Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаз жайлы үзік сыр

Ұстаз жайлы үзік сыр

Адам жасы келген сайын бала болады дейді ғой. Расында көңілшектігі артып, баладай арманшыл болып кететіні жасырын емес. Қашан да қартаймайтын көңіл шіркін балалықты әлі аңсайды. Міне, сол бала күнге деген сағыныштың белгісіндей етіп өзімнің сүйікті басылымым «Толқын» газетіне хат жолдап отырмын.
Мен Шижаға деген ауылда дүниеге келіп,осындағы №57 Елеу Көшербаев (ол кезде Октябрь) орта мектебінді оқып білім алдым. Мектеп табалдырығын аттаған кездеалғаш қолыма қалам ұстатқан ұстазым –ЖұбатқанІзтілеуов еді. Қалам дейміз-ау... Ол кезде №11 перомен алғаш дәптер алдыртып, әріп танытқан мұғалімім.
Содан бері 53 жыл жылжып өтіпті. Бірақ жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де олар жайлы әңгімелей қалсам, өзім де ұстаз болып, бүгінде зейнеттің рахатына кенеліп отқанымды ұмытып кеткендей боламын. Әрқайсысы бір төбе, әрбірі бөлек әңгіме болатындай Баймұрат Құрымбаев, Қараман Нұрғалиев, Пәкіжан Сексенбаева, Шамша Әділов, Өмірзақ Ибраев, Жолдас Сәрсенбаев, Изатулла Сұлтанмұратов, Лайық Ибрашева, Түгел Әділова, Әмит Таубаев, Шөмен Төреахметов, Барлық Мырзалиев, Боранкүл Төлегенова, Алматбай Жалмаханов сынды ұстаздарым мектеп қабырғасында жүргенде-ақ менің ұстаздыққа деген қызығушылығымды оятты. Сол қызығушылықтың, арманның жетегінде жүріп Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық учелищесіне оқуға түсіп,оны қызыл дипломмен аяқтағаным. Міне, осы кәсіптің кілтін ұстап келешек өміріме бала күнімнен алға сүйрер локомативім болған сол жандардың бүгінде бірі – бар, бірі – жоқ. Десе де келер жылы өтетін Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектептің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға қалам алып, өзім оқыған білім ошағы жайында ой толғағым келді.
Ал менің бүгінгі әңгіме еткелі отырған ұстазым – Елеу Көшербаев. Бұл кісінің есімі алғаш мектепке берілген кезде,бұл кісі туралы толық білмейді екенмін. Бірақ ұстаздарға артылған жауапкершілік жүгі ауыр ғой. Кешегі өткен ел ағаларын кейінгі ұрпаққа насихаттау әр азаматтың міндеті десек те, осы үрдісті мектеп қабырғасынан бастасақ санасы парақтай аппақ балалардың есінде тез жатталып қалады емес пе?! Елеу Көшербаев жайлы өте көп мәліметті білмейтіндігім мені мазалады. Әрі өздеріне, «білсем, үйренсем» деп қызығып жүретін бүлдіршіндер сұрап қалып жатса, не айтамын деген оймен есімі ұлықталған ұстаз жайлы іздендім. Қолыма «Серпін» атты кітабын алып, оқи бастадым.Бастадым деу жай сөз. Бір оқысаңыз бас көтеру қиын. Өз өмірін,өмір жолын боямасыз жазған. Оның қарапайымдылығын аңғарған адам «осындай да қарапайым басшы болады екен ғой» дейтіні сөзсіз. Елеу Көшербаевтың өмірдерегіне, оның жазу шеберлігіне қызыққаным соншалық «Өндіріс ұйтқысы», «Мәртебелі ғұмыр» атты еңбектерін де оқуға асықтым. Оқи отырып басшы бола жүріп қаншама өндіріске өзі ұйытқы болғандығын, жүрген жерінде еңбеккерлерді қолдап, өнімді де халық игілігіне асыру үшін еңбек еткен басшының өмірлік ұстанымы көпке үлгі боларлықтай. Осы кітаптардан оның еңбек адамдарын қадірлеп,оларды еңбегіне қарап бағалай білгендігін ұқтым.Халқымыздың көне тарихына тереңдей ене отырып,оны кейінгі ұрпақ есінде қалдыру үшін кешегі кеңестер үкіметінің кезінде де қаймықпай Қорқыт бабамыздың, Жанқожа батырдың, Ғанидың мұражай ескерткіштерін салдыруының өзі ұрпаққа өмірлік сабақ дер едім.
