Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ОРАЗАҒА ОРАЙ ӘҢГІМЕ: Мен Мүшаураннан да әділмін...

ОРАЗАҒА ОРАЙ ӘҢГІМЕ: Мен Мүшаураннан да әділмін...

Біздің жыл санауымыздың 640 жылдары Мысыр мұсылмандардың билігіне өтті. Осы тұста қала ортасындағы жайлы жерге қолбасшы Әмір Ибн Ас мешіт сала бастады. Ол жер бұрын ұлты Яһуди адамның иелігінде екен. Жерінен айырылған ол әділдік іздеп Мадинадағы муминдер әміршісі Омар Ибн Хаттабқа келеді. Патша сарайын іздесе, Мадинада ондай кеңсе жоқ екен. Үйін іздейді. Бір кісі жұпыны үйді көрсетеді. Келсе, әлемнің жартысын жаулап алған мұсылмандар әміршісі құрма бағында ағаш егіп жүр екен.
– Мен муминдер патшасы Омарды іздеп жүр едім, - деді Яһуди.
– Ол – мен, шаруаңызды айта беріңіз, - деді ол.
Мұсылмандар әскерінің басшысы Әмір Ибн Астың әділетсіз ісін баяндайды. Омар ойланып отырып, топыраққа көмілген қойдың қураған жауырынына екі ауыз сөз жазып, «осыны қолбасшыға бер» деп Яһудиге ұсынады.
Яһуда ойлайды «бұлар мені мазақ етті» деп. Әлгі қағазды лақтырып тастағысы келеді. Бірақ сабыр сақтайды. Мысырға оралғасын мешіт тұрғызатын алаңда ат үстінде тұрған Әмір Ибн Асқа әлгі хатты береді. Ол хаттағы екі ауыз сөзді оқып болып, есінен айырылып, есін жиғасын, құрылысы аяқталып қалған мешітті бұзуға тәртіп береді. Яһудиден кешірім сұрайды. Сонда Яһуди:
– Мына хатта не жазған, соны айтшы, мен тіпті жерімді алмай-ақ қояйын, – деді қолбасшының мұнша әбігер болғанына таңырқап.
– Ертеде ислам келмей тұрғанда Омар екеуіміз парсылар еліне барып, араб жылқыларын сатушы едік, - деп жауап қайырады Әмір Ибн Ас, - бірде патшаның туысы жылқыны алды да, ақшасын бермей қойды. Осыны естіген қонақ үйдің иесі «сендер Мушауран патшасының өзіне барыңдар, ол сәрсенбіде қабылдайды, патшамыз әділ» деп кеңес берді.
Бардық. Патша бір уыс ақша ұстатты да қойды. Бұл жол шығынына ғана жетеді. Біз қапа болдық. Қонақ үй иесі «келесі сәрсенбіні күтіңдер, өзім ертіп апарамын, мұнда бір гәп бар, бұлай болуы мүмкін емес» деп ол да ренжіді. Бұл жолы патшаға барлық шындық баяндалды. Тілмаш «бұларға еліне жететін пұл қажет» деп өтірікті соққан. Патша басын шайқады.
Мұшауран ол екеуін дереу тергеуге алғызып, екеумізді бір апта сарайында қонақ етті. Алажағымызды артығымен бергізді. Кетерімізде екеуімізге бір шарт қойды: «Бірің шығыс, бірің батыс қақпадан шығыңдар» деген. Солай еттік. Бірінде алаяқтық жасаған тілмаштың басы, екіншісінде патшаның туысының басы ілулі тұр екен, - деп сөзін тәмамдайды Әмір Ибн Ас.
– Ал мына хаттың бұған қандай қатысы бар, - дейді Яһуди.
– Тікелей қатысы бар. Бұнда Омар Әмірші: «Мен Мушараннан да әділмін» деп жазған. Демек, әділетсіздік жасасаң сен де солардың кебін киесің дегені ғой!
Бір тақуа әйел
Сонау бір жаушылық жылдары туған жерінен ауған бір топ мұсылман қауым азып-тозып дінсіздер еліне көшіп барыпты. Олар босқындарға өктемдік жасап, дүние-мүлкін талайды. Сосын да басқа жаққа кетуді ойластырады. Бірақ шөл даланы кесіп өту үшін азық-түлік, ат-көлік, су қоры керек. Бұларда оның бірі де жоқ.
Осындай қиналған кезде, кәрі ата-анасы бар, Мәрсе есімді мұсылман қыз «қадірлі ағайындар, осында қалып қойсаңдар, түптің түбінде ұрпақ азады. Бәрі дінінен безіп, кәпір болып кетеді. Сендерді осы азаптан құтқарғым келеді. Осы елдің басшысы маған сөз салып жүр. Әйелі болуымды қалайды. Оның ақысына сіздердің сұрағандарыңызды бермек. Мен осылай етуге мәжбүрмін» деп жылайды.
Қыздың шарты патшаға пәлендей шығын келтірілмейді. Ол бұған қарқылдап күледі де, мұсылмандарды діттеген аймағына есен-сау жеткізуді шабармандарына қатаң тапсырады.
