Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Канадада көлік апатынан 15 хоккейші қаза тапты

Канадада көлік апатынан 15 хоккейші қаза тапты

Канададағы Саскачеван елді мекенінде хоккейшілерді жарысқа алып бара жатқан автобус жол апатына ұшырап, салдарынан 15 адам қаза тапты. Оның 14-і оқиға орнында көз жұмса, тағы бір адам емханаға жеткізілген соң қайтыс болды. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.




«15 адамның орынсыз қазасы біздің қала, елді мекен, қоғам үшін аса ауыр жағдай. Мұндай сәтте не істеріңді де білмейсің», - деді қала мэры Гумбольдт Роб Мюнх.
Humboldt Broncos хоккей командасының мүшелері Нипавин қаласында өтетін плей-офф ойынына қатысу үшін жолға шыққан. Апат қаланың солтүстігінде, Тисдейл аймағында тіркелген. Автобуста 29 адамның болғаны белгілі болды. Оның 14-і оқиға орнында көз жұмған, қалғаны емханаға жедел жеткізілген.
Қазіргі таңда қаза тапқандар туралы мәліметтер жарияланып жатыр. Олардың жетеуі туралы нақты мәлімет белгілі болды. Олар: команданың бас жаттықтырушысы Дарси Хоган, 20 жастағы капитан Логан Шатц, 16-21 жас аралығындағы тағы 4 ойыншы және радио дикторы Тайлер Бибер.
Бір-бірінің қолынан ұстап жатқан, жарақат алған хоккейшілердің Твиттерде тараған суреті көптің жүрегін елжіретіп, олардың саулығын тілеушілер қатары көбейген. Канадалықтар 1,5 млн доллар жинап, қаза тапқан хоккейшілердің отбасына қаржылай көмек жолдады.
Комиссар көмекшісі Кертис Заблочи апаттың сағат кешкі 17:00 шамасында тіркелгенін, 335- шосседе жүк көлігі мен автобустың соғысқанын жеткізді. «Жүк көлігінде тек жүргізуші ғана болған, оны тәртіп сақшылары қамауға алғанымен, кейіннен босатты. Қазіргі таңда аталмыш іс қылмыстық сипат алған жоқ. Тергеушілер апаттың себептерін анықтайды, әзірге нақты ақпарат жоқ» деді Заблочи.
Хоккей ойынын аса жақсы көретін канадалықтарға аталған жағдай тым ауыр тиді. Айта кетерлігі, жол қашықтығына қарамастан, турнирлерге автобуспен шығу - Канада хоккейшілері арасында кең тараған дәстүр.

Baq.kz
09 сәуір 2018 ж. 1 544 0