Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әдемі қартая білу – үлкен өнер

Әдемі қартая білу – үлкен өнер

Адам қашып құтылмайтын дүние – қарттық. Қанша қорықсаң да оның тұзағына бір түсесің. Ал кім қалай қартаяды, бұл – бөлек әңгіме. Жасына жетпей алжып кеткендер де, қанша жасқа келсе де қадірін жоғалтпағандар да арамызда жүр. Әрине, тағдырынан ешкім де қашып құтылмайды, бірақ егде тартқан шағыңда сүйкіміңді кетірмеу өз қолыңда екенін де естен шығармаған жөн. Біз төменде белгілі жазушы- публицист Шархан Қазығұлдың қазіргі заманғы қарттық туралы экспрессивті-эксклюзивті ойларын ұсынып отырмыз.

Бір кемпірден жасын сұрағанда айтқан екен: «Жасым – жиырмада, бетім оттай береді». Сол кемпірді мен бүгін түсініп отырмын. Қартаюдың трагедиясы – сенің күн сайын қартайып бара жатқаныңда емес, қартаюдың трагедиясы – күн сайын іштей «мен әлі жас көрінемін» деп өзіңді-өзің ал­­­дауың­да жатыр. Иә, қартаю – трагедия емес. Ме­ніңше, қартая білмеу – трагедия. Бұдан да асырып айтуға болады. Әдемі қартая білу әр­кімнің қолынан келмейді.

***
«Алпыс – тал түс» деген екіжақты ма­те­ма­тикалық ортаны Шер-ағамның аузына Жа­­­ратқан салған. Өйткені Құдайдың өзіндей хақ сөз. Бірақ Шер-ағаң мұны дәлелдеп жат­пады. Мүмкін «өздерің ұғып алыңдарға» сал­ды ма? Біздің ұққанымыз: ғалымдардың есе­бі бойынша адамның өмір сүру ресурсы орташа алғанда 120 жыл. Күн де өзінің тал тү­сінде тұр. Он миллиард жылдық отын ре­сурсы бар Күн дәл қазір жаратылыстың бес миллиардыншы жылында жарығын төгіп тұр. Осы тұрғыдан алғанда алпыстың о жақ, бұ жағында жүргендер қартайған кейіп танытатын жөні жоқ.

***
Еуропа ойшылдары «Өзі Цезарь, өзі Папа» деп қастерлеген Мұхаммед пай­ғамбардың философиясы жүрегіме жа­қын. Ең басты өмірлік үш нәрсені шегелеп айт­қанын меңзеп отырмын. Біріншісі – Жер­дің тұтқасы жоқ, бірақ бар болса да оны шыр айналдырып, лақтырып жібере алмайсың. «Дайте мне точку опора, я переверну весь мир» деген Архимедтің «қалжыңы» Мұхам­мед пайғамбардың күйеу баласының айт­қанына көбірек ұқсайды. Екіншісі – әйел ба­ласын қорқытып, дегеніңе көндіре алмай­сың. Үшіншісі – боқ дүниенің түбіне жету мүмкін емес. Осы үш қағидатты жүрегімен қа­былдап, ақылымен түсінген адам жақсы қартаяды деп ойлаймын.

***
Мен қартаюдан қаймықпаймын, бірақ шаруаға жарамай қалудан қатты қорқамын. Күн ұзаққа бір нүктеге телміріп отырып, уа­­­қыт өткізудің несі қызық дейсің?! Ең аза­бы, істен қалған қарт кісі басқа адамға тәуел­ді болатыны белгілі. Базардан қайтып бара жат­қандағы менің басты уайымым осы бо­лып тұр. Бала-шағаңа салмақ салмай өмір сүр­генге не жетсін?! Оның үстіне, айналаңа пайдаң тимейтін халге келгенде өмірдің де еш мәні қалмайды-ау!

