Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балжанның биігі

Балжанның биігі

Құқық қорғау саласында ерлермен қатар абыройлы қызмет етіп жүрген әйел полицейлер баршылық. Қоғам тыныштығын күзету асқан жауапкершілік жүктейтіні баршаға белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болған соң ер мен әйел деп бөлінбейді. Қойылар талап пен тәртіп бірдей. Осы қағидаларды қатаң орындап, үдерістен  шыға білген жан ғана өз ісінің нағыз маманы атанады. Өзі нәзік болса да көтерген жүгі ерге бетер сондай жанның бірі – Балжан Айекешова туралы айтпақпыз.

Балжан Тәниқызы  Айекешова 1965 жылдың 12 қыркүйегінде Арал қаласында дүниеге келген.   Н.К.Крупская атындағы №14 орта орыс мектебінде білім алып, түлеп ұшты. Білімге құштар ару сол кезде құқық қорғау саласын өзінің болашағымен байланыстрыған еді. Осылайша  Қызылорда экология және құқық  колледжінің «құқықтану» мамандығы бойынша  оқуға қабылданып, дипломды маман атанып шығады.  
Ең алғаш еңбек жолын Арал  аудандық  статистика бөлімінде   оператор болып бастаған ол кейін аудандық полиция бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету тобының жетекші маманы болып қызметке алынды. Осында табан аудармай 28 жыл қызмет етті.
– Жас күнімнен полиция қызметкерін көргенде қызығушылықпен қарайтын едім. Біз үшін олар қоғамды қорғаушы, тәртіп орнатушы ретінде санамызға сіңді. Сондықтан болар, мен өзімнің болашағымды осы саламен байланыстырдым.  1993 жылдан бастап Арал ауданының полиция бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету тобының жетекшісі болып қызмет атқарып келемін. Әрине, менің жұмысым оңай деп айта алмаймын. Бізде көзделген нақты заңдылықтар бар. Сол бойынша жұмыс жасаймыз. Жұмыс барысында қызықтан гөрі қиындықтар басым болып жатады. Оны бірі білсе, енді бірі біле бермес. Дегенмен бұл менің өзім таңдап алған салам болғандықтан ешқашан шаршаған емеспін, – деген Балжан Тәниқызы аталған салаға қалай келгені туралы айтып берді.
Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Балжан Тәниқызы қызметіне адалдықпен қарап, аудандық полиция бөлімінің ішкі құжат айналымын бақылау, құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, уақытпен санаспай абыройлы қызмет атқаруы ұжымда беделін арттыра түсті.  Өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқаратын қызметкер  Қызылорда облысы полиция департаментінің, аудан әкімінің және бөлімнің  Алғыс хаттарымен  марапатталды.
Ол тәртібі қатаң қызметпен қоса отбасының да ұйытқысы бола білді. Өмірге перзент әкеліп, оларды өсіріп жеткізді. Қазіргі күні қызметте абыройы артқан маман болумен қатар, отбасында аяулы ана, бақытты әже болып отыр.  

Н. МАРАТҚЫЗЫ
22 маусым 2021 ж. 407 0