Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білікті басшы, талапшыл түлек

Білікті басшы, талапшыл түлек

«Казфосфаттың» бас директоры Ғани Тоқсанбаев жайында
Аудандағы іргелі әрі тұңғыш білім ордасы, қара шаңырақ Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің түлектері, ҚР Премьер-Министрі болған Ұзақбай Қараманов, Қазақстанның Еңбек Ері, классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов оқыған және Құдайберген Сұлтанбаев пен Елмұра Жаңабергенова бірі сатираның тарланы болса, бірі аққу үнді жыр-терменің сардары. Тізе берсек айтулы түлектер жетерлік. Сондай-ақ білім, ғылым жолын қуған мақтаныш түлектердің бірі отыз жасында орда бұзып, еліміздің ірі де іргелі кәсіпорнын басқарып отырған түлегіміз жайында болмақ.
Ата-анасыауданда білікті дәрігер болған әкесі Берекет пен анасы Дараш Сұлтанбаева Ғани дүниеге келгенде Шығыстың жарық жұлдызы, жалынды жастар жетекшісі, «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш бас редакторы болған Ғани Мұратбаев ағасындай болсын деп есімін ниеттеп қойған екен. Атына заты сай болып Аралдан түлеп ұшқан жас Ғани Қазақ хандығы құрылған киелі өңірге барып туын тікті.
Жуырда қасиетті Құрбан айт мерекесі күні кіндік қаны тамған туған жеріне ат басын бұрған №13 мектептің түлегі, ауданның, қала берді Сыр өңірінің мақтаныш перзенті, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС бас директоры болып еліміздегі іргелі кен орнын басқарып отырған жерлесіміз Ғани Берекетұлы Тоқсанбаевпен сұхбаттасу сәті түсті.
Әңгіме арасында «жерлестерім мені біледі ме екен?» деп сөз бастады. Осы орайда осы жолдардың авторымен әңгіме өрбіттім. 2019 жылы досым, №13 орта мектеп директоры Хадиша Орынбасарова ханым мектеп бойынша ата-аналар комитетінің төрайымы етіп сайлады. Сол жылы аталмыш мектептің 80 жылдығы тойланатын болып, осы мектепті бітірген түлектерді зерттей бастадық. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жеңістер мен жетістіктерге толы 30 жылдың ішінде елдің көркеюі оның тұлғаларына тікелей байланысты. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан жандардың бірі жерлесіміз Ғани болса, енді бірі Елмұра Жаңабергенова туралы жаздым. Иә, Елмұра Сыр өңірі жырауларының еңбегін зерттеп жүрген ғалым, халықаралық жыршылар байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Әрқайсысы да дара тұлғалар. Әрине «мақтаныш түлегімізсіз ғой, сізді осы мақалам арқылы аудан тұрғындары біледі»білімділігін көрсетіп, топ жарған осындай интеллектуалды жігіттер мен жастарды тәрбиелеу мақсатында қалам тербедім деп айтып жатырмын. Иә, әңгіме арасында «САРАТС жобасы төңірегінде және Көкарал бөгетінің екінші, үшінші кезеңдері қолға алынса, теңіз қайтып сөзсіз оралады»,деді. Жалынды жастың Аралға көмектесемін деген құнды пікірін есітіп, қатты толқыдым.
Мектептің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ-тың Вирджиния университетінің түлегі Ғани Тоқсанбаевтан құттықтау жеделхат келген болатын. Сол кезде осыдан ширек ғасыр бұрын аудан әкімі болған Айтбай Көшербайдың баспасөз хатшысы ретінде осы мектептің 60 жылдық мерейтойын дайындауға атсалысқанмын әрі таңғалғаным есімде қалыпты. Сонымен осыдан төрт жыл бұрынғы Ғани Берекетұлы жайлы жазған мақаламатоқталып, оқырмандарға мақтаныш түлегіміздің қол жеткізген жетістіктері туралы жан-жақты айтып өтейін.