2008 жылдың жаз айында өзім ұстаздық етіп жүрген Елеу аға мектебінің шәкірттерін Қорқыт Баба кесенесіне алып барып қайттым.Оқушылар көп нәрсені көзбен көріп,құлақпен тыңдап,үлкен қанағаттанғандық сезіммен қайтты. Бұл да Елеу ағаның ұрпақ қамын ойлаған ұстаздық көрегендігі ғой.
Осындай кең жүректі, болмысы бөлек жанның еңбегі ескерусіз қалсын ба?! Елеу Көшербаев қоғам қайраткері атанған. Өзі өмір сүрген қоғаммен біте қайнасып,суығына тоңып,ыстығына күйе білген адам.Ол өзі басшылық қызмет жасаған Қазалы,Қармақшы,Тереңөзек аудандарында аудан экономикасын көтеруде,еңбеккерлермен етене араласып,олардың әлеуметтік жағдайларын артыруды үнемі назарда ұстап отырған.Оны бүгінгі ұрпақ әркезде жасаған баяндамалары мен халық алдында шығып сөйлеген сөздерінен оқып біле алады. Өнер десе де көзқарасы айрықша екендігін анық аңғаруға болады. Басшылық жасаған уақытында Қазалы,Қармақшы елдеріндегі өнер адамдарының суреттері мен еңбегі бейнеленген кітапшаларды шығаруға басшылық жасағаны соған дәлел.
Елеу аға басшы бола жүріп даналықты қарапайым халықтан үйренуден жалықпаған жан. Оны өзгеге үйретуге де жалыққан емес.Содан болар, оның артында «Бермеңдер ел билігін ер екен деп,құлашын кең далаға сермегенге», «Көлеңкесіне қарап көйлек пішпес болар» деген сөздер қалған.Расул Ғамзатовтың «Дала академиктері» деп жүргені осындай көкірегі көненің көмбесіндей сырға толы қариялары екен ғой деп ой түйеді. Ел басқара жүріп,өзінің ұстаздық ұстанымын бір сәтке де ұмытпаған басшы.Бұған дәлел халық қолданысында ұмытылып бара жатқан «Мыжыр» деген ыдысы не үшін пайдаланатынын,қалай неден жасаланатынын,сондай-ақ «Мұз үйітпе» деген не, оны не үшін пайдаланылады оның өзін еңбегінде жазып қалдырған.
Елеу аға жанұясында да, адал жар, балаларына сүйікті әке бола білген адам. Оны өзі қайтқаннан кейінгі еңбегінен көруге болады. Өзінің жар таңдаудағы оны келін етіп түсірген елдің әдебі,тәрбиесі баяндала келіп,ана бола жүріп,бала тәрбиесінде өмірлік серігі Дәмештің атқарған үлесінің ерекше екендігін баяндаған.Дәмеш анамыздың сабырлылығы,қонақ жайлылығы,қарапайымдылығы,аса еңбекқорлығында осы еңбегінде баяндайды.Басшы болар адамның жары да қарапайым болғаны абзал дегенге саяды. Дәмеш анамыз сондай жан бола білген.Төрт баласын тәрбиелей жүріп,халықтың баласын да тәрбиелеген абзал ананың тәрбиесі мен әкенің өнегесін көріп өскен Елеу ағаның балалары әке үмітін ақтады. Бұл күнде ел сеніміне ие болғанәке ізбасарлары елімізің әлеуметтік және экономикалық жағдайын арттыру үшін тер төгіп ебек етуде.Балаларының үлкен қызметкер екендігінде емессол биікке әкеден және анадан алған тәрбиемен жеткедігін баса айтқан жөн.
Елеу Көшербаев атында мектеп,көше атаулары берілген.Ол дегеніміз халықтың өз ұлын бағалағаны, оны мәңгі тірі адам ретінде қалдырғаны деп ойлаймын.Міне мен ұстаздық еткен мектепке осындай кемеңгердің есімі берілгенін мақтанышпен еске алып,биыл ол кісінің туғанына 95 жыл толғалы отырған тұста мен оны өзімнің де ұстазым деп мақтан тұтатынымды білдіргім келеді.
Гүлжамал Маханбетжанқызы,
Шижаға ауылы

08 тамыз 2023 ж. 556 0