Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Атадан қалған жоралғы

Атадан қалған жоралғы

Адам өміріндегі ең бір маңызды сәт – үйленіп үй болу, отбасын құру. Ұрпақ жалғастығының алғашқы басталуы осы. Сондықтан қазекем бұл мәселеге үлкен мән берген. Тойдың көкесі де – үйлену тойы болған. Қазірде де солай. Бірақ айырмашылық жер мен көктей...
Бұрындары қызға құда түскен. Ал құда түсудің жолдары көп. Бала анасының құрсағында жатқанда атастырған қарын құда, одан кейінгі бесікте жатқанда уәделескен бесік құда, қыз бойжеткенде айттыру құдалығы және бір-біріне сыры мәлім, ескі жекжаттардың қыз алысуы – сүйек жаңарту құдалығы деп аталған. Құда түскен қызға екінші біреу келіп килікпейді.
Құдалар қыздың төркініне қалыңмал береді. Байлар көп, орташалар аздау дегендей. Ал оған шамасы келмегендер екі жақ келісім бойынша беретін болған. Бұның есесіне қыздың ата-анасы оны ұзатқанда жасау ретінде алты қанат ақбоз үйден бастап керекті дүние-мүлкін, ыдыс-аяғын, еншісі деп үйірлі жылқы, сауын сиыр, сойыс қойларына дейін, шамасы келгенше беруге тырысқан.
Ұзатылатын қыз екі-үш ай бұрын ағайын-туыстарын аралап қоштасады. Ерекше жабдықталған боз атқа мініп, үстіне ашық матадан тігілген бүрмеленген көйлек, оюланған барқыт бешпент, басына үкілі құндыз бөрік, аяғына зерленген сәнді етік киген. Әркім өз жағдайына қарай, әрине. Қасына оншақты құрбы-құрдаснөкер қыздар ертіп, ауыл аралайды. Қоштасуға барған үйі мал сойып, ауыл жастарын жинап, алтыбақан құрып сауық жасайды. Бұл серуендерде әдептілік, сыпайылық қатаң сақталған.
«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды»,– деген ғой атамыз қазақ. Жігіт жағы қалыңмалын төлеп болғаннан кейін ұзатылатын қыздың тойына дейін жігіт қалыңдығына ұрын келеді. Бұл келісті қыздың әке-шешесі, ауыл үлкендері білмеген болады да, күйеу жігітті жора-жолдастарымен қыз жеңгелері қарсы алады. Осы жолы «ірге басар» деп жігіт ірі қара жетектей келетін болған. Ұрын келу кезінде түрлі рәсімдер орындалған: қол ұстасу, шаш сипау, төсек салу, шымылдық ашу, тағы басқа кәделер жасалған. Бұл рәсімдер үшін күйеу жігіт қыз жеңгелеріне сый-сияпат көрсетеді. Онсыз бәрінен қағылады.
Бұдан соң той жасалынып, қыз ұзатылады. Кетіп бара жатқан қыз сыңсу айтып, ел-жұртымен, ағайынымен, ата-анасымен қоштасады. Қоштасу сұрақ-жауап түрінде болады. Сұрақты ұзатылатын қыз қояды. Жауапты қыздың жеңгелері береді. Бұл тұрмыстық әндердің тәрбиелік маңызы зор болған. Қызбен бірге анасы және жеңгесі, сіңлілері еріп барған.
Келін түскенде беташар айтылып, неке қияр алдында үлкендердің батасын алады. Сонда айтылар бата үлгілері әртүрлі: «Бақытты бол, бағың ашылсын. Басыңнан жақсылық кетпесін. Бастарыңа бақ қонып, Қыдыр төрлеріңнен орын алсын. Босағаң берік, шаңырағың биік болсын. Балаларың көп, өмірлерің ұзақ болсын! Ауылың мерекелі, дастарқаның берекелі болсын!» дегендей тілектер айтылады. Негізінен осы мағыналас.
Беташардан кейін жас келінге өкіл ата, өкіл шеше, өкіл аға, өкіл жеңге, тағайындалады. Бұлар жас келінге жақсы үлгі-өнеге көрсетіп, өсиет айтып, үйді ұстау, қонақ күту, бала бағу, ағайын, жора-жолдас, жекжаттармен сыйласу, ата-енесін күтуді үйретеді.
Тойда туыстары, құда-жекжат, нағашы-жиен, жора-жолдастары сый-сияпат көрсетеді. Ат мінгізуден бастап, киім-кешек, үй жабдықтары тарту етіледі. Тағы басқа да сыйлықтар береді.
