Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Сырттан

Жездесінің үйінен шыққанына да көп уақыт өткен сияқты. Жол әлі таусылар емес, керісінше ұзара түскендей. Күндіз болса ғой, бұл бөлімшеден аудан орталығына ойнап отырып-ақ жетер еді. Ал қазір Сыр өңірінің тас түнек түні. Шым-шымдап бойын билеген үрейге иелік бермес үшін Түнғатар әр нәрсені бір ойламақ болды. Қырсыққанда, қайдағы бір қорқынышты ойлар ұялайды екен көңілге. Кері қайтпақ та болды, бірақ жездесінің әжуа-мазағына тап болары сөзсіз. Түнғатар манадан бері қыр соңынан көлеңкедей еріп келе жатқан хайуанды байқамапты. Көре сала «Сырттан» деп күбір етті ол.
Түнғатар басын көтеріп көз алдын шолып өтті. Түу, ұзақ жүрген сияқты еді, әлі «Көк өзенге» де жетпепті ғой. «Көк өзен» деп аталғанына қарағанда, бұл жерде кезінде әжептәуір өзен болған сияқты. Өзен арнасы терең сай. Апасының айтуынша, ол жерге жолаудың қажеті жоқ. «Жын-шайтанның ұясы, шибөрілердің мекені». Жын-шайтанды кім білсін, ал шибөрілердің хормен «ән салғанын» Түнғатар талай-талай естіген. Бірде кешкі шайдың үстінде маңдайы жіпсіп, терісі кеңіген анасы: «Шибөрілер ұйымшыл келеді. Ортасына түскен жалғыз-жарым адамды қоршап алып, жабылып қытықтап, көзіне құм шашып өлтіреді» деген. Ал көкесі қолындағы сырлы кесесін төңкере беріп: «Былшылдамай отыр. Балаға сондай сөз айтып...», – деп дүңк ете қалған-ды. Оның бәрі ештеңе емес қой, дәл қазір шибөрілер кездесіп қалса қайтпек? Сырттан құйрығын бұтының арасына қысып алып, ауылға қарай бір-ақ зытар. Түнғатардың жүрегі дір ете қалды. Кенет... Сол қол жағынан қалың қамыс қоға, ұйыса өскен қопа шетінен әндете жылап қоя берген көп дауысты естігенде, ол есінен танып қала жаздады. Дауыстары қандай ащы еді. «Ырр» етіп ырылдаған Сырттан секіріп алға шықты. Балтаның жуан сабындай алдыңғы аяқтарымен жерді тырналап шиыршық атады. Бар үміт өзінде қалғанын сезінетін сияқты. Құйрығымен жылжып, шоқаңдай жақындаған шибөрілердің біріне айбарлы төбет ар-р етіп атылған күйі тыпырлауға шамасын келтірмей, жұлмалап шайнай бастады. Дүрегей иттен мұндай оқыс шабуыл күтпеген шибөрілер азан-қазан шуласып кейін серпілді. Түнғатар өң мен түстей бір халде, есін жия алар емес. Тіпті ол сырт жағынан таянған бір топ шибөріні байқаған да, үздік-создық үнін естіген де жоқ. Кенет дәл қарсы алдынан басталып кеткен ию-қию, алыс-жұлыстан сескеніп шегіншектей бергенде, ту сыртынан бірдеңе жалбаң ете қалып, шалқасынан түсті. Қайтып тұра алар емес. Үстінен келіп жабыса кеткен бір топ мақұлықты сезсе де қарсыласа алмады. Енді бір сәтте Түнғатар жанталаса алысқан Сырттанның шүпірлеген тауық балапанына тиіскен мәлін мысықша шуылдақ шибөрілерді оңды-солды жапырып, өзіне жеткенін, жабысып жүргендердің желкесін қиып, үнін өшіріп жатқанын сезді де, талықсып кетті.
Шибөрілердің беті қайтып, бұта-бұтаны тасалаған күйі кері серпілді. Сырттан келді де, Түнғатардың желеткесінің өңірінен тістеп, сүйрелей жөнелді. Содан ауылға жеткенде, Сырттан қуана қыңсылап, көкшіл есікке қарай жүгіре жөнелді. Тұтқасына асылып, тырмалай бастады. Үн жоқ. Терезе тұсына келіп, жуан дауысын барынша жұмсартып үрді, ешқандай сыбыс естілмеді. Ызалана ырылдап, қайтадан есікті тырнады. Тым-тырыс. Сосын Түнғатардың жанына келіп, жұп-жұмыр денесі солқ-солқ етіп біраз жатты да, кенет оқыс шешімге келгендей атып тұрып терезе алдына барды. Сәл шегінді де, шиыршық атқан сом денесімен биік терезеге бір-ақ ырғыды. Сәлден соң көк есік қиюлана ашылып, солбырайып шыққан иесін көрді. Бірақ оның табалдырықтан сәл әріде жатқан Түнғатарға үңіле қарап, қайтадан ішке сүңгиін дегенін Сырттан түсінер емес. Тұла бойын долы сезім құрсай бастағандай. Неге тезірек жәрдемдеспеді? Неге ешқайсысы тырс етіп үн қатпайды? Міне, иесі қайтадан шықты. Қолында сабаудай сойыл бар. Соңынан жүгіре басып шыққан әйелдің Түнғатарға төне түскенін көргенде қыңсылап жіберді. Тұла бойын қақсатқан жарақатына ем сұрағандай қинала қозғалып, иесіне жақындады. Гүрс еткен сұрапыл дауыспен қатар керемет ауыр бір соққы оны солқ еткізіп, әлде бір түйсіксіз құпия дүниеге шым батырып жіберді. «Құтырыпты. Осы бәлені құрт деп қаншама қақсадым» деген иесінің томырық үнін ол енді естіген де жоқ. Әлденеге селк ете қалған Түнғатар көзін жайлап ашып: "Апа-а-а!... Сырттан...Сырттанға тамақ берші!..." деді ыңырсып.
...Ертесіне Сырттанның итаяғы майлы сүйек пен қою жуындыға толып тұрған.
Асқар Жұбанышов,
Арал қаласы
24 қыркүйек 2023 ж. 1 170 0