Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мен жалғыздыққа қалай келдім?!

Мен жалғыздыққа қалай келдім?!

Жуырда желіден бір апайдың ащы дауысы құлағыма жетті. «Сендер, мына ажырасқан әйелдер, қоғамның сорысыңдар. Біз жек көреміз сендейлерді. Өз басым ажырасқан әйелдерді жек көремін, отырғым келмейді олардың қасында. Мен сияқты миллиондаған әйелдер бар отбасын ұстап отырған, бірақ ажырасқан әйелдермен бір дастархан басында отырғысы келмейді!».
Тап осылай айтты, сөзбе-сөз жеткізіп отырмын. Мүмкін эмоцияға берілді, мүмкін ажырасқан әйелдерге деген реніші бар, бірақ, осы ащы сөзімен көптің көңілін толқытып, көп жараның аузын ашып жіберді. Мейлі ажырасқандардың жанына отырмаса отырмай кетсін, жек көрсе көре берсін. Бірақ біреу біреудің бағы болмаса, ешкім ешкімнің соры емес. Құдай екі адамды бекерден-бекер қоспаса, адамды бір-бірімен ажырастырмайды! Мұны қазақта жазмыш, яғни бүгін қуантып, ертең жылататын алмағайып тағдыр дейді. Сондықтан тағдырға келгенде беталды ой түю мен сөйлеудің өзі қорқынышты. Әркімнің тағдыры өз қолында деп жатамыз. Бірақ біреу тағдырын қолына ерте алады, біреу кеш алады, қайдан білеміз, мүмкін қолында емес шығар, кім бұған таласа алады? Сондықтан қоғамды бұлай жік-жікке бөлуге ешкімге құқық берілмеген. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірде кім сүрінбейді, кім құламайды, кім жығылмайды? Мүмкін арасында бірен-сараң ақылы қысқа әйелдер бар шығар. Дегенмен қазақтың қыз-келіншектері мен әйелдері шетінен иманды, ибалы, сабырлы, мейірімді, парасатты, ақылды, сауатты, заманауи, үлкенді сыйлай білетін, кішіні қорғай білетін, шаруаға пысық, тағдырға көнбіс, туысқа шыдамды, енеге төзімді, күйеуге барын, балаға жанын беруге даяр тұратын батыр аналар дей аламын. Мұны аталарымыз «Еркекті төрге де, көрге де сүйрейтін әйел» деп түйіндеп қойған. Сондықтан біздің қазіргі дәстүрлі қоғамды көріктендіріп тұрған қазақтың әйелдері болмаса, бұзып тұрған олар емес.
Білесіздер ме, осы ащы дауыс кімдердің жараларын тырнады? Әсіресе әкесіз өскен жастардың жаны ауырды. Жаны жабырқап жүрген жандар жекеме шығып, мұңдарын жеткізе алмады. Онсыз да ойраны шыққан өмірлеріне іштей қан жұтып, дымын білдірместен жанын қоярға жер таппай жүрген жалғыз басты әйелдер, тіпті ер-азаматтардың өздері ажырасқан ата-аналарын еске алып «Сонда менің анам жек көрінішті болғаны ма? Онда мұндай ел мен қоғамның керегі қанша?» деген өкініштерін айтты. Мынаны ұғынайық, біз яғни қазақ халқы Алланың ерекше бір махаббатымен жаралған бірегей уникалды халықпыз. Көңіліміз дархан, жүрегіміз кең, әлемді қойнымызға сыйғызған мейірімді елміз, ата дініміз бен дәстүрімізге бекем жұртпыз. Біздің Отанымыз, тарихымыз, жеріміз ортақ, қуаныш пен қайғыны да бірге өткеретін қоғамбыз. Жек көру, өзекке тебу, мейірімсіз, рақымсыз, қатігез, жауыз, бөліну қасиеттері болмаған бабалар ұрпағымыз, біртұтас Алаш ұранымыз. Қандай жағдай болса да бізге бөліну емес, бірігу қажет, бөлінбейміз де, бөлмейміз де. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, қарадан қарап қасқырға жем болмайық.
Бөліну – ол жалғыздық. Ал жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Бәріміз Құдайдың бір-бір жалғызымыз, жалғыздық пен тәкаппарлық тек Құдайдың сипаты, Оның ғана киімі. Құдай бізді жақсы көреді, жақсы көретіні сонша, күнәмізді кешіруге қазір-ақ дайын!
Жаратылыстары ішінде Алла Тағала адамды рақымдылығымен ерекше ұлық етіп жаратты. Махаббаты сондай шексіз. Нығметті қаласақ та, қаламасақ та, сұрасақ та, сұрамасақ та есепсіз бере береді. Ендеше неге біз әлсізбіз? Құдай бізді жақсы көрсе, неге оны жақсы көрмейміз? Неге бұйрықтарына құлақ аспаймыз? Неге сәжде етпейміз? Неге алғыс білдірмейміз? Таршылық емес, баршылық заманда көңіліміз неге тар? Жалғыздық неге жайлап барады? «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені» дегенді Абай айтса, дүниенің психологтары жалғыздық деген дерт, адамның ортадан бөлінуі, өзін жалғыз сезінуі мидың ауытқуынан дейді. Шындығында солай ма? Біз жалғыздықты қалай түсініп жүрміз? Жалғыздық деген не, білеміз бе?