***
«Есімде жоқ, бір данышпан «Өлім – өмірдің соңғы жұмбағы» дегенді қалай керемет айтқан» деп едім, әйелім айтты: «Соңғы кезде өлім туралы көп айта беретін болдың». Меніңше, өмірді бағалай білетін адам ғана өлімді есінен шығармай жүреді. Керісінше, өмірдің парқын сезінбейтін адам мәңгі жүретіндей мәңгіріп жүріп өледі. Терең ой мен мол қазынаның диалектикалық айырмашылығы осында.

***
Біздің егде тартқан ағаларымыз жасы­ның үлкендігін саудалауды әбден меңгеріп алды: «Әй, мен деген әкеңдей адаммын ғой, ай­налайын-ау! Ең болмаса, жасымды сый­ла­сайшы!». Бұған мен «Казахский возрастной синдром» деген диагноз ойлап таптым. Ме­ніңше, осының бәрі – осалдықтың белгісі. Даналық дарымаған қария шынында да әмір­шіл келеді. Әкіреңдеп тұрады. Ең сүй­кім­сіз көрініс осы.

***
Әр мың жылда 43 ұрпақ ауысып отыра­ды. Алты жүз мың жылда қанша ұрпақ дү­ниеге келіп, қанша ұрпақ кері қайтқанын өзіңіз санай беріңіз. Кейбір деректерге қара­ғанда, содан бері жер бетіне 90 миллиард адам келіп, кері қайтқан. Десек те, солардың бар­лығына тән өзгермейтін бір құбылыс бар. Ол – құлқын. Алла Тағаланың адамды сұрақ­қа алардағы ең басты критерийін өзгерту еш­кімнің қолынан келмейді. Олай дейтіні­міз, адамдар баяғы қалпынан өзгерген емес. Дәстүр сабақтастығына қайран қаласың. Қазір де таяқ лақтырсаң, құлқынын ойлаған пен­деге тиеді. Кейде күпіршілікке барасың: «Жаратқан шеберлігінің ең шыңы осы ма екен?!». Сондықтан да қолдан келгенше қарт­тыққа жетпей тұрып құлқын деген кате­гориядан құтылғаның жақсы-ау!

***
Бүгінде еңбектеген баладан бастап ең­кейген қартқа дейін білім алуға болатынын алдыңғы қатарлы елдер дәлелдеп отыр. Бізде қалай? 15 пен 30 жас аралығында білім ала­мыз. Онда да алатынымыз аламыз. Көбіміз «зачет­каға» баға қойдырып алғанымызға мәз бо­ламыз. Жастықтың буымен шегірткенің күйін кешеміз. 30 бен 55 жас арасында білім­нің теңізіне сүңгитініміз, тіпті, азая береді. Бұл тұста бәріміз қатын, бала-шағаның қа­мы­мен уақыт өткізіп алатынымыз жасырын емес. Ал 55 жастан кейінгі біздің сылтауымыз айтпаса да белгілі: «Шал болғанда, білім ме­нің не теңім?!». Осы стереотиптен қалай арылуға болады? Министрлік мұны бізге бол­са да шешіп бере алмайды. Бірақ тек қана әр­кім өзі шеше алатын нәрсе осы.
Бізде де 90 жастан асып немесе соған же­теғабыл өмір сүрушілер көбейіп келе жа­тыр, Құдайға шүкір. Сондықтан да оқуға еш­қашан кеш емес дер едім. Әне бір жылы Ілия Жақанов ағамыз 75 жасында сурет­шіліктің оқуын бітіріп, диплом алды. Осыны естігенде мен ағамның қалжа жасы мен олжа жасы тең болатынына еш күмән келтірмедім. Неге? Өйткені білімге ұмтылу – ұзақ өмір сүру үшін таптырмайтын бірден-бір мотив. Ұзақ жасағыңыз келеді ғой, иә? Онда білім беретін стартаптарға қатысуға асығыңыз!

