Бейнеттің зейнеті
Қай заманда да ата-әжелеріміздің зейнетақысында береке бар. Шамалы зейнетақысының өзін біраз дүниеге жеткізіп, немерелері түгілі, ұл-қыздарын да жарылқап жүретін қариялардың шарапаты ерекше. Әулеттің әлеуетіне, әлеуметтің көңіл күйіне оң әсерін тигізетін осынау зейнетақының жыл өткен сайын өсіп жатқаны қуантады.
Халқымыз қашаннан бері «Қарты бар үй – қазына» деп санайды. Бұл мақалды тура мағынасында қабылдасақ та, қателесе қоймаймыз. Өйткені қариясы бар үйде шығынының бір бөлігін жабатындай мүмкіндік те болады. Ал қос қариясы бар шаңырақтың отбасылық бюджеті ай сайын әжептәуір қампайып қалады.
Осы орайда өткенге шамалы шегініс жасап, зейнетақы көлемінің көрсеткіштеріне көз жүгірте кеткеніміз жөн шығар. Ұлттық статистика бюросы 2000 жылдан бері қарай зейнетақыға қатысты ахуалдың қалай өзгергенін көрсететін деректерді келтіріпті. Мысалы, 2000 жылы зейнетақының орташа айлық мөлшері 4 298 теңге болса, 2007 жылы бұл көлем 10 654 теңгеге жеткен. Үш жылдан соң, яғни 2010 жылы орташа зейнетақы екі есе ұлғайып, 21 238 теңге болған. Тағы үш жыл өткенде, 2013 жылы осы көрсеткіш 31 918 теңгеге жеткен. Содан кейін 2017 жылы – 50 850 теңге, 2020 жылы – 63 937 теңге, 2022 жылы 73 902 теңге болған. Ал биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құрады. Байқасақ, өткен жылмен салыстырғанда осы жылы зейнетақы көлемі едәуір ұлғайған. Бұған, әрине, жаңадан Әлеуметтік кодекстің қабылдануы да оң әсерін тигізді.
Бүгінде елімізде 2 млн 328 мың зейнеткер бар. Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 33,7 млрд теңге сомасында зейнетақы төленді. Соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 930,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 2 трлн 103,1 млрд теңге қарастырылды. Жоғарыда айтқанымыздай, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құраса, соның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге.
Бұл ретте 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын айта кеткен жөн. 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер өтіл 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тәуелсіздік жылдарында жинақтаушы зейнетақы жүйесі бірнеше даму кезеңінен өткенін атап өтті.
«Қазақстан жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуді ТМД елдерінің ішінде бірінші болып бастады. Бірінші кезеңде жүйенің қатысушылары тек табысының 10% аударатын жұмысшылар болды. Бүгінде олардың жинақтарының жалпы сомасы 16 трлн теңгеден асты. Екінші кезеңде 2005 жылдан бастап бюджеттен базалық зейнетақы төлемдері енгізілді. Міне, солай мемлекет жүйенің екінші қатысушысы болды. Биыл Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен жүйенің үшінші субъектісі – жұмыс беруші пайда болды. Келесі жылдың басынан бастап олар өз қызметкерлерінің пайдасына аударымдар жасай бастайды. Осылайша, біз көпдеңгейлі ұлттық зейнетақы жүйесін құрдық», деді Т.Дүйсенова.
Вице-премьердің сөзін дәйектей түссек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушіден міндетті зейнетақы жарналар (ЖМЗЖ) алынады. Жарналар агенттің (жұмыс берушінің) өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылады. Жаңа жылдың қаңтарынан бастап ЖМЗЖ мөлшерлемесі қызметкердің жалақысының 1,5% құрайды және 2028 жылға дейін 1%-дан 5%-ға өседі. ЖМЗЖ кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушінің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалады, ағымдағы ай үшін төленеді және қайтыс болған немесе Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен аймен қоса алғанда есептеледі.
Жалпы, Әлеуметтік кодекс бойынша 2023-2027 жылдары ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, ең жоғары-ең төменгі күнкөріс деңгейін 100-ден 120 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артады. Осылайша, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсімі шамамен 13 пайызды құрамақ.
Сонымен қатар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Осы шараларды іске асыру 2025 жылға қарай үш жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға – 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда зейнеткерлер саны 30%-ға артып, 3 млн адамға жетеді екен.
Жалпы, зейнеткерлер қатарының артуына демографиялық өсім мен орташа өмір сүру жасының ұлғайғаны әсер етіп отырғаны белгілі. Қалай дегенмен халықтың көбеюімен соған сай өмір сапасының да көтерілгені маңызды. Сол қатардан қарттарымыз да табылып, ұрпағынан рақат көріп, жетістігіне сүйініп, елге ес болып, арамызда аман-есен ұзақ жүргені жақсы.
egemen.kz
(Сурет ашық дереккөзден алынды)