Барлық рәсімдер орындалып болған соң, екі жақтың құда шақыру жоралғысы басталады. Құда-құдағиға, қастарына ілесіп келген кісілерге лайықты киіттерін кигізіп, құрметпен шығарып салған.
Жас келін алғашқы күннен-ақ қайны, қайынсіңлілеріне ат қояды. Бәрі әдемі, шырақ, ерке жігіт, сұлу, еркем, назым деген сияқты.
Халқымыз «әр перзент жарық дүниеге өз несібесімен келеді деп санаған. Әр сәбидің еншісіне бір қой артық қоздайды, сол жылы бір уыс шөп артық шығады», – дейді екен ата-бабаларымыз. Сондықтан баладан қашпаған. Нәрестенің дүниеге келуі осылай жоғары дәрежеленген.
Ата-ана үшін перзент қуанышынан артық бақыт бола ма?! Бала дүниеге келген соң үш күннен кейін ауылдың қадірменді қариясы әлгі сәбиді шапанының етегіне орап алып азан шақырады. Сосын сәбидің құлағының түбіне үш рет айқайлап атын қояды.
Баланың кіндігі түскеннен кейін бесік тойы өткізіледі. Ол күні ағыл-тегіл дастарқан жасалынып, келгендерді күтеді. Содан бір кемпір қамшымен бесіктің екі жағын сабалап, қылышты арлы-берлі жарқылдатып сермейді. Бұлары: «Баламыз жаудан қайтпас батыр, тақымынан жүйрік арылмас шабандоз болсын» деген ниеттері еді. Бесік түбегінің орнынан сөк, бидай, құрт өткізетін «тыштымасы» тағы бар. Бұл бар болсын, ішіп-жемі мол болсын деген тілектен туындаған ырым.
Нәрестеге қырқынан шыққанша кигізілетін ит көйлегі қариялардың киілген, иісі сіңген киімдерінен тігіледі. Бұндағысы нәрестенің өмірі ұзақ әрі осы қариядай сыйлы болсын дегені. Онан соң қарын шашын алып, қырық қасық суға шомылдырады.
Балаға қатысты рәсімнің тағы бір түрі – тұсаукесер. Бұл күні баланың аяғына есілген жіп байлайды. Оны сол ауылдың әтіберлі адамдарының бірі кеседі. Көбіне әйелдерге жол береді. ..
Мол дастарқан жасалып, келушілер күтіледі. Сыйлайды. Қадірменді қария бата береді. Жас жеткіншек ғұмырлы болсын! Ата-анаға мейірімді болсын! Көңілді, ақылды, зерделі болсын! Халқына сенімді, адал, абыройлы, беделді болсын! Халқының жанкүйері, елінің қамқоры, тірегі болсын! Не тілесе де тілегі қабыл болып, мәртебесі биіктей берсін дегендей тілектер айтылады.
Ендігі бір айтулы бір мереке – сүндет тойы. Бала 5 немесе 7 жасқа келгенде жасалынады. Жиналған туыс, жекжат, жора-жолдастарына мол дастарқан жасап, салтанаты ерекше болады. Жиналған жұрт сүндеттелген балаға көрімдік, байғазы деп әртүрлі бұйымдар, заттар, ақшалай сыйлықтар береді, мал атайды. Әрине нағашыларының сыйы қомақтылау болады.
Жыл аралатып ұзатылған қыз төркіндеп келеді. Төркіндеп келген қызды ата-анасы, туыстары құрметпен қарсы алады. Төркінінен қалағанын алады. Қарсылық жасамайды. Қызды риза етіп қайтарады. Жиенге бәсіре деп қозы, бұзау, жабағы, тай, бота атайды. Әркім өз мүмкіндігіне қарай. Өмір осылай жалғаса берген.
Айтпақшы, бұрын қазақта қыз алып қашу да болған. Бірақ өте сирек. Тек қыздың ата-анасы оны қалаған жігітіне беруден бас тартқанда ғана осындай әрекетке барған. Рас, оның аяғы кейде қайғылы оқиғаға айналған. Дәстүрді бұзғаны үшін.
Міне, біздің көзімізбен көрмесек те естігендерімізден, оқыған-тоқығандарымыздан көңілге түйгендеріміз осылар. Мақсатымыз –жастар ата-баба дәстүрін, өмір салтын білсін, жадында сақтасын, керегін алсын деген ізгі ой.
Ал бүгінгі қазақтың тойлары көз алдарыңызда. Тәптіштеп айтып жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қыз алып қашу хикаяттарын да білесіздер, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген, сараптап ой түюді өздеріңізге қалдырдық.
Ш.Өмірзақұлы,
Қазақстанның құрметті журналисі
26 шілде 2023 ж. 450 0