Жалғыздық – адамның ішкі күресінен туындайтын шешім. Адам онсыз да жалғыз, мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Десек те, адам жалғыздықты таңдайды ма әлде жалғыздық адамды таңдайды ма?
Біріншіден, адам өзін-өзі жоғары бағаласа, ортасы мен қоғамға өзін сыйғыздыра алмай, елден бетер өзін ерекшелеп дараласа, жалғыздық адамды таңдайды. Бұған көбіне мақсатшыл, сыншыл, міншіл, кірпияз, талғампаз, тәкаппар адамдар бейім келеді. «Маған ешкім ұнамайды», «Маған олардың қуанышы керек емес», «Мен ондайларды жек көремін», «Мендей болу қайда оларға» деген сынды ойларымен мен-мендігіне еріп, жүзін жалғыздыққа бұрып, өзін-өзі жеңеді.
Екіншіден, адам өзін-өзі төмен бағаласа, ортасы мен қоғамнан орын таба алмаса, талғамы сәйкес келмесе, адам жалғыздықты таңдайды. Бұған көбіне рухани әлсіз, ұяң, момын, тұйық, уайымшыл, секемшіл адамдар жатады. «Мен ешкімге ұнамаймын», «Менің қуанышым ешкімге керек емес», «Мені бәрі жек көреді», «Мен олардай бола алмаймын», «Мені менсінбейді», «Мені ешкім түсінбейді» деген ойларға шырмалады немесе «Мына өмірден шаршадым», «Күтуден шаршадым», «Үміттенуден шаршадым», «Өтіріктен шаршадым» деп сары уайымға беріліп, біреуден бірдеңе күтіп, өз-өзінен шаршап, өз-өзінен жеңіліп, жалғыздыққа беріледі. Яғни бұл жердегі мәселе адамның өз-өзін бағалауда. Егер ортаны ұстанып, қоғаммен санасса, өзін дараламаса немесе төмен көрмесе, қарым-қатынасты өз ойларымен пішпесе, адам жалғыздыққа бармайды, жалғыздық оған жоламайды.
Үшіншіден, жалғыздық – бұл жаза яғни адамға ең қорқынышты жаза аштық емес, жалғыздық. Өйткені адам жалғыздықпен өзгені емес, өзін жазалайды, оны өзі байқамайды. Бәлкім, бұл туылғаннан бері жиналған күнәлар мен қателіктердің салмағы шығар, кім біледі? Мәселен, түрмелерде жалғыз адамдық қапас камералар бар. Әлбетте оны сол жерде болған адам ғана біледі. Дегенмен сол жер адамның ақылын қозғайды, яғни психоз басталады. Тіпті, жан-жағына адамдардың елесін құрып, сөйлесіп бастайды. Сондықтан, жалғыздық – адамның өзіне-өзі таңдап алған жазасы.
Алайда бұдан да зор жалғыздық – ол жалғыздықты сезіндіретін жандармен бірге өмір сүру, яғни жарымен бір төсекте жатып өзін жалғыз сезінуі немесе отбасы, бала-шаға, бауырлары, туыс-туғандары, достары, ел-жұрты, Отаны, қысқасы бәрі айналасында айналып тұрса да, адамның саналық деңгейде жалғыз болуы.
Мәселен, Жиренше шешен орта жасқа келгенде әйелі Қарашаш қайтыс болады. Қыз қырқынға қарайтын бұрынғы жас күні емес, бірер жыл жүріп қалады. Содан бір күні әз-Жәнібек хан Жиреншеге: «Бұлай үйленбей жүргенің жарамайды, пәленшенің қатыны ерінің тұсында жақсы әйелдің бірі еді, соны ал!» деген ұсыныс жасайды. Жиренше шешен болса, «Сіз ұйғарған болсаңыз, жарайды» деп үйленеді. Біраз уақыт өткен соң хан: «Жиренше, мына әйелің бұрынғыңдай ма, қалай өзі?» деп сұрайды. Сонда: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз» депті. «Түнде төртеуің қалай?» деп қайта сұрағанда, Жиренше шешен:
Ері есіне түседі,
Теріс қарап жатады,
Оныменен ол екеу.
Қарашашты ойлаймын,
Мен де теріс қараймын,
Оныменен мен екеу.
Оймен тауып жолдасты
Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып,
Тұра келсек тағы екеу!
Мұны естіген хан мен жиылған көпшілік Жиреншенің сөзін тыңдап «Рас» дескен екен.
