Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерге бетер «Ай апа»

Ерге бетер «Ай апа»

Арал ауданының қатталған тарихында ел дамуы жолында елеулі еңбек атқарған жандар баршылық. Олар қиын шақта халықтың мұңын мұңдап, жоғына болысты. Олардың есімдері ел есінде жақсы сақталған. Жұрты оны «Ай апа» деп атады. Тіпті Қарақұм өңірінде «Аяр базы» деген жер де болған. Есімінен-ақ көнекөз қариялар бүгінгі мақалаға арқау болар жанның кім екенін танып отырған болар. Иә, біз қазақ әйелінің қоғам мен отбасы қамын ойлап, іскер бола алатындығын дәлелдей білген Аяр Оразалиева туралы айтпақпыз.
Өзін Жұпар Жакенова деп таныстарған апам анасының еңбек жолымен, ол туралы естеліктермен бөлісті. Өзі Аяр Оразалиеваның екінші перзенті. Өзінен бөлек 7 бала өмірге әкелген анасының бала кездері адал еңбегі мен ел қамын жеген ерлік ісіне қанық болып өскен.
– Анам 1951-1955 жылдары екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне Арал селолық сайлау округінен депутат болып сайланды. 16 жасында Арал ауданының Қарақұм ауыл шаруашылық артелінде сауыншы, кейін ферма меңгерушісі болып 1957 жылға дейін 18 жылға жуық уақыт еңбек етті. 1957 жылы №1 фермада аға шопан, кейін жұмысшы, ал 1962 жылдан 1973 жылға дейін зейнетке шыққанша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс атқарды. Былай қараған адамға жай ғана еңбек адамы сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ анамыз әңгіме-сөзбен шаруасы жоқ, қайратты, байсалды әйел болды. Ол кезде біз онша есімізді біле бермейміз. Үйге анамды іздеп көп адамдар келіп-кетіп жүретін. Кейін білдік, ел ішіндегі ірілі-ұсақты мәселеде анам оң шешімін табуға жол сілтейді екен, – дейді Жұпар Жакенова.
«Ай апа» атанған жан туралы өзі өнегелі өмір кешкен Қарақұм өңірінде көзкөргендер естеліктерінен құралған өсиетті әңгімелер тараған. Ұлы Отан соғысы жылдарында елдегі қыз-келіншектерді сауыншылыққа баулыған. Ол кезде жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Шаршауды білмейтін еңбекқор адам болған деседі көз көргендер. Ол ферма меңгерушісі болғанда да көкірек көтеріп, төрге өзған емес. Қарапайым малшымен бірге бір дастарқан басында отырып, барған үйінде күбі пісіп, тамағын асып, май қайнатып көмектесіп жүрген екен. Аяр апаның бір адамгершілік ісі туралы кезінде колхоз мүшесі болған Азат Бижанов былай деп еске алған екен.
– Жайлау деген кісіге 7 сом берешек болдық. Ол ақшаны дер кезінде қайтара алмай әлгі Жайлау дау шығарды. Біз ол кезде ақша таппай қатты қиналдық. Сол кезде Оразалиева Аяр апамыз іске араласып, біздің жағдайымызды түсіндіріп, өз қалтасынан 7 сомды төлеп берді, – дейді ол.
Ал Қазалыдан Қарақұмға тағдырдың ауыр теперішіне тап болып қоныс аударған Зылиха Көкенқызына да осы Ай апа пана болды. Жазылған естеліктердегі мәліметтерге сүйенсек, Зылиха 1949 жылы Қарақұмға інілерімен бірге көшіп келген. Аяр апа бұларды өз үйіне паналатты.
– Біз келгенде Ай апа сауын сиырлар фермасының меңгерушісі екен. Аузымыз аққа тиіп, қарық болып қалдық. Жұмысқа жарайтынымыз сиыр бақтық. Сауыншы болдық. Аяр апа күн-түн аттан түспейтін. Сауылған сүтті Аралға түйемен таситын. Бар істің басында болып, елді еңбекке баулыды, – деген сөзі бар Зылиха Көкенқызының. Аяр апаның жол көрсетуінің арқасында ол да кезінде еңбек озаты атанған.
Совхоздың Киров бөлімшесінің қойшысы Ізбан Егізбаевтың мал басы кем шығып, істі болған. Ағайындар қол ұшын беріп, малды орнына толтырады. Ал Аяр апамыз шағымданушылардың берген өтінішіне орай жоғарғы органдарға депутаттық сауал салып, аталған қойшының ісін сотқа жеткізбей, кепілдікке шығарып алған ерлік ісі де ел жадында.
1962 жылы ауылда балабақша ашу ісін қолға алған Аяр апа елдегі әйелдер қауымының балаларын жинап тәрбиеледі. Ал ол кезде әйелдер балаларға алаңдамай еңбек етті. Бұл да Ай апа атанған дана әйелдің ерлік ісі еді.
Еңбек пен отбасы тәрбиесін шебер ұштастыра білген Аяр апамыз өмірлік қосағы Жакен екеуі өмірге 8 перзент әкеліп, бәрін де азамат етіп өсірген. Бүгінде бәрі бір-бір шаңырақ болып өсіп-өніп отыр. Сонау заманда Зылиха апамен еріп келген бауырларын да шеттетпей, өз баласынан кем көрмей оқытып, мамандық алып беріп, оларды да ел қатарына қосты.
Қалың елдің ішінен шығып, халық қадірмені атанған Аяр Оразалиеваның өнегелі өмір жолынан жас ұрпақтың алар тәлімі мол. Иә, заманында Аралдың атын еңбекпен шығарып, намыс туын жоғары көтерген, халық қалаулысы болған Аяр Оразалиеваның есімін өшірмеу мақсатында ұрпақтары талай есікті тоздырып жүрген көрінеді. Сондағы өтініші – даналығымен дараланған анамызға көше аты беріліп, игі істерін насихаттау мақсатында мұражайларда, аралдық даңқты азаматтарға арналған тақтайшаларда есімі жазылса екен деген тілек қана.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық даналығы. Халық қалаған ғажайып әйел-анаға ел басына қиындық тап болған шақта сая болып, қолдан келген көмегін аямаған нәзік болмысына қарамай, ерге бетер іс тындырған жанның еңбегі лайықты бағасын алса деген тілегіміз бар.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
31 қаңтар 2023 ж. 816 0