Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағы капитан, үлгілі әріптес, мейірімді ана

Қырағы капитан, үлгілі әріптес, мейірімді ана

Қоғам тыныштығын күзетіп, сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін қауіпті істерге барып жүретін полиция қауымына байланысты қоғамда қақ жарылған пікір көп. Бірі – оларға сеніп керегі жоқ деген таптаурын пікірге тоқталса, енді бірі – тынышытығымыздың кепілі, тәуелсіздігіміздің тірегі болар ісіне адал азаматтар, қашанда ел басына күн туа қалса халқына қорған болады деп қолпаштап жатады.

Шындығында көп жағдайда полиция қауымының қоғам тыныштығы үшін қосып жатқан үлесі көп. Жүйенің қалыпты жұмысын жүргізіп, қысылғанда көбімізге қорған болып жүрген, кешегідей көзге көрінбейтін жаумен күресте бастарын бәйгеге, өмірлерін қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүретін жандарға біз қай уақытта болмасын алғыс айтуымыз керек. Міне, баршаға ортақ істе бітер іске болысып, тәртіп пен заңның жанашырына айналған сондай жандардың бірі – бүгінде Арал ауданының Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып қызмет істейді.  Есімі Ұлболсын Іскендірқызы Қалыбаева. Біз әңгімеге арқау етпек болған полиция капитаны Ұлбосын Іскендірқызы 1977 жылдың 24 қыркүйекінде Арал қаласында дүниеге келген.
Өмір жолына тоқталар болсақ, 1994-1998 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университитетін «Психолог» мамандығы бойынша, 1998-2000 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан экономика және құқық Институтын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдаған.
Қазақстан Республиксының Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2008 жылдың 14 қарашасында бастаған ол алғашқыда Қызылорда облысы «Мамандандырылған күзет қызмет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің полиция батальонының полицейі болған. Осыдан басталған қызметтік жол күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 2009-2014 жылдары Қызылорда облысы «Мамандандырылған күзет қызмет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Арал ауданының полиция ротасының полицейі, 2014 жылдың қазан айынан бастап Арал ауданының Полиция бөлімінің  жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді. Өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында қандай істі де шашау шығармай орындауға тырысатын оның іскерлік қабілетін әріптестері әлдеқашан мойындап қойған.
Қызмет бабында жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, алдын алу, бала құқығын қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүргізе білудің нәтижесінде бекітілген аймағында қылмыс оқиғасы орын алмағанын ескерсек, бұл өз ісіне берілген маманның іскерлігін айқындайтындай.
Тағы бір айта кетерлігі, қауіпті індеттің қарқыны күшейген тұста нәзік жанды екеніне қарамастан 2020 жылғы 16 наурызынан бастап, Президент жарлығына сәйкес, «COVID-19» жұқпалы ауруының таралуының алдын алу мақсатында қалаға «Самара-Шымкент» тас жолынан кіре-беріс «Арал-Арка» бақылау бекетінде маусым айының 22-не дейін абыроймен кезекшілік атқарды. Бақылау бекетінде өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындап, күніне қалаға кіретін сан мыңдаған автокөліктерді тоқтатып тексеріп, азаматтардың карантиндік талаптарын сақтауды қадағалап, бақылау бекетінде қоғамдық тәртіпті сақтай білді. «23 маусым Полиция күні» мерекесіне орай бақылау бекетінде мінсіз қызмет атқарғаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан өзге де салалық жетістіктері жоқ емес.
Бұл «қызметім халыққа» деп жүрген полиция капитанының атқаруға тиіс қызметі. Десе де істеген ісін пұлдамай, қызмет барысында адалдықты ту еткен 1 сыныпты маманның шығар биігі әлі алда деген ойдамыз. Ол өзі әріптестеріне қызмет бабында ғана емес, отбасылық өмірде де адал жар, аяулы ана ретінде үлгі болуда. Қазіргі таңда 1 ұл, 1 қыздың анасы. Қызметі қауырт болса да қоғам тыныштығы үшін қамсыз кірпік ілмеген полиция капитанының біз аша түскен болмысы осындай.
09 қыркүйек 2020 ж. 979 0