Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әдемі қартаю да өнер

Әдемі қартаю да өнер

Расында да, біз осы «әдемі қар­таю» деген сөздің түп-төркініне барып, оның мәнісін терең түсіне аламыз ба? Жақсы қартаю барлығымыздың қолымыздан келе ме? Ол үшін не істеуіміз керек? 
Халқымызда «Үлкеннен құрмет, кішіден ізет» деген даналық сөз бар. Кейде әркімнің отбасында, өскен ортасында адами қасиеттер жайлы ұдайы әңгіме қозғалып, жайқалып өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие, саналы ақыл айтып отырсақ артық болмас еді-ау деп ойлайсың.
Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жа­са­ған ғұмыры көп сатылы. Ғалымдар өмір жо­лын нәрестелік (бір жасар), балалық (1-13 жас), жастық (13-25), кемелдік (25-49), егделік (49-61), кекселік (61-73), қариялық (73-85) және қаусау (85-тен асқан) кезеңдерге бөліп, әр­қайсысына биологиялық және физиологиялық тұрғыда толық мінездеме береді.
Адам бала­сының қартаюы табиғи заңдылық. Қартаю – организм мен ой сезімнің даму, жетілу үдерісі, белсенділік мүмкіншілігінің төмендеуі. Адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын белгілі болуы. Рухани қартаю ­– тән мұқалуынан бұрын жан жұталуы, жүйке жүйесі әлсіреп, жадының көмес­кіленуі. Қоғамдық ортадан оқшаулану. Қартайғанда адамның денесі болбырап, қимыл-қозғалысы баяулайтыны, іс-әрекеті шектеліп, қоғамдық ортадан қол үзері, жүйке сыр беріп, ой өрістің торығатыны анық. Бұл – жеке бастың кемшілігі емес, ұзақ өмір сүріп қартайғандардың барлығына ортақ көрініс. Сәнімен қартаю – абырой. Бірыңғай отбасылық өмір қалпына көшкен соң ұл-қыздарының, немере-шөбе­релерінің, құда-жекжат төрінде маңғаз отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ақ батасын беріп, баршаның разылығына бөлену үлкен ғанибет! Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қаш­ырмай, әдемі қартаю – өнеге, ұлық жасын қа­дірлеу – үлгі.
 Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Қарттар – кісіліктің төресі. Олар сыйлы ел­де халықтың бірлігі берік, тәлімділігі жоғары. Олар жоқшылық көрген елде тоқшылық жоқ. Қарттардың жай-күйі, хал-ахуалы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна- қатесіз бейнелейді. Қарттарға адам баласына тән пендешілік те жат емес. Ешбір тірі пенде қашып құтыла алмайтын үш қатер бар, ол – ауру, қартаю және өлім. Бұл – өмір заңы.
Қартаюдан қорқасыз ба?
Әлемде 10 миллионнан астам фобия бар екен. Соның бірі – герантрофобия, яғни қартаюдан қорқу. Қарттықтан үрейленетіндер күйзеліске ерте ұшырайды екен. Ал жүйке жұқарып, тән мен жанның жаралануынан келетін кесел барлығымызға мәлім. Қарттық кезеңде күйзеліске ұшырамаудың амалы қандай?
Қартаю туралы бүгінде ғылым түрлі пікірлер айтып, қартаймаудың амал-тәсілдерін табу үшін жанталасуда. Дегенмен, өмір заңын өзгерту әзірге мүмкін емес. Ғалымдардың пайымдауынша, қырық жастан асқаннан кейін адамның тәніндегі бағана клеткалары бөлінбейді екен. Қартаю деген де дәл осыдан пайда болатын тәрізді. Жас адамды кәрі адамнан айыратын басты белгілердің бірі – жүзінде қан жүгіріп, нұрланып тұратындығы. Бір сөзбен айтқанда, кәрілік адамды әл-қуатынан айырып, тәнін түрлі дерттерге шалдықтырып, бір қиындықтан кейін екіншісін әкеледі.
