Күтумен өткен өмір
Кейде бар ғой әйел деген адам маған әлемдегі төзімділік дегеннің синонимі сияқты көрінеді. Қаншама тағдырдың сынағын көрсе де, қайыспай қарсы тұрып, барына шүкір етіп, жоқшылықта сабырлық танытқан нәзік жанды, бірақ ерге бетер қайратты да төзімді әйелдер туралы естігенде кейде қайран қаламын. Иә, олардан сыр тартып, әңгімесін тыңдасаң тұнып тұрған тәрбие дерсің. Сондай қайсар әйелдің бірі – Дина. Оның тағдыр таразысына өлшеніп берген өмір жолын оң болды деп айту әсте қиын. Бірақ сол қиындықта сынбай, келер таңның өзі үшін жарқырап атарына сеніп, өмірге деген құштарлығы бір сәт те жоғалған емес.
Динаның әке-шешесі кезінде совхоздың малшысы болған. Ол кезде мал баққанның дәурені дүркіреп тұрған шақ. Отбасында алты ағайындының ортаншысы еді. Әке-шешесі балаларын қатарынан кем қылмай өсірді. Тіпті елдің алды қылды десек те жарасар. Анасы адуын әйел атымен танылған жан еді. Оның қаһарынан бүкіл ауыл қаймығатын. Сөйтіп жүріп балаларына елде жоқ киімді кигізді. Тәтті тамақты жегізді. Дина сол балалардың ішіндегі мінезі жуас, көнбіс, тірлікке пысығы еді. Сонысынан да анасы оны ерекше жақсы көретін. Бала күнінде өте аурушаң болған соң ба, әйтеуір анасы осы қызына басқалардан ерекше қарайтын. Мектепте де жақсы оқып, ата-анасының суретін құрмет тақтасына ілгізді. 8 жылдық мектепті бітірген соң мамандық бойынша оқығысы келетіндігін айтты. Оған бастапқыда әкесі қарсы болған. «Әлі жассың, 10 жылдықты аяқтап бір-ақ барасың оқуға» деп еді, анасы қызының талабын қайтарғысы келмей «Әкесі-ау, Дина мектепті бестікке бітірді. Мейлі барамын десе барсын. 10 жылдықты аяқтап оқуға барамын деп жүргенде біреу іліп әкетер. Қазір заман қорқынышты. Ел аралас отырған соң қайтып алып келу деген жоқ. Сосын қызың қазан-ошақтың қасында қалады. Обал ғой» деп ақыры көндірді. Дина алыс ағайын әпкесін сағалап Ақтөбеге келді. Осындағы арнаулы оқу орындарының біріне өзінің қызығушылығы оянған химия пәні бойынша мамандыққа тапсырды. Алғыр қыз сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданды. Осылайша ол алдына үлкен мақсат қойып жаңа ортада, үлкен қалада оқу оқып, мамандық алды. Кейін қаладағы зауытқа жұмысқа да орналасты. Бірде еңбек демалысын алып ауылға қайтты. Темір жол вокзалынан ауыр жүгін арқалап түсе бергені сол еді, бойшаң ақсары жігіт оның қолындағы сөмкеге шап беріп жабыса кетті. Оқыс әрекеттен абдырап қалған Дина қолын бұлқып, әлгінің бетіне тесіле қарап, мұның не сенің деп айтпақ болғанша:
– Сізге көмектесіп жіберейін. Сөмкеңіз өзіңіздің бойыңызбен бірдей екен. Мұны қалай көтеріп жүрмексіз? – деп бетіне қарап, тісін ақсита күлді.
– Қажеті жоқ. Өзім-ақ көтере аламын, – деп қолын сілкіп жіберіп алға қадам баса бергені сол еді, биік өкшелі туфлиінің табаны қайқаң етті де, жығылып барып бойын тіктей алды.
