Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тыныштықтың шырақшысы

Тыныштықтың шырақшысы

Қоғамда қазақ әйелі өз орнын жазбай танып, әйелдiктен даналыққа, отбасы тiрлiгiнен бір қауым рулы елдің қамын ойлайтын Ел анасы дәрежесіне көтерілген. Кешегi өткен Домалақ, Қарқабат, Абақ, Шашты, Ұлпан сынды аналардың өмір жолы өнеге. Әйел адамның қай заманда да, қай халықта болсын орны ерекше. Атам қазақ әйел адамды отбасының ұйытқысы, ер адамның ақылшысы, балалардың тәрбиешісі деп бағалаған.
Ата-бабаларымыз да адамзатқа өмір сыйлаған әйел-анаға ерекше құрмет көрсеткен. «Баланың жақсы болмағы нағашыдан» дегендей, қазақ халқы аналарының, әйелдерінің шыққан тегіне, парасат-пайымына, қадір-қасиетіне айрықша мән берген. Ол әйел адамның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін бағамдай түседі.
Қазақ қоғамында да, Ислам дінінде де қыз баласын сыйлаған, құрмет көрсетіп, бәрінен биік қойған. Мысалы, қыз баланы үйінде "жатжұрттық, қонақ" деп төрге оздырған. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) балаға Алла тағаланың берген сыйы деп қарап, ұл мен қызды бөліп-жармаған. Сонымен бірге қазақ халқы көшіп-қонып жүргенде киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтерсе, керегесін керетін, уығын шаншитын әйел адамдар болған. Ер адамдар нәзік жандыларды түрлі заңдар арқылы қандай жағдайда да қорғап, қолдап отырған. Ал ақын-жазушыларымыз да әйел затын өлең, жыр, әңгімелеріне арқау еткен.
Қыз баланы болашақ жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже деп жастайынан үй шаруасына, тігін тігу секілді тірлікке бейімдеп, адамгершілік пен парасаттылықа, еңбекқорлыққа баулыған. «Алып анадан туады» дегендей, ел басқарған хандар мен билер, ержүрек батырлар мен ақын-жазушылар алтын құрсақты анадан туған. Балаларын ұлтжанды, мейірімді етіп тәрбиелеген кешегі өткен Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз осы сөзімізге дәлел.
Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлері майданға аттанып, өздері тылда тер төккен Батыр аналардың еңбегі ерен. Ерлердің орнында трактор айдап, жер жыртып, небір бейнетті, соғысты, ашаршылықты бастарынан өткерді. Тағдырдың теперішін көрді. Олардың жалғыз тілегі – ел тыныштығы мен амандығы болды.
Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасында ғана емес, мемлекеттік маңызы бар үлкен істердің басы-қасынан табылып келеді. Әйел – отбасының ұйытқысы, ол тек жанұясында ғана емес, қоғамда тыныштықтың шырақшысы іспетті. "Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деген де соның айғағындай. Бүгінгі таңда әйелдер қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан қалыспайды. Нәзік жандылар қызметте, бизнесте, денсаулық саласында, білім мен саясатта, құқық қорғау саласында, экономикада жемісті қызмет атқарып келеді. Расында, әйелдер қауымының ел дамуындағы және ана ретінде дүниеге бала әкеліп, ұрпақ тәрбиелеудегі үлесі орасан зор.
Қазақ қоғамында әйел адам ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен қазіргі таңда ауданымызда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, жанұясында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдар қаншама!
Ерен еңбек қана адамды ойлаған мақсат-мұратына жеткізетінін қайратымен, күш-жігерімен, өр мінезімен дәлелдеп келе жатқан әйел-аналардың қоғамдағы өнегелі істері жас ұрпақты жарқын істерге бастары сөзсіз. Қорыта айтқанда, әйел – әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы. 
К. МАХСҰТ
17 мамыр 2022 ж. 973 0