***
Кәріліктің келісіп тұрған жері шамалы. Барған сайын дискомфорт көбейе береді. Бұған да адам байғұс көндігеді. Өйт­кені жас кезіңде өліп қалғанға қарағанда, кә­рілік – иманжапырақ. Қарттыққа тақа­ған­дар, осы­ны ешқашан естен шығармаса дей­мін.

***
Бақыт саған өзіңнің шын мәнінде кім екеніңді сезінген күні келеді. Келмей жүргені – онда сен әлі өзіңді-өзің танып білген жоқсың. Мынау тылсым жаратылысты, қала берді, жұмбағы көп Адамды зерттей білмеу – босқа өмір сүргенмен бірдей. Қан­дай аянышты. Бақыттың не екенін білмей өмірден өтіп кетуің де мүмкін-ау?! Сон­дық­тан да өлейін деп жатып та «бірдеңені» біліп кетуге тырысу керек сияқты.

***
Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған «Бэби-бумер» ұрпағы зейнетке шықты. Бізде дәл қазір қиындау шығар, бірақ өр­кениетті елдерде бақытты қарттық идео­логиясы баяғыда іске асты. АҚШ пен кәрі құрлықта 60 жастан асқандар – бақытты өмір сүрушілер тізімінің ең басында. Кеш қар­таю концепциясын қолға алған мемле­кет­терде адам өмірін ұзартудың тұтас ин­дуст­риясы жұмыс істеп тұр. Жасы ұлғайған адамдарға белсенді және салауатты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.
Әрине, бізді олармен салыстыру әлі ерте. Дей тұра, дәл қазір адамдардың өмір сүру жа­сы ұзарғаны анық байқалады. Жалпы, адам­ның өмір сүру ресурсы 147 жыл екенін ға­лымдар баяғыда дәлелдеп шыққан. Барлық бәле – өзімізден. Жеке адамдар да, мемлекет те әзірге ұзақ жасаудың негіздерін бас­шы­лық­қа алуға енжарлығын қоймай отыр.
Сондықтан да барынша ұзақ жасау үшін мо­тивті күшейте түсетін кез келді. Талас жоқ, кім­нің пешенесіне қанша өмір жазылғанын бір Жаратқан біледі. Бәріміздің басымыз – Алланың добы. Алайда «Сақтансаң, сақтай­мын» деген де сол Құдай. Осы сөзде ғажап құдірет күш жатыр.

***
Жер бетіндегі адам біткеннің бәрі де – Мәңгіліктің асау тұлпары лақ­тыра­мын деген же­рінде лақтырып кете беретін шала ша­бан­доз. Ешкім де мәңгілік емес. Біреу ерте, біреу кеш жалған дүниеден аударылып түседі. Сон­да деймін-ау, неге тыраштанып күн ке­ше­міз? Байлық не керек? Атақ не керек? Жал­ған намыс не керек? Тү­сін­бейтінмін. Бү­гін ұқтым. Біздің осы өмірлік ұстаны­мы­мыз кездейсоқтық емес, заңдылық екен. Неге дей­сіз бе?
Адам өмірінің мәні тыраштануда жатыр. Бұл тыраштанудың аты – жанталас. Егер адам мәңгілік өмір сүретін болса, бұл жан­талас­тың бүршігі де болмас еді. Жайбарақат күн кешер едік. Ойсыз, мұңсыз жерде адам өмірі барлық мәні мен маңызынан айырылар еді. Шыңғыс хан және сол сияқтылар аң­са­ған Мәңгілікте осыдан кейін ешқандай мән жоқ екенін білесің. Иә, біздің өміріміздің шы­райын ашып тұрған созылмалы агония еке­нін мойындамасқа шара жоқ.

