Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ қандай болған?

Қазақ қандай болған?

Кейде қазақтың тарихына қатысты көптеген пікірлер айтады. Тіпті қазақты тарихта болмаған деп айды аспанға бір-ақ шығарған білгішсымақтардың сандырақ пікірі болған еді. Алайда тарихтан ақиқат алынбайды, бұрмалануы мүмкін. Ашығын айтайық, қазақ көп қиянат көрген халық. Ешкімнің езгісіне ұшырамай, еркін өмір сүрсе әлдеқашан дамып, технологияның түр-түрін ойлап тапқан болар ма еді?! Өйткені мәдениет қазақта жақсы дамыған. Өмір сүруге қажет дүние мен ізгілік ұстанымдардың барлығы бабаларымыздың жүріп өткен өмір жолында сайрап жатыр. Енді сол «қазақ кім болған?» деген сұраққа төмендегі мына мәлімет жеткілікті деп ойлаймыз.
Әлем аяғына қайыңның қабығын кебіс қып киіп жүргенде, біздің қазақ бабаларымыз былғары етік киген. Жұрт жамау-жамау кір-қожалақ боп жүргенде , біздің халық алабұтаның күлінен сабын қайнатып, киген киімдері мұнтаздай тап-таза болып жүрген.
Бақ пен Қызырдың көзі сұлулыққа түсетінін білген қазақтың жігіттері сусардан бөрік, құндыздан ішік, былғарыдан етік тіктірген. Қыздары алтыннан алқа, күмістен шолпы соқтырған. Торқадан қамқа, жібектен көйлек, пүліштен жейде, масатыдан көрпе, мамықтан құс жастық тіктірген. Содан қазақ халқына Бақ қарап, Қызыр дарыған.
Өркениетті біз басқадан емес, әлем бізден іздесін. Сүтті ұйытып қатық қылып, қатықты күбіге құйып пісіп, айран қылған. Сары майын қалқып алып қойдың қарнына сақтаған қазақты әулие демеске болмас.
Сапарға шықса алты малта құртты ас қылып, жүрек жалғаған. Ұстаған аңының етін өз қарнына салып, шоққа көміп ыдыссыз ас ішкен де қазақ. Жолдасын жауға тастамаған халық, бүтін құртты бөліп жеген де, жарты құртты жарып жеген де қазақ.
Жасына қарамай, ақылы асқанды аға тұтқан, ізеттіні іні көрген. Пейілі кең, ниеті түзуді бауырына санаған. Әдептен аспаған, дәстүрден озбаған. Сөзге тоқтаған. Тауып айтылған ұтымды сөзге атасының құнын кешкен. Аманатқа қиянат жасамаған. Досы түгіл, жауының да артынан пышақ салмаған. Жатқан аңға қапияда оқ атпаған. Басын шауып тастасаң да намысын нанға сатпаған. Малын жанының, жанын арының садақасы қылған. Қарт ата-анасын алақанында ұстаған. Ағайыннан безбеген. Құда-жекжатпен тек татулықты көздеген. Ұлы өссе ұлықтымен, қызы өссе қылықтымен көрші болған.
Міне, қазақ осындай халық. Тек озбырлық пен отаршылдықтың салқыны көптеген интеллигенцияның тамырына балта шапты. Содан қазақтың жаны шүберекке түйіліп, бас сауғалады. Талай жылғы қақтығыстар мен қыспақтан зәрезап болған халықтың енді өз-өзіне келуі үшін әлі қаншама жыл керек. Бәлкім ғасыр шығар. Дегенмен қазақ үшін Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Сол құндылықты уыстан шығармау – бір мақсат, өмірлік ұстаным. Қазақ халқы сол жолда күн кешіп келеді.
Дайындаған А. БИСЕНОВ
02 тамыз 2023 ж. 369 0