Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайта тірілген адам

Қайта тірілген адам

Дәстүрлі діндердің түсінігінде өлгеннен кейінгі өмір бар, бірақ та оның қалай болатыны жайында нақты деректер жоқ. Ал материалистік ғылым адам тәні өлген соң ми жұмысының негізі саналатын санасы да мәңгіге өшіп жоғалады, яғни өлім дегеніміз мәңгіге жоғалу деп түсіндіреді. Бұл екі түсініктің екеуі де адамға қашып құтыла алмайтын ажал дегеннің не екендігі туралы жарытып білім бермейді.О дүниеден оралған жігіт
Ертеде радио-телевидение, интернет, газет-жорнал деген жоқ кезде адамдардың арасындағы байланыс алып-қашты сөздер арқылы жасалатын. Ол негізінен «пәлен жерде пәлендей оқиға болыпты дейді» деген мағынада айтылатын және ол ақпараттың шынайы екендігіне ешкім ешқандай кепілдік бермейтін. Қазір ақпарат дамыған ғасырда жағдай мүлдем басқаша.
Интернеттің дамуы адамдардың өз бастарынан кешкен түрлі жағдайлар жайында ақпаратты жедел таратуға мүмкіндік жасады. Ол ақпарат ертедегідей «пәленше бүйдеген екен» деп оған әркім өз ойынан тағы бірдеңелерді қосып, өзгертілген түрде емес, алғашқы түпнұсқа бойынша өзгеріссіз таратылады. Сондықтан, ондай ақпаратқа сенуге болады.
Таяуда ютубтен о дүниеде болып қайтқан жігітпен журналистің сұхбаты түрінде баяндалған оқиға негізінде түсірілген видеоны көрдім. Әлгі жігіт журналистің сұрақтарына бүкпесіз еркін жауап беріп, басынан кешкен жайлар туралы баяндайды. Сонымен, өліп тірілген жігіт не дейді дейсіз ғой?..
Өлім деген жоқ
Бұрын Құдайға онша сене қоймайтын және о дүние туралы айтылған жайларға да сенімсіздікпен қарап келген материалистік түсініктегі жігіттің көзқарасын 100 пайызға өзгерткен оқиға былай өрбіген. Жұмысынан келген жігіт ұйқыға жатады. Содан кейін кенет күтпеген жағдайға тап болады. Медицина тілімен айтқанда оның жүрек талмасы ұстап, содан жантәсілім етеді.
Иә, ұйқыға жатқан жігіт кенет өзін ебедейсіз жағдайда төсекте емес, ұйықтайтын бөлменің еденінде ауада қалықтап тұрғанын көреді. Алғашында түсі екен деп ойлаған ол дегенмен, сәлден соң өңі екендігіне көзі жетеді. Өйткені, бәрі ап-анық және төсекте жатқан өз тәнін де көреді. Орнынан қозғалайын десе, қозғала алмайды.
Осындай ебедейсіз жағдайда қанша тұрғаны белгісіз, ол кенет асүй туралы ойлайды. Сол-ақ екен көзді ашып-жұмғанша асүйден бір-ақ шығады. Әлгінде ғана ұйықтайтын бөлмеде қалықтаған жігіт енді асүйдің еденінен сәл жоғарыда қалықтап тұр. Оның санасы ақырындап жаңа жағдайға көндіге бастады.
Ол мынаны түсінеді: ең алдымен, өлген жоқ, тірі. Содан кейін аяқ-қолы, жалпы денесі өзіне бұрынғыдай бағынбайды. Үшіншіден, қозғалу үшін сол баратын нысанды ойыңа алсаң, санаң сені әп-сәтте соған апарады. Ол енді ұйықтайтын бөлмедегі төсегі жайлы ойлайды. Әп-сәтте төсектің жанынан табылады. Содан ойша қолын тәніне апарып, оны жұлқылап оятпақ болады.
Қызықтың көкесі осы жерде болады. Қолы санасына бағынып, тәнін шынымен-ақ жұлқылай бастайды. Бірақ, сұмдығы сол, қолы тәніне бейне сәуле сияқты еш кедергісіз еніп, арғы жағынан зу етіп өте шығады. Кәдімгі ауа қармаған сияқтанады. Яғни, қолымен тәніне еш әсер ете алмайды. Содан ақыл-ойша есікті ашып сыртқа шықпақ болады. Қолы тұтқаға емес, есіктің арғы жағына еш кедергісіз көктеп өтеді. Осылайша ол мынаған көз жеткізеді: қазіргі тәні сәуле іспетті, кез-келген затты кедергісіз көктей өтеді.
Айналамен байланыс
Осылайша түнімен арпалысқан жігіт таңертең тағы да бір сұмдықтың бетін ашады. Бұны оятуға келген анасы бар даусымен айқайға басады. «Құлыным-ау, мені тастап қайда кеттің» деген анасының сай сүйекті сырқыратар сөзін естіген ол «мен мындамын, ешқайда кеткенім жоқ» деп бар дауысымен айқайға басады. Бірақ, сәулеге айналған тәнінен шыққан дыбысты анасы естімейтін болып шығады.
Міне, осыдан кейін ғана жігіт өзінің ӨЛГЕНІН түсінеді. Иә, оның тәні өлген екен. Өмірі өлім туралы ойламаған жігіт алғаш рет бетпе-бет кездескен жайды түсінуге тырысады. Анасының шақыруымен үйге жедел жәрдем машинасы келеді. Дәрігер оның өлгенін мәлімдейді. Қызығы сол, олардың сөзінің бәрі ап-анық естіліп тұрады. Жігіттің өлгенін естіген көрші-қолаң да жинала бастайды.
Осы арада қызық жай орын алады. Ол тірі адамдардың арасынан өзінің көп жылдар бұрын қайтыс болған атасын көреді. Шынын айтқанда ол атасы қайтыс болғанда ақыл-есі енді ғана кіріп келе жатқан сәби екен. Бірақ та, жүзінен нұр тасыған жерортадан ауған кісінің өз атасы екендігін ол анық таныйды…
Бұл әңгіменің жалғасын сайтымыздан алдағы уақытта оқыйтын боласыздар. Блогымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыздар.
alashainasy.kz
14 сәуір 2019 ж. 1 770 0