Әулиеге ат, Қорасанға қой атап тілек тілеген бе?

Бұны «Құдайға бер де жыла» дейтін бабаларымыз білмеді дейсіз бе, білді. Ендеше, «Әулиеге ат атап, Қорасанға қой атап» деген сөзге неге тоқтау жасаған жоқ? Себебі, оның тілек тілеуге, медет сұрауға еш қатысы жоқ екенін білді. Әулие деген ауру (бірақ қазір нақты қандай ауру екендігі туралы мәлімет жоқ). Сол аурудың жолын да Аллаға серт етіп, аттың құйрық жалын кері байлап, «әулие» ауруына шалдыққан адам жазылған кезде құрбандық етемін деп босатып қоя берген. Ол атты «сепер ат» деп атаған. Яғни, «Әулие» ауруына шалдыққан адам үшін ат атайды да, Аллаға серт етеді.
Бос жүрген сепер атты көрген адам «Е, мына елде бір адам әулие ауруына шалдыққан екен» деп Алладан шипа тілеп дұға етеді және араларында емші болса жақын жердегі ауылдан сол аурулы адамды іздейді.
Ауру жазылып жатса серті бойынша әлгі атты сойып, құдайы жолы етіп таратады. Ал Қорасан деген кәдімгі шешек ауруы. Бұл ауруға ұшыраған адамға арнайылап қой атайды. Ол қойды сойып, терісіне ауруға ұшыраған адамды орап, бұлаулаған. Сол қойдың етінен сорпа жасап, терлетіп ішкізген. Яғни, Қорасан ауруы үшін қой атаған. Демек, әулие ауруына және Қорасан ауруына ұшыраған адамның емі үшін біреуіне ат, екіншісіне қой атаған. Олай болса, бұның мақсаты Алланың досы, ілімді әулие адамдар мен Қорасан бабадан жәрдем тілеу емес. Сондықтан бұдан шатаспауымыз керек.
Сөз реті келген соң Қорасан баба жайында бірер мәлімет пен Қорасан атануы жөнінде айта кетейік. Әбдіжәлил баб - Әли Абу Тәліптің (Әзірет Әлінің) жетінші ұрпағы, Хазірет имам Хұсайын әулетінен. 8 ғасырдың екінші жартысында Йеменде патшалық құрған.
Сол заманда бауыры Ысқақ бабпен бірге 150 мың әскермен дін жолындағы жорыққа аттанады. Шам қаласынан Бағдатқа, Исфаханға, одан Мазандеран, Серахс, Балх, Бұхара, Шахрисябзь, Самарқан, Өзгент және Ош шаһарларына келеді. Екі ықылымды бағындырған арабтар Ферғанаға жеткен соң, мұндағы жұртты түгел исламға мойынсұндырып, енді үш бағытқа бөлінеді: бірі Қашқар мен Жаркентке, 2-сі Сырдың сол жағасымен Жетікентке және Отырарға (8 ғасырда Отырар Сырдың сол жағында болған), ал үшіншісі Сырдың оң жағасымен Шаш (Ташкент) және Исфиджап (Сайрам) шаһарларына қарай аттанады. Әбдіжәлил баб Сырдың сол жағымен жүретін 2-бағытқа, Ысқақ баб 3-бағытқа басшылық етеді. Әбдіжәлил баб Ходжендті (Сырдың өзгенті немесе Қырғыз өзгент) қоршау кезінде қаза болады. Мұны естіген бауыры Ысқақ баб әскерімен келеді де Ходжентті алып, Өтеміс ханды өлтіреді.
Тұрғындарына мұсылмандықты қабылдатады. Аңыз бойынша оның лақап аты Хорасан екен. Хорасан аталуына себеп болған жайт: шешек шыққан жанның үстінен аттаса — ауру көп ұзамай сауығып кететін көрінеді. Енді бір әңгімелерде ауырған адамға арнап қара қойды сойып, терісіне орады, сорпасын ішкізді деген де әңгіме бар. Тіпті, Қорасан емшіге қой ата деген де тіркес болған. Қалай болғанда да қазақ әулие мен Қорасан атаға мал беріп, Алланың бермесін алған емес.
Арал ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді
Сурет: termincom.kz