***
Біздің қоғам – жер бетіндегі ең қызық қо­ғам. Бізде алпыс жастан асқан адамдарды сыйлайды. Бірақ өтірік сыйлайды. Автобуста орын беруі мүмкін. Дегенменен, сені күнің бітіп бара жатқан адам ретінде санайтынын кө­зінен оқып тұрасың. Жалпы, қоғамда адам­дарды жасына қарай бөлу принципі мін­детті түрде дискриминацияға алып ке­леді.
Бұл – әрине, барып тұрған эйджизмнің нақ өзі. Қазір көптеген «блатота» жігіт жақ­тыр­маған жасы ұлғайған адамын «осы бір шал да әбден шаршатып бітті» деп қағытып сөй­лейтін болды. Айтары жоқ, әлімсақтан үл­кенді сыйлайтын ұлттың қазіргі күні боғы сұйылып бара жатқаны осындайда анық кө­рінеді.
Өткенде таксиде кетіп бара жатып жүр­гізуші жас жігітпен сөзге келіп қалдым. Өзімше жол сілтеп едім. Түсінгісі кел­меді. Әкіреңдеп шыға келді. Абайламай «ой­бай-ау, қарағым-ау, мен әкеңдей адаммын ғой» деп қалып едім, «Сен – менің әкем емессің, әкемде шаруаңыз болмасын» деп қақ маң­дайымнан бір-ақ қонжитты.
Осындай кішігірім эйджизмнің элемент­тері бізде өте көп. Оның бәрін тізіп жатқым кел­мейді. Жалпы, өз басым жастарға жасым­ды бұлдағанды жақсы көрмеймін. Бір рет бай­қаусызда аузымнан шығып кеткенде ес­ті­генім анау. Сондықтан да эйджизмнің эле­менттерін біздің қоғамға экспорттап отыр­ған – адамдардың эгоизмі. Альту­ризм­нің ауылы әлі алыс сияқты.

***
Қазақта елдің бәрі атам заманнан айтып оты­ратын сөз тіркесі бар: «Өз балаңды өс­кен­­­­­ше, немереңді өлгенше бағасың». Осы қа­­ғидаттай көрінетін мақалды енді өз­­гер­тетін уақыт туды: «Өз балаңды өскенше, не­­­­мереңді өнгенше, шөбереңді өлгенше ба­ғасың». Кейде ұраннан асқан мотивация бол­майды.
Бір адамның ұзақ өмір сүргенінен еш­теңе өзгермейді. Ал жалпы ұлт ұзақ өмір сүру­ге құлшынса, оның пайдасы ұшан-теңіз. Ал­дыңғы толқын ағалардың көп болуы кейін­гі толқын інілерге – мол тәжірибе. Ұлт­тың болашағы ең алдымен ұрпақтар тә­жіри­бесімен өлшенетінін білетін күн келді. Са­палы ұрпақ сабақтастығы төрт ұрпақ бірдей өмір сүргенде қалыптасатынын бажайлау қиын емес. Дәл қазір.
Сондықтан да төрт ұрпақтың бірге тату тұ­руының ең басты алғышарты – ұрпақтар эгоиз­мінен арылу. Ең алдыңғы ұрпақ өкіл­дері абызға айналсын. Ең болмаса, ауылдың ақсақалы не түтіні түзу шығып тұрған үйдің қариясы болуға құлшынсын. Ел ағалары ер­теңімізді тереңнен қопаратын ойшыл ақыл­шымыз болып аман жүрсін. Жас жігіттеріміз жар­қылдап жүріп тау қопарсын. Бүлдір­шін­дері­міз алдыңғы үш ұрпақтың алақанын бір­дей сезініп өссін. Сол кезде біз эйджизмді жеңіп шығамыз.
Шөбере бабасынан бата алса, адамды қас­терлеуді бойына сіңіреді. Атасының тәр­биесін көрген немере өмірге бейімділіктің бүге-шігесін біліп бой түзейді. Әке-шешесінің ақы­лын тыңдаған бала мейірімді болып өсе­ді. Осылайша, үш ұрпақтың көз алдында өс­кен бала толыққанды азамат болып шы­ғады.
Адамды қастерлей білетін мейірімді адам өмірдің барлық қиындықтарын жеңіп шы­ғатыны өз алдына, сонымен қатар өзі өмір сүріп жатқан ортаны жұмаққа айнал­дыра алатыны сөзсіз. Сондықтан да өлуге асық­паңдаршы, достар. Біреулер «асық­ты­рып» тұрса да. Әрқайсысың қазақтың бо­ла­шағы үшін керексіңдер!

