Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кездесу мен қоштасу

Кездесу мен қоштасу

Еліміздің әр қиырында, әр салада еңбек етіп жүрген бүгінгі қоғамдағы мыңдаған мамандар Сыр өңіріндегі білім қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы университеттің әр жылдардағы түлектері. Олар әр кезде үлкен өмірге қанат қаққан алтын ұясына ат басын бұрып жатады. Бұл бір жағы – мектеп алдындағы, ұстаз алдындағы парыз болса, екінші жағынан – албырт кезеңді бірге өткізген дос-құрбыларымен сағына қауышу.
Мамыр айының шуақты күндерінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен 1988-1993 жылдары білім алған шәкірттер бас қосты.

«Отыз жылдың ой-жүзі» деп аталған жүздесу университеттің №1 ғимаратындағы Ә.Қоңыратбаев атындағы дәрісханадан басталды. Өздері отыз жыл бұрын сабақ алған осы дәрісхананы бұған дейін түлектер орталай қаржы жинап, заманауи бейнеге ендіріп, жабдықтаған болатын. Бұл күні жасы елуден асқан байырғы студенттер партаға отырып, филология ғылымдарының докторлары, профессор Жеңіс Сәдуақасов, Бағдат Кәрібозов, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлжан Жанбершиева секілді ұстаздарынан тағы бір дәріс тыңдады. Сондай-ақ, Әлия Мамыраева, Шанжархан Бекмағанбетов бұрынғы шәкірттерге естеліктер айтып, тілектестіктерін білдірді.

Мұнан соң іс шара Мұстафа Шоқай ғылыми орталығында жалғасты.

Түлектердің арасында бір-бірін отыз жылдан бері көрмегендер де кездесті. Олардың сағынышқа толы құшақ жайысқан сәтін көрудің өзі керемет.

Осы бір қимас та қымбат сезімді белгілі айтыс ақыны, халықаралық айтыстардың жеңімпазы Нұрмат Мансұров өз арнауымен жеткізді.

Орталықта университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бойынша проректоры Жандос Базартай қоғамның дамуына атсалысып, нәтижелі жұмыстар атқарып жүрген түлектерді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор Б.Кәрімованың Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, елімізге есімі белгілі талантты композитор, әнші, ақын Елена Әбдіхалықоваға «Қорқыт ата» алтын медалін, Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратоваға «Үздік түлек» медалін тақты.

1993 жылы түлектерге өз қолымен диплом тапсырған университеттің сол кездегі ректоры, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақберген Досманбетов сөз сөйлеп, өткен күндерді еске түсірді. «Бұл жылы бітірген студенттер шынында талантты жастар болды. Олардың арасынан республикаға белгілі өнерпаздар, ақындар, ғалымдар, басшылар шықты. Осы түлектердің бірнешеуіне қызыл диплом тапсырғаным есімде», – деді ұстаз.

Осыдан соң түлектер «Сырдария-Ақмешіт» орталық мешітінде аруақтарға арнап ас берді. Аста түлектер Медеуәлі Бимағанбетов, Молдаш Достанов, Әніс Жақыпов, Әли Байжолов, Темірхан Тебегенов сынды ұстаздарын және өмірден өткен достарын еске алып, Құранға қол жайды.

Отыз жыл бұрын алып-ұшып тұрған жастар бүгінде салиқалы жандарға айналған. Алайда, дәл осы күні олар Жаратушыдан өзге ешкімге бағынбайтын ұлы уақытты отыз жылға кейін шегеріп, өзгермеген көңілдің өз биігіне шықты. Кездескенде асыр салған баладай қуанып, қоштасарда құшақтарын жаза алмай тарқасты.

Отыз жылдың жүздесуі кейінгі жастарға өзінің мазмұнымен үлгі-өнеге боларлық дәрежеде өтті.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
22 мамыр 2023 ж. 516 0