 «Адамды тез қартайтатын ең үлкен дерт – қартаюдан қорқу» дейді мамандар. Қандай жас та болсаңыз да, сұлулыққа мән беріп, денсаулықты күткеннің айыбы жоқ. Бұл орайда психологтар ең әуелі адам қарттық кезеңді мойындап, оған көндігу керек дейді. Сонда ғана үлкен адамдар күйзеліске ұшырамайды екен. Сонымен қатар психолог маман Гүлбану Ташауова:
– Күйзеліс жас талғамайды, ол жас жеткіншекте де, егде тартқан қарияда да кездеседі. Алайда, қазіргі таңда қарттардың арасында ашушаңдық немесе жалғыздық сезімін сезінетіндердің қатары артқандығын аңғарамыз. Бұл тиісінше күйзеліске алып келеді. Көңіл күйі түсіп, қоғамдағы күйбең тірлікке зауқы болмай, адамдармен қарым-қатынасы төмендеп, айналасына деген көзқарасы өзгереді. Көбінесе үлкендерде көңілшектік сезімі пайда болып, мінез-құлқы өзгеріп, баласының немесе немересінің сөзін көтере алмайтындай жағдайға жетеді. Сонымен қатар ерлерге қарағанда әйел адамдар көңілшек һәм ашушаң болады екен. Сондықтан мұндай жағдайға жеткізбеу үшін балалары мен немерелері ұдайы оларға көңіл бөліп, махаббат пен қамқорлығын аямау керек. Бұл өмірдің талай қиындығынан өткен жандар үшін маңызы зор,  – дейді.
Ауруды, кәрілікті  жеңуге бола ма?
Ғылым мен техника шарықтап дамыған қазіргі кезде, әсіресе, бақуатты жандар пластикалық операция жасатып, ағзаларын ауыстыртып, қартаймаудың, өлмеудің амалын жасап-ақ жатыр. Бірақ, адам қалай жанталасса да, өлім мен кәрілікті жеңе алмайтыны ақиқат.
Ажалды, кәрілікті жеңудің жалғыз ғана жолы бар, ол – өмірге рухани көзқарас арқылы қарау. Қасиетті кітаптардың бәрінде адам ертең қартайып, өлетін тән емес, мәңгі жан екендігі анық айтылған. Өзін тән емес, мәңгі жан екенін сезінген адам ешқашан аурудан, кәріліктен, ажалдан қорықпайды. Ондай адам Алланың алдындағы парыздарын адал орындап, Жаратқанның берген игілігіне тәубе етіп, имандылықты серік етіп өмір кешеді.
Жақсы қартая білесіз бе?
Сіз қартаюдан қалай қашсаңыз да, ол бәрібір өз дегенін жасамай қоймайды. Сондықтан, «өмірді өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» деген бір данышпанның айтқанындай, кәрілікті де өз пайдамызға бейімдеуімізге болады.
– Қартайған адамдардың бәрі бірдей сүйкімсіз болмайды. Қартайған адамды айналасына сүйкімді көрсететін жалғыз қасиет – даналығы. Ұзақ жасап, өмірден көрген-түйгені көп қария дана болса, айналасына қадірлі болмақ. Ал керісінше, өмірді көп көрсе де, көкірегіне ештеңе түймей күн кешкен пенделер қартайған сайын ақылы таяздана бермек. Мұндай жандар айналасына да сүйкімсіз көрінеді. Қартаю да, ажал да – өмір заңдылығы. Сондықтан, әрбір күніңізді мағыналы өткізіп, өмірдің жақсысы мен жаманын таразылап, имандылықты серік еткеніңіз абзал. Сонда ғана даналық келеді. Қартаймаудың жалғыз жолы – осы. Қарттық – тағдырдың бұзылмайтын заңдылығы. Бұл сөзімізге Құранның «Рум» сүресінің «Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш-қуат беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты...» деген сөзі дәлел. Әдемі қартаю адамның рухани байлығына байланысты,–дейді ардагер ұстаз Аманжол Жолмағамбетов.
Мамандардың айтуы бойынша, қарттықтың алдын алу үшін дер кезінде түрлі ем, жаттығу, дұрыс тамақтану, демалу арқылы сақтана білмесеңіз, кәрілік бойыңызды қалай билеп алғанын байқамай қаласыз. Адам өзін сергек сезінуі көңіл-күйі көтеріңкі, рухы мықты болуы және дұрыс өмір сүруінде, өзгелерге жақсылық жасап, ұл-қыздарының қуаныш-қызығын көруінде. Ұлы ғұлама Ахмет Игүнеки: “Бұл дүние бір керуен сарай-ды, кете­тін­дер түсіп содан тарайды. Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде, келіп түскен тізбек соған қа­райды” дегеніндей, өмірдің керуен көші жастарға жол ашып, қарттарды құрметтеумен дүние кеңістігінде тоқтаусыз ілгерілей бермек.
Түйін:  Тағдыр арбасы біреуге жайлы, біреуге жайсыз. Әйтсе де, «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» дегендей, бұл фәни өмірде қарттыққа да бойұсынып, алдағы өмірді мәнді де сәнді өткізгенге не жетсін?! Жаны сұлу адамдар сұлу қартаяды. Сондықтан, қартаймаудың негізгі емі – салауатты өмір сүру салтын ұстану мен өн бойындағы мәдениеттілік, дұрыс тәлім-тәрбие деңгейі төмендемеуінде деп пайымдайды мамандар.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
03 тамыз 2021 ж. 1 175 0