Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 30 жасында 7 баланың анасы атанған - Данагүл

30 жасында 7 баланың анасы атанған - Данагүл

Аралқұм ауылы құт қонған мекен. Мұндағы халық еңбекпен есейіп, әркім әлінше тіршілік етіп, тұрмыс кешіп жатқан жайы бар. Оны осы ауылға барған сапарымда бек түсіндім. Темір жолдан әрі өтіп, Ғалымжан есімді әкімшілік қызметкерінің бастауымен, жаңадан тұрғызылған еңселі үйге келіп аялдадық. Сырттан ілтипатпен қарсы алған жігіт ағасы өзін Жарас деп таныстырып, үй есі екендігін айтты.  Басында ауыл әкім Кенжебек Сахиұлымен телефон арқылы тілдескенде, «Сіздің ауылдың шұбатының дәмі керемет қой. Шұбат ашытудың ерекше әдісін білетін әйелдерді кейіпкер еткім келеді» деген өтініш айтқан болатынмын. Ал мына отбасына келіп, тіптен ерекше кейіпкер тапқаныма қуандым.

Жиенбаевтар әулетінің түтінін түзу шығарып, қарашаңырақтың іргесін бекемдеген Жарас пен Данагүл осыдан 15 жыл бұрын отау құрған. Ол кезде Жарас 28 жаста, ал Данагүл небәрі 18 жаста болған екен.
–Өзім көпбалалы отбасында өскенмін. 6 ағайындымыз. Менен үлкен әпкелерім әлде қашан тұрмысқа шығып кеткен. Ағам отбасымен Қызылорда қаласында тұрады. Әкем Тұрғанбай менің 5 жасымда өмірден озды. Анам Гүлжаһан  бізді жетілдіріп, жеткізді. Ұзақ жылдар ауылдағы мектепте еден жуушы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Анам да келместің кемесімен кеткелі біраз болды. Данагүлмен бір жылдай дос болып араласқан соң, 2009 жылы отбасы болуға бекіндік. Ол жас болды. Бірақ оның мінезі мен тәрбиесі ерекше еді. Сондықтан тұрмыстық өмірге үйренісіп кететініне сенімді болдым, - деп бастады әңгімесін отағасы.
Данагүл ол кезде студент болған. Жас келіншектің оқу оқып, диплом алуына енесі мен жары қарсы болған жоқ. Қайта қолдау көрсетіп отырыпты. Данагүлдың балалығы мен шалалығын кешіре білген енесі үй шаруасын үйретіп, шыйратып, епті келін етіп тәрбиелеп алған көрінеді.
– Өзім қаланың қызымын. Бәлкім, балалық болар, Жарас «отбасы болайық» дегенде қарсы болған жоқпын. Ол менің арқа сүйер азаматын, отбасының тірегі болатындығына сенімді едім. Өзімнің жастығыма қарамай, келін атандым. Алғашқыда менің де кемшіл тұстарым болды. Оған енем сынап қараған емес. Қайта, жәймен айтып, бәрінің тігісін жатқызып, түсіндіріп беретін. Соның арқасында үй шаруасын ұршықша үйіріп әкететін пысық келіншекке айналдық қой, - дейді Данагүл.
Қазір Жарас ауылдағы №61 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал Данагүл әлеуметтік қызметкер. Ерекеш балаларды үйден қарайды. Екеуі де өз саласында абыройлы еңбек етіп отырған жас отбасы. Жарас дайындаған мектептің қыздардан құралған гандбол командасы, жуырда  аудандық жарыста оқ бойы оза шауып, облысқа жолдама алған. Данагүл де ерекше күтімді талап ететін балалардың тілін тауып жүрген биязы мінезді қызметкер. Олар еңбегімен елге қызмет ете жүріп, демографияның өсуіне де үлестерін қосуды ұмытқан емес. Өмірге 7 перзент әкеліп, балаларын кішкентайынан ізеттілікке тәрбиелеп отыр.