Төртіншіден, жалғыздық – бұл жайлылық. Яғни бұл адамның саналық деңгейде жалғыз болуды қалауы, өзін жайлы сезінуі. Өйткені мына әлемнен тек өзін ғана көреді, өз әлемін құрайды, сол әлемде өзі ғана өмір сүреді, оған кім көрінгенді кіргізбейді, қажетті адам ғана қатысады. Бұған көбіне өзін ғана ойлайтын өзімшіл адамдар жатады.
Бесіншіден, жалғыздық – пана, мәселен сүйіктісі опасыздық жасаса, достары сатып жіберсе, туысқаны теріс айалып кетсе, жақыны ұмытып кетсе, әкесі өтірік айтса, анасы алдаса, әкесі озбырлық көрсетсе адам жалғыздықты пана тұтады. Бұған күрескер емес, өте тұйық, аса ұяң адамдар жатады.
Алтыншыдан, жалғыздық – тағдыр яғни өмірде жалғыз қалып қойған адамдар. Мәселен, жалғыз баласы қайтқан әке немесе ана, ешбір туысы, туғаны, жақыны жоқ жалғыз ұрпақ. Адам жалғыздықты күресіп жеңер, бірақ тағдырды жеңе алмайды. Мұны тағдырға көндігу дейді. Яғни жалғыздықты қабылдау. Егер адам рухани мықты болса, жалғыздыққа қасқая қарайды. Мұндай адамдарға жалғыздық жаза да емес, жаман да емес. Ал, егер рухани әлсіз болса, онда жалғыздықтың жемі болады.
Жетіншіден, қазіргі таңда соңғы шыққан жалғыздықтың бір түрі – ол  онлайн өмір. Яғни отбасыда қанша адам, сонша адамның жеке-жеке онлайн өмір кешуі. Оған себепкер қолымыздағы ұрлықшы телефон, смартфон, ғаламтор, интернет. Яғни бір-бірімен, мейлі отбасыдағы жанұя мүшелері, мейлі ағайын арасы, мейлі аға мен іні арасы, мейлі әке мен баланың арасы, мейлі күйеуі мен әйелінің арасы болсын, жүзбе-жүз сөйлесу, қоян қолтық араласу, мәміле жасасу, екеу ара әңгімелесу, отырып диалог құру мүлдем қалып барады.
Ал, бұдан басқа рухани даму үстіндегі оқшаулану немесе оңашалануды жалғыздық дей алмаймыз. Мұны даралық дегеніміз дұрыс шығар. Яғни бұл жердегі жалғыздық адамның рухани тереңдігіне қажетті оқшаулық. Бұған көбіне әулие, ойшыл, ғалым, философ және тағы сол сияқты адамдар жатады. Мұндай адамдар жалғыздықты қолданады, яғни нәпсіні тыюға, өз-өзін зерттеуге, жетілдіруге, рухани тазалыққа, ізденіске, шабытқа жұмсайды. Бірақ, бұл адамдар ортадан, қоғамнан, халықтан бетін бұрмайды.
Ендеше, жалғыздықты немен толтырамыз? Бұл жазадан өзімізді қалай алып шығамыз? Рухани жалғызсырап жүрген жандарға берер ақылым:
Біріншіден, жалғыздықты оңашалануға айырбаста. Өзіңді тыңда, зертте, не ұнайды, ұнамайды, ойлан, мақсат қой, жаңа дүние ойлап тап, өзіңді ойша дамыт, таныт, көрсет, тырмыс, талпын. Бір сөзбен айтқанда, өзіңді жақсы кезеңге дайында, жар таба алмай жүрсең, өзіңді жақсы адаммен кезігуге даярла! Әлбетте, «Жүгірген алады ма, бұйырған алады ма?» демекші, алдыңнан бір есік жабылса, қайырлы бір есіктің ашылатынына сен! Ең жақсысы соңында беріледі. Мына бір қарапайым сөзге құлақ түр: «Жалғыздың жары Құдай!». Мұндайда сені құтқаратын ниет, иман, дұға, зікір, салауат, намаз!
Екіншіден, мейлі қандай адам бол, мейлі үйленген, үйленбеген, ажырасқан, ажыраспаған, ер немесе әйел бол, рухани жалғызсың ба, еш уайымдама! Өйткені, сенде еркіндік бар. Айналаңда ешкім жоқ па? Түкте емес! Керісінше еркін ойлана біл, өзіңнен ләззат ал, «жалғызбын!» дегенді санадан шығар! Түсінемін, қиын, бірақ күресе біл, сен күрескер болып жаралғансың! Күшіңді сына, сен мықтысың! Жығылдың ба, қайта тұр! Сүріндің бе, ештеңе етпейді! Бәрі де арманнан басталады! Қалай армандасаң да, алдағы бақытыңды арманда, жалғыздықта қалма және біреуді жалғыздыққа қалдырма! Алдыңнан сәттілік күтсін!
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
Дінтанушы

Сурет: massaget.kz

30 желтоқсан 2023 ж. 928 0