Ата-ананы ардақтай білген абзал

Қазақ қоғамында үлкенді құрмет тұту – қанда бар қасиет. Қазір заман өзгерді. ХХІ ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры. Бүгінде әлеуметтік желіден небір келеңсіз отбасылық жанжалды көріп жатамыз. Қартайғанда қараусыз қалған ата-ананың мұң-шері, өкпе-назы, бауыр еті баласының көңіл құлазытар ерсі қылығы. Олардың бірі өз-өзіне келіп, байып алған соң, ата-ананы керек етпей, қарттар үйіне тапсырып жатса, енді бірі ата-ананың жиған-терген мал-мүлкін бөлісе алмай әлекке түсуде. Қоғамда кездесетін осындай жаға ұстатарлық жағдайларды көргенде, көңілің пәс болып, алай-дүлей күй кешесің. Қазақ үшін бұдан асқан қайғы, бұдан асқан қасірет жоқ шығар?!..
Ата-ананы құрметтеу – әрбір адамның азаматтық парызы. Қасиетті Құранда: "Бір Аллаға құлшылық етіңдер! Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар", – делінген.
Бірде бір кісі анасын арқалап жүріп, Қағбаны тәуап етіп болып, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): "Анамды арқалап, көтеріп жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті рет айналдырып тәуап еттірдім. Енді айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?" –деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с): "Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес", – деп жауап береді.
Ата-ана – біздің бар байлығымыз. Ата-анаға баласынан артық жан жоқ. Бар өмірінде "перзентім қиындық көрмесе екен, ойлаған арман-мақсатына жетсе екен" деумен маңдай терін төгіп, тынымсыз еңбек етеді. Ұлы Абай «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі, көкірегіне жұбаныш, гүлденіп ой өлкесі» дегендей, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады. Қазақта «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге бірігіп, ана болмас» демекші, ата-ананың орнын ешкім баса алмайды.
Түн ұйқысын төрт бөлген ананың ақ сүтін ақтау, асқар таудай арқа сүйер әкенің қадір-қасиетіне жету – баланың ата-ана алдындағы парызы. Тарихын түгендеген мықты ел боламыз десек, шағын мемлекет – отбасы үлкендерін қадірлей білейік. Бала бақытын бәрінен биік қоятын, өнегелі ұрпақ өсіріп, ортасында қадірлі болып жүрген ата-ананың мерейі үстем, абыройы асқақ болары ақиқат.
К.МАХСҰТ