– Көпбалалы отбасында өскедіктен мен о бастан баламның көп болғанын армандадым. Данагүл де мұнымды құптады. Өйткені ол 3 ағайынды болатын. Ал менің жан-жақтан бауырларын келіп, бір-бірімізге көмектесіп жатқанымызды көріп риза болып отыратын. Содан Алланың бергеніне шүкір етіп 7 баланың ата-анасы атандық. Құдайдың берген 4 ұлы мен 3 қызы бар, - деген отағасы Жарас көпбалалы болудың жақсы екендігін түсіндіріп берді.
Данагүл үшін де ұрпағының көп болғаны қиындық емес қуаныш.
– Марқұм енем көпбалалы отбасы болғанымызды қатты қалады. Үлкен немерелерін өзі бағып өсіргендіктен маған қиындығы білінген жоқ. Қазақ «Бір қозы өмірге келсе, бір түп жусан артық шығады» дейді ғой. Әр баланың өзінің несібесі бар екенін ұқтым. 30 жасымда жетінші баламды дүниеге әкелдім.  Қазір үлкендерім ержетіп қалды. Өзіме қолғанат. Ұлдарым даланың жұмысына көмектессе, қыздар үй тірлігін тындырып жатады. Сабақтары да жақсы. Бәрі үздік оқиды. Оларға бауырмал болуды, қандай жағдай болса да бір-бірін қолдауды үнемі құлақтарына құйып отырамыз. Мысалы, екі келі алма адып келсек тек, екеуін жеті балаға теңдей бөліп береміз. Бұл дегеніміз жоқтықтан емес, бөлісіп жеу, қамқор болудың кішкентай баспалдақтары, - дейді Данагүл.
Данагүлдің бір күнін зерделеп көргенбіз. Мемлекеттік қызметіне барып, үйге келген соң үй шаруасын жайлы етіп, жеті баланың тамағы мен сабағын қамдайды. Бұған қоса, қорадағы екі түйесін сауып, шұбат дайындауды да ұмыт қалдырмайтын, істің көзін тапқан келіншек.
– Шұбатты табыс табу мақсатында ашытпаймсын. Қазіргідей ауру, сырқау көп кезде балаларға табиғи таза өнім бергім келеді. Бұл шұбаттың құрамында адам ағзасына керекті небір дәрумендер шоғырланған. Сондықтан пайдасы мол, - дейді. Ал ашыту жолын: - бір шикі, бір піске түйе сүтін таза ыдысқа араластырып, қайта- қайта сапыру арқылы бабын келтіреміз. Кейін аз уақыттың ішінде ашып шыға келеді. Осылай балалар да, өзіміз де күнделікті бір уақыт шұбат ішіп тұрамыз, - деп түсіндірді.
Он бес жылда 7 баланы өмірге әкеліп, ауылдың қарбалас тіршілігімен біте қайнасып кеткен келіншек уақыттың қадірін жақсы біледі. Ол «өзіңізді қалай демалдырасыз» деген сауалға: - Менің ең сүйікті ісім - тігін тігу. Қолым қалт ете қалса, өзім бір бөлмеге кіріп алып, оңашаланып тігін машинаммен түрлі құрақ көрпелерді тіккенді жақсы көремін. Бұл маған демалыс пен рахаттану сезімін сыйлайды, - деді Данагүл.  
Міне, бұл жас отбасы бейнеті көп ауылда өмір сүріп жатса да, ешкімге өкпе артпай, өздерінің сүйікті кәсібінде, балаларына жарасымды шаңарақтың үлгісін көрсетіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Жарастың бойындағы отбасына деген қамқорлық, Данагүлдегі қазақ әйеліне тән ізеттілік пен жайдарылық берекелі жанұяның жарасымын көрсетіп-ақ тұр. Осындай отбасыларды көргенде көңілің жылып, жүрек қуанып қалады екен.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
02 желтоқсан 2023 ж. 1 259 0