Әділетсіздіктің құрбаны (болған оқиға ізімен)
Мен бүгін жасым біраз белестен асып, әл-дерменім түгесіліп қалған шақта қолыма қалам ұстап, балалық шағымда ыстық естелігімен қалған бір ерекше жан туралы тебіренуіме тура келіп отыр. Бұл оқиғаның да куәгері болғалы арада біршама уақыт өтсе де, алғаш қалам ұстап, қағазға жазуды үйреткен, ауыл балаларын сауаттандыру ісінен бөлек, елдің соғыстан кейінгі еңсесін көтеріп, рухани баюуына жәрдемші болған жан туралы естелікті сіздермен бөліскім келеді.
Қиын заман еді. Соғыстың аяқталғанына 15 жылдан енді асқан, 4 жыл соғыста есеңгіреп қалған халық есін енді жиған кезі. Майданға аттанғандардың көбі оралмады, келгені жарымжан. Есіміз енді кірген ойын баласымыз, алғаш мектепке бардық. Мектеп дегеніміз шатыры жоқ тапал там, арғы жағын айтпай-ақ қояйын түсінесіздер ғой.
Біз кішкене баламыз, әлі ештеңе түсіне бермейміз. Елде мұғалімдер жетіспейді екен. 2-3 ай курс бітіріп келіп мұғалім бола береді. Сол жылдары соғыстан оралып келген соң пединститут бітірген орыс тілінен сабақ беретін Ақниет деген мұғалім келді. Ауылдың үлкен-кішісі сыйлағаны сондай, атын айтпай «Учитель» деп атап кетті.
Өзі сондай еңбекқор, бар уақытын балаларға арнайтын. Тал егуді білмейтін біздің ауылға соны үйретіп, мектептің айналасы өзі тұратын үйінің алды көгеріп жайқалып сала берді. 1 мамыр мен 9 мамырда парад бастырады. Кішкентай ауылда бұрын-соңды мұндайды көрмеген қызық көріп, кәрі-жасы көшеге шығады. Көше дейтін қайбір көше бар қисық-қисық ауылдың ортасымен жүретін жалғыз жол. Учитель келгелі ауылдың еңсесі көтеріліп қалды. Нағыз ұстаз екен деп үлкендер мақтап отырады. Күндер осылай жылжып өтіп жатты.
Кенет елде жаманат хабар тарады. «Ақниетті соттайын деп жатыр екен, бір оқушыны шапалақпен ұрыпты» деген сөз ел арасында желдей есті. Осындай желеумен ардақты ұстазымыз 3 жылға сотталып кете барды. Ауыл ақсақалдары ара түсіп еді, оларды сот тыңдаған жоқ. Үлкендердің айтуынша, ол кісі тірі жанға қол көтермейтін мейірбан үлкен жүректі адам еді. Кейін нақақ жала жауып, үстінен арыз жазған мұғалімнің өзі де, ұрпағы да оңбады. Ақкөңілдің наласы жібермейді екен. Ақниет ұстаз түрмеден босаған соң елде тұрақтаған жоқ. Бір жандығын сойып, 10-15 ақсақалды шақырып «Ағалар ара түскендеріңе ризамын. Сіздерге өкпем жоқ. Баталарыңды берсеңіздер ертең елден көшемін» - дегенде жыламаған адам қалған жоқ.
Әкемнің ізіне еріп барған кішкентай бала менің де жүрегім езіліп, көзіме жас келді. Ақниет ұстаздың «4 жыл қырғын соғыстан өлмеп едім. Өз елімде атылған мына оқ жүрегімді жырым-жырым қылды-ау» деген сөзі осы күнге дейін құлағымда қалды. Кейін естідік көшіп барған жерінде жүрек ауруынан көп ұзамай қайтыс болыпты.
Осындай ізгі жүректі ұстазымның соңғы кездері түсіме жиі еніп жүргені. Сол кездегі әділетсіздік қартайған шағымда жүрегіме тыныштық бермеді. Сондай үлкен жүректің иесінің еңбегі ескерусіз қалып, есімі ел жадынан да өше бастады. Сол кезде ұстаздың тәлім-тәрбиесін алғандар да сиреді. Еңбегіне ақы тілемей ұрпақтың сауатты, көкірек көзі ашық болуын тілеп, шалғайдағы шағын ауылдың ажарын кіргізген осындай ұстазым туралы толғануымның себебі оның өнегесі кейінгі жас мұғалімдерге үлгі болса екен деймін.
Рашид Сейітұлы,
Бекбауыл ауылы
Фото: old.aqmeshit-zhastary.kz