– Не болды, қарындас, жарақаттанып қалмадыңыз ба? Айттым ғой сізге көмектесейін деп, өзіңізше болып едіңіз. Ақырында аяқ киіміздің өкшесін сындырып тындыңыз. Енді жалаң аяқ жүресіз бе? – деп тағы да бұған қарап ыржалаңдады. Динаға осы бір жылпылдақ жігіт әсте ұнаған жоқ. Танымайтын адам желімдей жабысып алғанына жыны келіп тұрса да, оның көмегінен бас тарта алмайтындығын түсінді. Екеуі ұзын жолға түсіп алып, базарды бетке алып келеді. Динада үн жоқ. Ал мына жігіттің аузы бір тынбайды екен.
– Студентсің бе? Қайдан қайттың?
– Жоқ, жұмыс істеймін, Ақтөбеден.
– А-а-а, айтпақшы таныспаппыз ғой, менің атым Біржан болады. Сенің атың кім?
– Дина.
– Қайда тұрасың?
– Ауылда
– Е-е-е, жүр онда сені досымның көлігімен жеткізіп салайық.
– Жоқ, қажет емес. Қазір базар маңынан ауылға автобус жүреді. Соған мінемін.
Осы таныстықтың арты оны жұбайлық өмірге бастайтындығын түсінбеген Дина бастапқыда ашық-жарқын жігітті аса жарата қойған жоқ. Кейін Біржан оның ауылының қайда екендігін, қайда жұмыс істейтіндігін біліп алып соңынан қалмай жүрегін ұсынды. Дина болса ізінен көлеңкедей қалмаған жігітке бастапқыдағыдай емес, үйренісіп қалған сияқты.Ішінде бір жылылық пайда болды. Бірақ оның мінезі қисық, шатақ, төбелеске жақын сол кездің тілімен айтқанда «районский» жігіт екендігін білгенде тартынып қалатын. Сөйтіп жүріп бір күні Біржан Динаны алып қашып кетті. Бұл хабарды естіген анасы аһ ұрып, артынан қуғыншылатып әпке, жеңгелерін жіберді. Қуғыншылап келгендер Біржанның отбасын көргенде жақтырмаған кейіпте тыжырайып қалды. Өйткені олардың аналары баяғыда қайтыс болған. Қарт әкесі ғана бар. Біржаннан үлкен ағалары үйленген, бәрі бір 4 бөлмелі үйде тұрады екен. Жағдайлары жоқтығы айтпай-ақ көзге көрініп тұр.
– Дина, сен шынымен де мына үйде қаласың ба? – деді әпкесі жан-жағына мұқият көз тастап.
– Әпке, тағдырым осылай болған екен. «Қайтып келген қыз жаман» деген. Мен босаға аттап қойдым. Ендігі жерде маңдайыма жазылған тағдырымды кешемін, – деді.
– Әлі де кеш емес, орамал салынса да бетің ашылған жоқ. Егер қалғың келмесе бізбен бірге қайт, –деп жеңгесі де әпкесінің сөзін мақұлдады.
– Жоқ. Біржан жаман жігіт емес. Атам да балаша аңқылдаған кісі екен. Өздері кішкентайынан ана мейірімін көрмей жетім өскен. Кеше мен де қаламаймын деп әлек салғам, сонда қайынағам маған бар сырын ақтарып салды. Мен осы күнге дейін алаңсыз бақытты балалық ғұмыр кештім. Ал бұл байғұстар бақыт дегеннің не екенін де білмейді. Осындай сәби көңілді адамдарды жылатып кеткім келмейді. Осында қаламын. Әрісі Алланың бұйрығымен бола жатар, – деп тоқетер сөзін айтты.
