Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаратқан дәрежесін көтерген жан

Жаратқан дәрежесін көтерген жан

Әйел – әлемнің анасы, өмірдің ұршығы. Отбасының ғана емес, әлемнің тыныштық шырақшысы. «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалған» демекші, әйел адамның дәрежесі ертеден биік болған. Қай хан болмасын, қай би болмасын, тіпті жарлының жақынына айналып, ақылын берген, ошағын күзетіп, шаруасын дөңгелеткен – әйел. Осы қоғамдағы орнымыз қаншалықты өз орнында? Әйелді қадір тұту қазіргі қоғамда орынсыз ба?
Жақында жолым түсіп Ақтөбе қаласына барған болатынмын. Пойызға билет қалмағадықтан таксимен баруға тура келді. Менімен бірге бөпесі бар жас отбасы және бір үлкен апа мінді. Ыстыққа қалып қоймайық деп таң бозара бастағанда жолға шыққанбыз. Жол басында баланың мазасы кетіп, жылай бастады. Әкесі өбектеп, құтысымен сүт, су беріп әлек. Біраздан соң баласы қайта тәтті ұйқыға басты. Осы уақыт бойы анасының балаға қарамағаны жүргізуші ағайға жақпай қалған болуы керек. Жол қысқартып айтылған әңгіме барысында: «Қазіргі жігіттер әйел тәрбиелеуді білмейді. Біз кезінде таяқтасақ та айтқанымызды тыңдататынбыз. Еркек екенімізді ұмытпай, дәрежемізді түсірмейтінбіз. Қазіргі жастар бала бағады, үй шаруасын жасайды одан қала бере әйелдерін қыдыруға да жібереді» деді. Оған жанымыздағы апа да күліп, қосыла кеткені. Жас отағасы оған мүлдем шамданбады да, ашуланбады да, жай ғана: «кеше әулетімізде той болған, келіншегім қызмет етіп шаршаған ғой. Ол кісіні де отбасынан, Алладан аманат етіп алған соң өзімнің қолдау білдіргенімді дұрыс санаймын» деп қойды. Осыдан кейін жүргізуші ағай да, жанындағы апа да, отбасы мүшелері де бұл тақырыпқа қайта келген жоқ. Мен де жай ғана ойланып қалдым.
Алланың жазуымен, қадірлі дәстүріміз бойынша әрбір қыз баласының ұясынан ұшып, өзге жанның ошағын түтетуі – қалыпты жағдай. Дегенмен оның қаншалықты ауыр тиетіндігін әйел жаны ғана түсінер. Дүние есігін ашқалы еркелеп, назданып өскен отбасын, туыстарын тастап, мүлдем таныс емес жандардың ортасына барып, олардың бабын табу оңай емес. Осындай тұста, әрине, жарынан болған қолдау өте маңызды. Оның шаруа жасағанда жай ғана жаныңда болуының өзі үлкен көмек. Сені отбасының, достарының алдында қорғай алуы, кеткен қатеңді бетіңе баспай, жай ғана сөзбен түсіндіруі, сыйластық танытуы, барынша отбасына сіңісіп кетуге атсалысуы қандай керемет!
Менмендігі ұстап, әйелдер мен ерлер шаруасын бөліп қарайтын отбасылар ше? Көп жерде байқайтынымыздай, қазіргі таңда жастар арасында бұл ұғым өз мәнін жоғалту үстінде. Қуанышымызға орай баласын бағудан, оны тамақтандырудан, кейде үй шаруасын жасаудан ұялмайтын жігіттер көп. Бастысы өзгенің сөзіне ермей, өзінің принциптеріне мұқият қарау керек.
Иә, асыл дінімізде де айтылғандай: «әйелдің ең жақсысы – өзі жоқ жерде ерінің құқығын қорғаған, ар-ұяты мен абыройын сақтап, ерлерінің тапқан дүниесін лайықты түрде сақтай білген жан». Осындай сипатты нәзік жандыларға лайық болуымыз қате ме? Отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген жандар қаншама. Ата-енесінің, жарының, баласының тілін таба біліп, заманы да сай табыс таба білген жан – қазіргінің маржаны. «Ер адамның жақсысы – әйеліне жақсы қарағаны» дегендей, Алланың өзі дәрежесін көтерген жандарға бәрі жараспақ емес пе?!
Г. ӘЛНИЯЗИНА
03 маусым 2023 ж. 461 0