көбісі жылы жаққа ұшуға ерініп, қыстап қалып суықта үсіп өледі. Тасбақа да 300 жыл жасайды және 700 күн нәр татпай жүре алады. Жейтіні мейір шөп оны тек тасбақа ғана таба алады. Тасбақа туралы Шерхан Мұртаза айтады: «Мен дүниеде бір бақытты мақұлық болса, ол осы тасбақа шығар, өйткені ол кеңістікте ешкімнен қорықпай, емін-еркін жүреді, қауіп төнсе жиырылып сауытына кіріп кетеді, енді оған ешбір жыртқыш тиісе алмайды, сөйтсем қателесіппін, дүниедегі ең бақытсыз сорлы мақұлық осы тасбақа екен. Мәселен, теңіз тасбақасы 10 шақты жұмыртқасын теңіз жиегіне алыстау борпылдақ құмның жиегіне салып, оны көміп тастайды да, өзі кері теңізге қайтады. Тасбақа жұмыртқадан шыққан ұрпағын енді көре алмайтынына налып, мұңайып, артына қарай-қарай кетеді екен. Ал құм ішінде жатқан жұмыртқаға өш емес жыртқыш жоқ. Оған түлкі де, кесіртке де, жыланда, аламан тышқанда, крокодилде, тіпті аспандағы күшіген де өш. Олар құмды қазып, ту-талапайын шығарады. Алда-жалда бір-жары тірі қалса дереу теңізге жүгіреді. Олар ендігі өмірі теңізде екенін сезеді. Бірақ, теңізге жетем дегенше тағы да қауіп-қатер көп. Сонымен, теңізге бірде-екілісі ғана аман жетеді екен» дейді. Ал тасбақаны аулап етін жейтін, сауытынан әр түрлі бұйымдар жасап, туристерге сататын елдер бар. Ол үшін тасбақаны қайнап тұрған суға салып жібереді екен, сол кезде еті бір бөлек сауыты бір бөлек қалатын көрінеді.
Атлант мұхитындағы әйгілі «Бермуд үшбұрышының құпиясын» әлем ғалымдары әлі күнге дейін аша алмай келеді. Аса қауіпті су беті. Ол жерге кемелер жақындамайды, үстінен ұшақтар ұшпайды. Кездейсоқ тап болғандар байланысын үзеді де, жоқ болып кетеді.
Өзіміздің Аралда да Ақсақал тәуіп жақта «құрдым» деген жер бар. Оған көптеген өзендер құйып жатқан көрінеді. Судың бәрі жер астына сіңіп жоқ болып жатыр. Соншама су қайда кетіп жатыр, ешкім білмейді. Құрдым тартып кетеді деп, ол жерге адам жақындамайды, малды да жібермейді.
Сондай-ақ біздің өңірде Қазанғап, Шая деген кісілердің зираттары бар. Екеуі де кезінде ірі дін өкілдері, әулие болған адамдар. Солардың зираттарының маңынан өткендер тоқтап, құран бағыштайды. Егер біле тұрып тоқтамай кетсе, оларға қандай да бір зақым келеді, жолы болмайды. Ал білмей өткендерге зиян жасамайды.
Міне, жаратылыстың осындай құпия сырлары көп-ақ, бәлкім кейбіреулер бұны несіне бұтып-шатып тізіп отыр дер, дегенмен бүгінгі жас ұрпақтың біле жүргені артық болмас деген ниет қой.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
15 сәуір 2023 ж. 469 0