Не керек, сол заманның дәстүрімен беташар тойынан кейін үйде жастардың кеші өтті. Осылай Дина ақ келін атанып, Біржанмен бірге жаңа өмірге қадам басты. Өзінен үлкен екі абысыны болды. Бәрі де қарапайым жандар. Дүниеге бай болмаса да адамдық пайым-парасаттары жоғары, ақкөңіл, жомарт, бауырмал жандардың ортасына түскендігін Дина бірден түсінді. Біржан – үйдің кенжесі. Сонысына бұзық әрі ерке. Ал әкесі өте тамаша адам. Бұл үйдегі еркек кіндіктінің бәрі таңның атысы жұмысқа аттанады. Қас қарайғанда сілесі құрып бір-ақ келеді. Дина тұрмысқа шыққан соң 4 айдан кейін аяғының ауыр болғандығын білді. Шүкіршілік етіп қуанып жүрді. Бірде үйіне полиция қызметкерлері іздеп келді. Ол бастапқыда ештеңе түсінбей абдырап қалды. Сөйтсе Біржан полициямен жаға жыртыса төбелесіп, иығындағы погонын жұлып алыпты. Енді сол ісі үшін сотта жауап береді екен. Не керек, осы ісі үшін оны темір торға қамап тынды. Динаға бұл ауыр соққы болды. 3 жылға сотталып кеткен Біржанға ашуланса да осы үйдегі келіндік міндетін атқарып жүре берді. Тұңғышын өмірге әкелді. Арагідік түрмеге кездесуге барып келіп жүрді. Уақыттан жүйрік бар ма? 3 жыл да өте шығып, Біржан оралды. Дина іштей қуанды. Енді құлағым тыныш болар деді. Себебі ауылына барған сайын анасы мен әпке, сіңілдері «Сол күйеуіңнен ажырасып кет. Ол түбі адам болмайды. Қайдағы бір жүрген шпана ғой» деп құлақ етін жейтін. Ондайда Дина жақтырмай қалады. Бірақ сырт көзге сыр білдірмей, сол үндемейтін мінезімен құтылатын. Бірақ бұл сотталуы Біржанның өміріне сабақ болмады. Ол бұзықтығын қойған жоқ. Араға жыл салмай жатып тағы да сол төбелес, тағы да сол ұрып соғу, оны темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарды. Тағы да екі жылға кесілді. Тіпті ол өзінің ол жақтағы өмірінің жайлы, өзіне ұнайтындығын да айтып қалды. Сонда да Дина өзінің келін болып түскен босағасында атасының шәйін қайнатып, қызметін істеп жүрді. Бұл кезде алдағы қайынаға, абысындары бөлек шығып кеткен-ді. Динаның екінші баласы да өмірге келді. Ал Біржан болса сол күйі отбасының жанында емес, темір тордың арғы жағында көбірек уақыт өткізді. Бірде қызының мұңлы жүзін көрген ана жүрегі шыдамай кетті.
– Қызым, ел не демейді, жұрт сөз етеді екен деп өз өміріңді қайдағы бір шпанаға қор қылма. Екі қолыңда екі балаң бар. Ажырасып кет, – деді.
– Апа, мен бұған дейін де сізге ажыраспайтынымды айтқанмын. Енді тіпті ондай қадамға бармаймын. Мына балаларды біреудің босағасына жаутаңдатқым келмейді. Мейлі әкесі сотталған болсын, мейлі бұзық болсын бірақ өз босағасында, өз үйінде шалқып жүрсін. Оның үстіне мына төрінен көрі жақын бақытсыз қартты одан сайын немересінен айырып ішқұса еткім келмейді. Оның да жұбанышы осы екі бала. Оның үстіне Біржаннан ажырасқанда не, ажыраспаған да не, бәрібір ол менің қасымда емес қой. Маған енді бұл сөзді айтпай-ақ қойыңыз, – деді.