***
Адам үшін өмірдегі басты байлық бала екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал пен­делік тұрғыдан қарастырғанда ең үлкен дәулет дүние капиталы болып көрінетіні рас. Бірақ бұл түсініктің дұрыс еместігіне жасың ұлғайған сайын көзің жете түседі. Күндердің күнінде сен үшін ең үлкен байлық өмірлік тәжірибе екенін ұға бастайсың.
Дегенмен тәжірибе ұзақ өмір сүрумен келмейді, батыл өмір сүрумен келеді. Сон­дықтан да батыл өмір сүріп үйрену – бай­лық жинаудың алғышарты. Адам тәжіри­бенің апогейіне жеткенде Құдайдан ғана қор­қатын болады. Бойыңа бірте-бірте біте­тін батылдық қана сені байлыққа кенелтеді. Ал ақшасы көп адам ше? Жоқ, оны бай адам деп айта алмайсың. Тұла бойында үрейдің эле­менттері өріп жүрген адам қара жердің қой­нына кіргенше байлық деген катего­рия­ны басқаша түсінуінің өзі – оның трагедияға толы бейшаралығының бірінші және соңғы нүк­тесі. Қорқыныш сыйлайтын нәрсені бай­лық деп айтуға аузың бара ма?! Қайдам?! Күмә­нім көп.
Ал бізге сенімді өмір сүруге платформа жа­сап беретін өмірлік тәжірибе ғана нағыз бай­лық екенін қу тіршіліктегі көп нүк­телер­дің түбіне өмірбақи майшам алып шыққан адам түсіне алатыны – тылсым тағылым. Түн­де ұйқың бұзылмаса, күндіз күлкің дұ­рыс болса, сен – өмірдің шынайы байлығына ке­нелген адамсың. Тәжірибелі адам аштан да өлмейтіні, көштен де қалмайтыны өз ал­дына.
Жиған-тергені мол жанның шам­шы­рақ­тай жол көрсетіп тұратыны да – біздің бәрі­міз үшін басты байлық. Біз өмір сүрудің ең үлкен философиясын осы байлықты бойына жинаған адамдардан оқып-үйренуіміз керек.
***
Статистикаға сүйенсек, жүрек-қан та­мыр­лары ауруларынан қайтыс болу басқа ке­селдердің бәрін қосқандағыдан төрт есе көп. Осыны дәрігерлер жақсы біледі. Бірақ біле тұра, адамдарға қан тамырларын тазар­тып тұру керек екенін ескертпейді. Ескерт­пей­тініңіз не, біздің медицинада бұл пай­далы практикаға мән бермейді. Көптеген дә­рігер гипертониямен ауыратындарға таб­летка жазып беруден әрі аса алмай жүр. Нау­қасты түпкілікті емдемейтін бұл дәрілер уақытша ғана тиімді. Сондықтан да адамдар қан тамырларын тазартумен айналысуды бастауы керек. Батыс елдерінде қырықтан асқан адамдар, ауырсын-ауырмасын, қан та­мырларын тазартып тұруды әдетке ай­налдырған. Жарты ғасырдан бері. Мұны неге ай­тып отырмын? Өйткені адамның ұзақ жа­сауының ең бірінші кепілі осы қан тамыр­ларын тазартып тұруда жатыр.
Қан тамырларының ластанғанының бас­ты симптомдары мыналар: мигрен, жа­ды­ның нашарлауы, созылмалы шаршау, ұй­қысыздық, интимдік саладағы проблемалар, көру мен естудің нашарлауы, көтеріңкі қы­сым, демікпе мен стенокардия, аяқ терісінің боз­ғылдануы және бұлшық ет пен буынның ауруы.
Ұлт денсаулығынан асқан байлық жоқ. Әсі­ресе, аз қазақ үшін. Сон­дық­тан да кейде осын­дай түкке тұрғысыз тап­таурын тілмен қи­сынсыз жазбаларды да сүй­кеуге мәж­бүр болатыныма күйінемін. Әркім өз мис­­сия­сы­мен айналысса, мұндай «ди­дак­тика» ойлар қағаз бетіне түспес те еді.