Дінсіз патшаға қатын болған сұлу қыз қорлық-зорлыққа көніп, туыстарының бұлардан құтылғанына дұғасын оқып жүріп жатады. Патша бір көңілі түскенде, оған алтын жүзік сыйлайды. Бұған патшаның аты жазылған еді. Оны Мәрсе шағын сандыққа салып қояды. Жылдар өтеді. Патшаны шайтан түртеді. Мәрсе жоқта алтын сақинаны алып, қыстақ жанындағы өзенге тастайды да, әйеліне «кімге бердің» деп қинамақ ниетте болады.
Мәрсе мұнан бейхабар. Күндердің күнінде өзеннен су алуға келсе, балықшылар балық бөлісіп жатыр екен. Мәрсеге сыралғы деп, екі балық сыйлайды. Үйге келгесін балықты қазанға салмақ болып, ішін жарғанда, бірінің ішінен алтын жүзік шығады. Күйеуінің қолына таққан алтын сақинасы. «Балықтың ішінде қайдан жүр» деп таңданады да, баяғы қобдишаға салады.
Бірде патша оны сарайға шақырады. Бұрын өйтпеуші еді. Барса адам толық. Патша қатулы. Қабағын түйіп: «Мен сыйлаған алтын жүзік қайда, соны дереу әкел» дейді айқайлап.
Мәрсе үйге жүгіріп келіп, қобдишаны алып патшаның алдына апарады. Патша тіп-тік шікірейіп отыр.
– Қобдишаны аш, кәне! – деген зәрлі үні естіледі.
Мәрсе «Биссимиласын» айтып, сандықты ашып, «міне, тақсыр» деп жүзікті көрсетеді. Патша да өзі берген сақинаны жазуынан таниды. Дәл өзі! Бұл қалай болғаны?! Сонда барып Мәрсе болған жайды түсіндіреді. Тәңірдің өзі сүйген құлын қалай қорғайтынын ұққан патша әйеліне: «Сен тура жолда екенсің, сенің дініңді қабылдаймын, үйрет» дейді. Сөйтіп бір тақуа әйелдің арқасында, бір тайпа ел еш зорлықсыз ақиқат жолына түсіпті-ай!.
«Ұрланған» ақша табылды
Бір шет ауылға жаңадан Имам тағайындалыпты. Өзі көркем мінезді, әрі білімді екен. Аз уақыттың ішінде тұрғындардың құрметіне бөленіпті (біздің Қайырхан имам сияқты-ау, шамасы). Рамазан айы келеді. Жұрт кезектесіп ауыз ашарға шақырады. Ауыл ұстасы (плотник) да дайындалады. Оның әйелі күйеуінің сақтап қой деген біраз ақшасын қонақ бөлмедегі шәй ішетін сөренің үстіне қоя салады да ұмытып кетеді.
Дастархан жайылып, қонақтар асқа отырады. Шай ішіледі. Күйеуі құптан намазын өтеу үшін, имаммен бірге мешітке кетеді. Үйді жинауға кіріскен әйелдің есіне кешегі ақша түседі. Іздесе ақша қойған орнында жоқ. Күйеуі келеді. «Алла біледі, ақшаны имам алды, одан басқа бөлмеге ешкім кірген жоқ» деп әйелі байбалам салады. Ұста да имамға ренжиді. Одан алыстау жүреді.
Күндер өтіп, рамазан айы да айналып келеді. Ауыз ашарға шақыру кезегі басталады. Кезек бұларға да келеді. Үй иесі «имам да пенде ғой, аса қажеті болып қалған шығар, бізде ауызашар құрметінен қалмайық» дейді әйеліне. Әйелі келіседі. Ауыз-ашар үстінде үй иесі: – бір жылдан бері өзіңізге деген салқындығымды сезіп жүрсіз бе? – деп сұрайды имамнан.
– Иә,– дейді имам, – біздің Қайырхан имамға ұқсас жұмсақ дауыспен, - бірақ қанша ойлансам да жауап таппадым, - дейді ол.
– Сізді өткен жылғы рамазан айында шақырғанда, сөренің үстіне қойған бір шама қаржыны таппадық, сұрасаңызда беретін едік, - деді ұста өкпесін жасыра алмай.
Мұны естіген имам егіле жылапты. Үй иесі ыңғайсызданып, айтқанына өкініп, сасқалақтағанда, имам:
– Құрметті бауырым, сен мені ұры еткеніңе жылап отырған жоқпын, бір жылдан бері төрде ілініп тұрған Құран кәрімнің бетін бір рет ашпағанына ренжіп, жылап отырмын. Терезеден соққан жел ақшаларыңды ұшырды. Мен оны жерден жинап алып, бүктеп Құранның арасына салдым. Нанбасаңдар ашып қараңыздар, – депті көз жасын сүртіп.
Солай етеді. Ақшалары түп-түгел. Ерлі-зайыпты екеуі имамнан кешірім сұрап, қара терге малыныпты.
***
Ораза-намаз кім-кімге де ой салар деген пейілмен осы жазбамды ақ қағазға түсірдім.
Дайындаған: Захир Жұппамбет,
Арал қаласы
30 наурыз 2024 ж. 593 0