Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есікте қаза тапқан полицей ісінде жаңа деректер пайда болды

Есікте қаза тапқан полицей ісінде жаңа деректер пайда болды

Алматы облысы Есік қаласында полиция майоры мен оның досының қайтыс болуына қатысты істе жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Мамырдың 7-сінен 8-не қараған түні Есік қаласында болған қанды оқиға туралы тұрғындар әлі күнге дейін айтып жүр. Ер адам тағы төрт танысымен бірге дәмханада отырған. Кейін кикілжіңдері төбелеске ұласады. Марқұм полицей достарының айтуынша, оларға тағы үш адам келіп қосылған соң пышақ пен қару қолдана бастаған.
«Видеоны көргендер Олжастың оқ атқанын айтты. Ол үш адамды жарақаттамақ болған. Қуаныш пен Қаһарманның аяғына, ал Ержанның арқасына оқ атқан. Соңғысы оқиға орнында қаза тапты», - дейді Зарина Нурсаханова.
Оқ атты делінген күдікті сол жерде ұсталды. Ол Іле-Алатау ұлттық саябағында оперативтік топтың инспекторы болып жұмыс істеген. Дәлірек айтсақ, Түрген округында браконьерлерді ұстаумен айналысқан. Алайда ер адамның туыстары оның бұл іске қатысы барына сенбейді. Олардың айтуынша, оның заң бұзған кезі болмаған.
Ұсталған күдіктінің әріптестері де оны жақтап отыр. Төрт жыл ішінде теріс қылығын көрмеген екен. Қанды оқиға болған күні күдікті жұмыста болған. Басқа инспекторлармен бірге шатқалды аралап жүрген. Тергеу мәліметтері бойынша, кешкі уақытта достарымен кездесуге барып, өзімен бірге мылтық ала шыққан.
«Ол жақсы отағасы. Екі баласы бар. Өмірде әртүрлі жағдай болады ғой. Бірақ бұл жолы оның мұндай қылмысқа барғанына сене алмаймын», - дейді Иманәлі Сәрсенбаев атындағы Іле-Алатау ұлттық саябағы филиалының директоры.
Мұнымен қатар, майор мен оның досының өліміне қатысы бар делінген тағы бір күдікті бар екені анықталды. Ол – 30 жастағы Есік қаласының тұрғыны. Қазір оның қайда екенін туысқандары да білмейді. Бірақ олар тұрғынның бұл қылмысқа қатысы барын жоққа шығарып отыр.
«Бәлкім оның бұл іске мүлдем қатысы жоқ шығар. Өзіміз де не ойларымызды білмей отырмыз. Әмір ол отырыста болмаған болуы да мүмкін. Бар болғаны олар жақын араласқандықтан іздестіріп жатыр деген ойдамыз», - дейді күдіктінің туысқаны.
Baq.kz​​​
16 мамыр 2018 ж. 1 318 0