Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ораза дегеніміз не?

Ораза дегеніміз не?

Ораза дегеніміз не және Рамазан айының басқа айлардан ерекшелігі қандай? Бұл сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының youtube-каналында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Медет Құрмашұлы ораза сөзінің мағынасын түсіндіріп берді.

"Ораза араб тілінде "саум" деп аталады. "Саум" деген сөздің тілдік мағынасы - барлық нәрседен тыйылу. Ал оның шариғаттағы мағынасына келер болсақ, шариғатта оразаның дұрыс болу шарты - таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп жеуден және әйелмен төсек қатынасынан тыйылу.

Рамазан айы әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл есі дұрыс, әрбір мұсылман адамға парыз. Ол жайында Алла Тағала құранда айтады: "Ей имам келтіргендер, сендердің алдыңғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді".  Бұл Рамазан айының оразасы Пайғамбарымыз Меккеден Мединаға хиджра қылған жылы, яғни осы хижраның екінші жылы шабан айында парыз болған. Осы айда ораза ұстау бізге парыз етілді, бізге дейінгі қауымның бәрі ораза ұстаған, - дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы. - Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбәр момын ер мен момын әйелге парыз. Ал балиғат жасына жетпеген бала болатын болса, ораза ұстауы мустахаб (жақсырақ)".

Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрұлдаұлы рамазан айының басқа айлардан ерекшелігін айта кетті.

"Әрбір мұсылман адамның ерекше күтетін айы - осы Рамазан айы. Рамазан айы - Алланың үлкен мектебі. Мектепте адам тәрбие алады, демек Алла Тағаланың Рамазан айында бізге оразаны бұйыруының негізгі мақсаты - біздің аш қалуымыз, біздің қиналуымыз емес, бізге Алланың бір үлкен тәрбиесі болады екен. Бұл айдың басқа айлардан ерекшелігі өте көп. Ғұламалар Рамазан айы мен басқа айларды Жүсіп пайғамбар мен өзінің бауырлары арасындағы байланысқа теңейді екен. Бәріміз тарихтан білеміз Жүсіп пайғамбарға өзінің бауырлары қиянат жасады, зұлымдық жасады, бірақ ең соңында бәрі алдына келгенде Жүсіп пайғабар бәрін кешірді. Демек, кейбір ғалымдардың айтуынша, дәл Рамазан айы да осы іспеттес дейді. Яғни, 11 айда қандай да бір қате-кемшіліктер жасалған болса, солардың барлығының жуылып-шайылуына осы Рамазан айында мүмкіндік бар", - дейді Ерболат Нұрұлдаұлы.

Фото: abai.kz
07 наурыз 2024 ж. 800 0