***
Кеше жұмыстан кейін аялдамада бал­мұздақ жеп тұрғанмын. Жанымдағы орындықта отырған қырықтан енді асқан бір тәтей (консерватор келіншек маған со­лай көрінді) біртүрлі қарады. Мен оның жақ­тырмай тұрғанын білсем де мән бер­ме­дім. Мән бермегеніңіз не, «ехидно» жы­миып, бал­мұздағымды бұрынғыдан да бетер жай­барақат жей бердім.
Ана тәтей шыдамай кетті: «Шал ба­сыңыз­бен мороженое жегеніңізге жол бол­сын!». Юморы күшті тәтей екен. Балмұз­да­ғы­ма шашалып қала жаздадым. Күлкіден! Мі­не, мен өмірде ерекше жақсы көретін екі нәр­се кеше автобус аялдамасында осылайша кездесіп қалды. Юмор мен балмұздақ. Әрине, мен соншалықты ұзақ жасаған адаммын деп айта алмаймын өзімді. Алайда егер сіз ұзақ жасағыңыз келсе, осы екі нәрседен ешқашан айырылмаңыз дер едім.
Юморға қатысты ойым: егер өмірде юмор болмаса мен баяғы да өліп қа­лар едім. Балмұздаққа қатысты ойым: егер тоқсанға тірі жетсем бар ғой, елден тығылып жесем де балмұздақты тоқтатпас едім. Миша Жванецкийдің бір кітабы бар: «Кто я такой, чтоб не пить». Сол сияқты «Кто я такой, чтоб моро­женое не есть!». Жасасын Жванецкий! Жасасын Bambino! Екеуі жасаса бар ғой, бәріміз жасаймыз!

***
Жан мәңгілік екеніне өмір сүрген сайын көзің жете береді. Қазақтың қа­зір ғана талқаны таусылып жатқан адам туралы қапелімде айтатын сөзі бар: «Жаны шығып кетті». Осы сөздің төркінінде талай нәрсе жатыр. Адамның денесі мәңгілік мате­риалдан жасалмағаны дәлелдеуді қажет етпейді. Ал жаны мәңгілік материал деп сенгің келеді. Құдай бар ма, жоқ па, оны дис­куссияға салу – күпірлік іс, әрине. Бір Жара­тушының бары рас! Өмірді зерттеп жүрген адам бұған бас қатырудан гөрі жанның мәң­гілігіне көбірек көңіл бөлер еді. Алла Та­ғала сені жаратады. Қалай жаратқанын са­ған айтпайды да. Қай күні аларын да!
Иә, адамның өзін-өзі тануы осындай жұм­бақтардан басталады. Бұл да бір Құдайдың шеберлігі! Бәрін Жаратушы айтып беріп отырса, мына өмірдің мәнін іздеудің мә­нісі қалмас еді-ау! Осы ойдың астарында көп құпия тығылып жатқаны анық. Тылсым сұрақ­тардың жауабы өзіңді танып-білуде жатыр.
Ғалымдардың зерттеуіне сенсек, жанның сал­мағы – 20 грамм. Қазақтың «шыбын жа­ным-ай» дейтін тіркесі де осы өлшемнің ар жақ-бер жағы. Адамның жаны – адам тә­ні­нің тұтқыны. Осыған барған сайын кө­зің же­те түседі. Әлгі бір тіркестегі «жанның шы­ғып кетуі» де сөзімізді дәлелдей түседі. Жан адам денесінен бостандыққа шыққан күні ғана алабөтен рахатқа бөленеді. Әйт­песе, Альберт Эйнштейн мына өмірмен қош ай­тысып бара жатып «Наконец-то!» деп қуан­бас еді-ау! Біз байғұстар өмірде жақсы нәр­се жасасақ, жанымыз бірге қуанады. Жа­ман нәрсе жасап қойсақ, тұла бойымыздың тұт­қыны болып отырған жанымыз өзін қояр­ға жер таппай, сен үшін қатты қинала­тыны да шындық. Тәнге бауыр басып қа­ла­тын жанның бұл инстингін түсінуге болады. Сон­дықтан да әлгі сөзді маған ұлы физиктің өзі емес, қуаныштан жаны айқайлап айтқан сияқты.
Тағы бір гипотеза. Еркек байғұс көркі сұлу­ды көрсе, жүрегі тоқтап қалардай ға­шық болады. Алайда күндердің күнінде одан да жеріп шығады. Иә, тәнге қызығу – мәң­гілік емес. Ал енді жаны сұлу әйелге ға­шық болып көрдіңіз бе? Иә, жаны сұлуды табу, табудан бұрын көре білу, сезе білу – қиынның қиыны. Дегенмен жаны сұлу қызды сенің де кездестіруің ғажап емес. Ой­­­ламаған жерден. Бір сәтте. Ең бақытты сәт осы. Мәңгілік сәт! Бұл сәттен жеріну мүмкін емес. Мәңгілік тамағыңда кесек болып кеп­теліп тұрады. Сөздің жақсы мағынасында. Жанның құдіреті осында! Жанның мәңгілігі де осымен байланысты.