Ғани бауырымыз Қазақстандағы сол кездегі ең мықты жоғары оқу орындарында – Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің xалықаралық экономика факультетіне және Қазақстан Заң институтының (қазір академия) xалықаралық құқықтану факультетіне тесттен ең жоғарғы баға алып, үш бірдей жоғары оқу орнына бір мезетте қабылданады. Айта кету керек, бұл сол кездегі конкурсы ең көп факультеттер болатын, шамамен бір орынға 10-15 үміткер тапсыратын. Алтын ұя мектебіндегі ұстаздарынан алған терең білімі мен аяулы ата-анасының арқасында Алматыда да ол 1997-1998 жылдары үш жоғары оқу орнына қатарынан түскен. Оның ішінде жоғарыда аталған университеттерге қоса Қазақ құқықтану және халықаралық институты да бар еді. Сол институттың халықаралық заң факультетін 1997 жылы ең үздік студент ретінде аяқтайды. Бірақ ерте еңбек жолын бастағандықтан, экономика бағытындағы оқуын тоқтата тұруға тура келеді. Бірақ оны кейін ыңғайы түскенде қайта жалғастыру ойында болады. Көңілін заң саласына аударыпты. Оның ойынша, бұл салада біраз жетістіктерге жеткен сияқты. Қысқаша айтар болсақ, алдында айтып өткендей Әділет министрлігінде 1996 жылы стажерлық жұмыстан бастап, бір жыл заңнама департаментінде директордың орынбасары лауазымына дейін өседі. Одан кейін, министрлікке қарайтын Ұлттық заң агенттігінің президенті де болып қызмет атқарған. Бірақ мұндай жоғары лауазымдарға қарамай, Абай атамыз өсиет еткендей, атақ қумай, жас кезінде білімін жетілдіруді қалайды. Сондықтан да шетелде оқу мүмкіндігі пайда болған кезде талпынып, 1998-1999 жылдары Вирджиния университетінің заң мектебінің магистратурасын бітіреді. Вирджиния университеті – заң саласында Американың ең үздік 10 оқу орындарының бірі. Және де ол мектепке «Болашақ» бағдарламасы арқылы емес, керісінше, АҚШ үкіметінің шетелдік үздік студенттерге бөлінетін Musкіе бағдарламасы арқылы түскен. Ол кезде «Болашақ» арқылы шетелге жүздеген түлектер барып жатса, Muskie бағдарламасы арқылы жылына бүкіл Қазақстанға үш орын ғана бөлінген екен. Ол сол магистратураны бітірген ең жас түлек болыпты. Бертін келе, сол заң фирмасында жүрген кезінде тек қана Қазақстан заңгері емес, Англияның да заңгері болуға бел буыпты.Бұл шешіміне оның шетелдік әріптестерінің де зор ықпалы тиіпті. Бірақ Англияда заң саласында жұмыс істеу үшін біздің, тіпті Американың да білімі мен дипломы жеткіліксіз екен. Англияның заң саласында тек өз университеттерін бітіргендерді ғана мойындайды екен. Сондықтанол қайтадан 2 жыл Англияда қосымша оқуына тура келіпті. Содан кейін де ол елдің талабы бойынша әрбір үміткер 2 жыл бойы заң саласында Англия елінде практикадан өтуі тиіс болатын. Сол арманының жолында ол Англияға төрт жылға аттанды. Бірақ сол кезең ол үшін ең қызықты да жауапты жылдар болыпты. Біріншіден, оның жолы түсіп, оқуын әлемнің ең үздік университеті – Оксфорд университетінің заң институтында жалғастырды. Оксфорд университетін бітірген алғашқы қазақтың бірі болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Сол Оксфордтың заң институтын үздік бітіріп, екі жыл сол баяғы Дентон фирмасының Лондондағы әйгілі Ситидегі бас офисінде тәжірибе жинады. Сөйтіп, 2006 жылы Англия мен Уэлс заңгерлер ассоциациясына мүше болып, «Англияның заңгері» деген лицензиясына ие болды. Сол кезде Англияда заңгер лицензиясын иеленгенімен қатар, Қазақстан түгіл, бүкіл ТМД елдерінен Ресейді қоса алғанда оншақты ғана жас болғанын айта кету керек.
Лондондағы Сити – әлемнің ең үлкен де дамыған қаржы орталығы. Ситиде әлемдегі ең мықты банктер мен қаржы институттарының бас офистері орналасқан. Ол заңгер ретінде сол банктермен көп араласып жүріп, сол инвестициялық банкирлердің мамандықтарына қатты қызығушылық танытты. Бірақ, ол басқа әрі ерекше жауапты мамандық. Ол үшін он жылға жуық заң саласында жинаған тәжірибесін ысырып қойып, бәрін қайтадан бастау керек болды. Қызығы, одан жасыған жоқ. Әрқашан да жаңа білімге, жаңа ұмтылысқа құмарлығы арта түсті. Сондықтан да, Швейцарияның ең үлкен инвестициялық банкі – Кредит Суисстен оған ұсыныс түскенде көп ойланбай, сол банктің Лондондағы офисінде банкир ретінде жаңа жұмысын бастайды. Мұндай қызметке орналасу шынын айту керек, Англияда оқып жүрген әр студенттің арманы болатын. Бір қызығы, оның Дентон заң фирмасындағы әріптестері мен партнерлерінің көбісі ақ нәсілді Англияның тумалары болса, Кредит Суиссте бүкіл әлемнен жиылған ең озық, білімді жастар еді. Оның ішінде Түркиядан, Ресейден, Араб елдерінен, Италия мен Франциядан келген мықты да білікті жастар болды. Оның пайымдауынша, сол кезде Кредит Суиссте жерлесіміз Ғанидан басқа бірде-бір қазақ жоқ екен. Осындай керемет орталықта оның финанс саласындағы қызметі жаңадан басталғанына Аллаға сансыз шүкірлік етіп, риза болады. Кредит Суисте алған тәжірибесі әлі күнге дейін көмектесіп келеді. Кредит Суисстің Лондон офисінде екі жылдай жұмыс атқарып, сол банктің Қазақстанда өкілеттілік офисін ашуға атсалысты. Сол офис ашылғанда, 2009 жылы (Англияда 7 жыл өмір сүріп), елге қайтуды жөн көреді. Бір жағынан, жас келген сайын алған білімі мен тәжірибесін ел-жұрттың қамына жаратуды ойлайды. Кредит Суисстің Алматыдағы офисінде Ғ.Тоқсанбаев екі-үш жылдай қызмет атқарып, қазақстандық мемлекеттік және жеке компанияларға шетелдік қомақты инвестициялар тартуға атсалысты. Одан кейін 2013 жылы жергілікті «Қазақ» банкінің директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. 2016 жылы банк алдыңғы менеджменттің бұрыс әрекеттерінің салдарынан дағдарысқа ұшырап, банк акционерлері оны кризис менеджер ретінде банктің төрағасы етіп тағайындайды. 2018 жылы «KAZ Checmicals (КАЗ Кемикалс)» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2021 жылы «Казфосфат» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметінде болса, өткен жылдан бері «Казфосфат» ЖШС бас директоры қызметін атқарып келеді.