Міне, содан кейін де табаны күректей 20 жыл өтті. Атасы да кәріліктен дерт дендеп өмірден озды. Оны да арулап көміп, артынан құдайы асын беріп, ақтық сапарына шығарып салды. Жұбайлық өмірдің 20 жылы. Бірақ сол жылдардың көбі сотталған күйеуді тосумен, Қазақстанның әр өңіріндегі түрмелерге кездесуге барумен өтті. 3 перзенті өмірге келді. Сотталғанда ұзақ мерзімді емес, бұзақылығы үшін әр жолы 2-3 жылдық мерзімді жазаға кесіліп отырды. Бірақ ұрлық жасап, адам жарақаттап, басқа да қылмыс жасаған емес. Оның бар жыны полиция қызметкерлеріне түскен. Олардың тәртібіне бағынғысы келмейді. Кезіккен жерде төбелесе етеді. Әділдікті жақсы көрді. Өмірде әділдік орнатамын деп, әділетсіздердің жазасын беремін деп жүріп жанындағыларға бақытсыздық сыйлап жүргенін өзі де білген жоқ. Балалары есейген соң әкесінің сотталғандығына намыстанатын. Өздерінше қыр көрсететін. Ондайда Дина:
– Болды, доғарыңдар! Ол тірі, ол сендердің әкелерің. Оны ешкім өзгерте алмайды. Басқа әкелерің жоқ. Ол сендерді жақсы көреді. Адам ұялатындай қылмыс жасап сотталған жоқ. Өзі сондай қызуқанды сорлы болса қайтесіңдер. Адам ата-ананы таңдап ала алмайды. Қалай болса да әкені әке деп сыйлаңдар, – деп бір ауыз сөзбен тыйып тастайды.
Соңғы қайтқан кезінде Біржан адам танымастай өзгеріп келді. Баяғы бойшаң, ірі денелі, сымбатты жігіттің жұрнағы да қалмаған. Аруақтай құр сүлдері қалған. Мойнының астынан тамақ тұсынан жараланған. Сөйтсе, түрмеде ұйықтап жатқанда оны бәзбіреулер өлтірмек болған. Бірақ тамаққа қару тақай бергенде оянып кетіп, шап беріп қолынан ұстап алыпты. Сонда да қарудың ұшы өңешті жарақаттап үлгерген. Не керек, сол алған жарақаты оны ақыры айналдырып о дүниелік етті. Біржан қайырсыз күйеу болса да, Дина жесір деген қамытты кимей жүргеніне шүкір дейтін. Тірі болса болар. Бір күні келер деп күтумен жүрді. Ел оның атынан үркетін. Біржанның әйелі деп құрметтейтін. Енді міне, жардан біржола ажырап, қайтып келмес мекеніне аттандырды. Біржан соңғы рет үздігіп демалды да, Динаның қолын қатты қысып:
– Саған рақмет. Өмір бойы мені күтумен келесің. Сені ең бірінші көрген күні сондай жақсы жар болатыныңды ішкі түйсігіммен сездім. Және сол сәттен бастап сенен айырылғым келеген жоқ. Мен нақұрыстың бағыма сені ғана берген. Бәріне төздің, төзе де бересің, балалар өсіп қалды. Бар бақытты сен көресің. Ендігі өмірің жарқын болады. Мен оны білемін. Сезіп тұрмын, – деді де әлсіз саусақтарын білегінен ажыратып, әлсіз ғана демалып, үзіліп кеткен.
Біржан айтқан бақытқа Дина бірден қол жеткізген жоқ. Балаларын жетілдіріп жеткізу үшін бел жазбай еңбек етіп, тоқырау жылдарында үдере көшіп пойыз жағалаған әйелдермен бірге сауда жасап, әйтеуір әупірімдеп жүріп күн көрді. Бірақ ол бала тәрбиесінде қателік жібермеді. Өйткені бар үміті осы балалар еді. Осылай олар да азамат болып еңбекке жараған соң анасына болысып, жоғары оқу орнына грант негізінде оқуға түсіп, кейін қызметке орналасып, анасын алақанға салып аялады. Қазақта «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» деген сөз бар. Басында Біржанның «жынды Біржан» аты көз көргендердің арасында әлі күнге дейін тараған болса да, «оның баласымын» деген жігіттерге қарап қайран қалмау мүмкін емес. Ал Дина өзінің «бір кездегі ажырасып кетпей балаларыма дұрыс үлгі көрсеткендігімнің жемісі осы болар» деп бақытты әжеге айналып, дәулетті тұрмыс кешуде.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
Фото: alashainasy.kz