***
Толыққанды адам үшін төрт нәрсе ауа­дай қажет: Уақыт, Қайрат, Дәулет және Мәр­тебе. «Адамның басы – Алланың добы» деген сөз тіркесін осындайда ұғасың. Осы төр­теуі­нің басы ешқашанда қосылмайтыны – тағдыр тәлкегі. Жас кезіңде Уақытың да бар, Қай­ратың да бар. Бірақ Дәулет пен Мәртебе бола қоюы екіталай. Шыр (дүние) бітіп, қо­ғамда өз орныңды (Мәртебе) тапқан кезде бойың­нан Қуат та сарқыла бастап, Уақытың аз қалатыны – қандай өкінішті. Дегенмен дәл қазір адамзат баласы осы төртеуінің ба­сын қосуға барын салып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Қазіргі алпыс пен сексеннің ара­сындағы көп адамда осы төрт қасиет тү­гелі­мен табылатыны сирек те болса, арагідік кез­десетіні қуантады.

***
Қазақ – дана халық. «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» дегенді қалай біліп айтқан. Олай дей­тінім, адам миының екі жартышары ал­пыстан кейін бірдей істейді. Алпысқа дейін екі жартышар алма-кезек жұмыс жасайтыны рас. Алайда сіз сұрарсыз: онда неге алпыстан асқандардың бәрі ақылман емес?!
Өте дұрыс сұрақ. Алпыстан кейін адам біт­кеннің бәрі ой еңбегін тоқтатпауы керек. Неге? Негесі сол, адамның миы соқа сияқты. Соқамен жер жыртсаң, жылтырап тұрады. Түрен тартпаған соқаны тот басады. Мұнда да сондай процесс. Екі жартышар бірдей жұ­мыс істей бастағанда кез келген адам кітап оқуды, миға салмақ салып, ойлануды өршіте түспесе, нейрондардың байланысы үзі­ле береді. Ал бұл дегеніңіз қартаюға, нақ­тырақ айтсақ, алдымен деменцияға, содан соң мына өмірмен қоштасуға алып келеді. Бұл медицинада баяғыда дәлелденген. Ал енді осыдан шығатын негізгі қорытындыны өзіңіз жасай беріңіз!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

turkystan.kz

04 тамыз 2023 ж. 390 0