Бірлескен меморандумға қол қойғаны жөнінде баян етпес бұрын басқарып отырған кәсіпорнына қысқаша тоқталып өтейін. «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл өңі¬рінде ғана емес, еліміз бойынша химия өнді¬рісінің локомотиві саналады. Жаңа қызметке тағайындалғаннан бастап Ғани Берекетұлының ең бірінші жұмысы жұмысшылардың басты талабы жалақы мәселесін көтеруді шешті. Әрине бұдан да бөлек атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жетерлік.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген тәмсіл әсте тегін айтылмаған-ау, сірі. Ғани Берекетұлы бас директор болып тағайындалғанға дейін жұмысшылары қайта-қайта бас көтеріп, басынан бұлты арылмаған аталмыш кәсіпорынның тізгінін қолға алған күннен бастап жұмысшы-қызметкерлердің айы оңынан туа бастады. Кәсіби мамандарға бар жағдай жасалып, ырғақты жұмысты қалпына келтіріп, қанатын кеңге жая бастады. «Жас келсе іске, іс тетігін кадрлар шешеді» демекші, үш тілде еркін сөйлейтін түлегіміз кәсіпорын жұмысын аз уақыттың ішінде жолға қойды. Еліміздің болашағы осындай білімді де білікті кадрлардың қолында ғой. Иә, қалай білікті басшы келді, солай кәсіпорын тасы өрге домалады, еңбек өнімділігі артты, жұмысшылардың қойған орынды талабы ескеріліп, ол біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда «Қазфосфатта» алты жарым мыңнан астам адам еңбек көрігін қыздыруда.
Туған жерге сапары Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келгесін мектебіне, мұражайларға соққанын, ата-бабасының кіндік қаны тамған Қарақұм елді мекеніне баратынын жеткізді. «Алтын түлектің» сөз саптауынан түсінгенім, «туған жерге, ел-халқыма қалайда көмек қолын созуым керек» деп қысқа қайырды. «Арық сөйлеп, семіз шық» демей ме осындайда. Не дегенмен білімді, көреген жас басшының Арал мәселесіне деген көзқарасы қуантты. Дереу қолыма қалам алып, зерделі оқырмандарыма жеткізуге асықтым.
Қызылорда қаласында осы жылдың 25-26мамырында Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының ұйымдастыруымен жыл сайын өтіп жүрген конференция Арал теңізінің экологиясын жақсарту мәселесіне арналды және оған «Казфосфат» компаниясы донор ретінде арнайы шақырылыпты.
Алдағы уақытта қасиетті Тараз бен киелі Аралдың арасында мықты байланыс орнайтындай. Иә, Құдайдың құдіреті қасиетті Құрбан айтта ақ тілектердің қабыл болатыны сөзсіз ғой. Қазақта айтады ғой «жігітті жолдасынан таны» деп,сол сәтте аудан әкімінің орынбасары жан жолдасы екен. Тараздан досы келіп жатқан соң, қара шаңыраққа ол да ат басын бұрды. Екі достың арасында Арал мәселесі, халықтың жағдайын жақсарту жайы, сондай-ақ меморандум төңірегінде әңгіме өрбіді. Мақсаты туған жерге, ел-халқына тамшыдай болса да сүбелі үлесін қосу екені түсінікті болды. Осындайда ұлы Абай атамыздың «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген данышпанның құнды пікірі дәл осы жігіттерге қарап айтылғандай әсерде болдым. «Иә, осындай туған жердің, елдің қамын ойлайтын алтын тұлғалы ұлдарымыз көп болса ғой, шіркін» деп ризашылығымды білдірдім.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
11 шілде 2023 ж. 414 0