Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ата-әже тәрбиесінен асқан балабақша жоқ

Ата-әже тәрбиесінен асқан балабақша жоқ

Ата мен әже – отбасының алтын қазығы, шаңырақтың тірегі. Ата мен әже барда мына әлем мейірім мен тәрбиеге толы. Ата-әженің айналып-толғанып, маңдайдан емірене сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Әжелеріміз ертегі мен қызықты әңгімелерін айтып, аталарымыз ақылын айтып отыратын кездері керемет еді.

Ертеректе қазақта ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала өте сирек кездескен. Сондықтан болар, оларды халық «көргенді бала», «тәрбиелі бала» деп  атаған. Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Тіпті, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген.
Қазіргі уақытта заманауи ұғымдарға сай отбасы құндылықтары да жаңаша ережелермен қалыптасып келеді. Қалаға көшіп келген жас отбасылар балаларын ақылы білім беретін үйірмелер мен түрлі тәрбие ошақтарында тәрбиелеуді жөн деп тауып, еуропалықтар секілді өмір сүргісі келеді. Әрине, қазақ халқы үшін ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің орны бөлек. Десе де қазақылықтың қайнар көзі саналатын сол қариялар бала тәрбиесінде ерекше маңызға ие. Ал балабақшалар мен жалдамалы тәрбиешілердің қызметіне жүгініп жүргендер де мұны жақсы түсінеді. Бірақ тіршіліліктің қалың шаңынан бас көтермейтін ата-аналар үшін бала тәрбиесіндегі бұл таңдаулар заман талабы болып отыр.
Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болатын, айналасының да көзқарасы оған ерекше болған. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Ата мен әженің ақылы үлкен қазына. Оған ұлы Абайды өсірген әжесі Зере мен білімді Шоханды тәрбилеген әжесі Айғаным дәлел. Сондықтан қазақ әжелерді таптырмас тәрбие мектебі деген.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – деген ұлағатты сөзі бүгінгі күннің ұранына айналып, әр отбасының төрінде ілініп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.
Айшабибі ТӨЛЕГЕН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті
01 маусым 2021 ж. 1 482 0