Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халықтың ойындағысын дөп басқан игілікті іс

Халықтың ойындағысын дөп басқан игілікті іс

Енді өзім оқып, ойға тоқып жүрген Арыстан баб бабамыз туралы деректерді айтпақпын. Атақты қолбасшы Әмір Темір Түркі даласында қалың қолмен келе жатыпты. Сол кезде Әмір Темірдің аты аяқ астынан жалт етіп, үрікті де, алтын жалатқан зерлі телпегі басынан ұшып түсті дейді. Әшейінде аттан түсерінде он жігіт алақанына қондырып, түсіретін. Бұл жолы аяғының кемістігіне қарамай аттан секіріп түскен ол телпегін тізерлеп отырып алады. Қасындағы жандайшаптары бұл тосын көріністен қорқып, өбектеп жатқанда қолбасшы «Мен өмірі тізерлеп көрмеп едім. Бұл жолы өз еркімнен тыс болды. Мұның сыры не?» дейді. Сонда бір ғұлама:
– Бұл жерде Қожа Ахмет Иассауи жатыр,соның әруағы сені осылай жерге түсірді, – дейді.
Темір:
– Олай болса мен әулиенің бейітінің басына барып, тағзым жасайын,- деді.
– Өкінішке орай әулиенің бейіті қай жерде екені белгісіз.
– Мен оны қалай табамын? - дейді Әмір.
Мұның жауабын таба алмай, сол жердегі бір көнекөз қариядан сұрайды. Қария «бейітті табудың бір ғана жолы бар. Ол үшін осы алқапқа мыңғырлаған қойды ерсілі-қарсылы айдайсың. Қой қай жерді баспаса, сол жерде жатқаны» деп кеңес береді. Айтуы бойынша мыңғырлаған қойды бірнеше күн ерсілі-қарсылы айдайды. Бір күні қойлар бір жерге келгенде екіге бөлініп кете береді. Сөйтіп Иассауидің жатқан жері табылады.
«Патша Темір сол күннен бастап ғұлама әулиенің мазарының басына бір кесенені салуды ойлап, Түркістанға Әзірбайжан, Парсы, Үндістаннан аты шыққан атақты 200 сәулетшіні алдырып, кесененің жобасын сыздырды. Таудан тас ойып, кірпіш күйдіретін бас бостандығы бар, ақыл-есі толық, кәмелетке толғандардан бес жүз шеберді қасына қосты, оларға басшы етіп ирандық Мәулен Убайдулла Садыр ұстаны қойды. Үндістаннан тас тасуға тоқсан бес піл әкелді, сағыз топыраққа құстың жұмыртқасын қосып, қымызбен иледі» деп келеді аңызда.
Әмір Темір құрылысшыларға: «Алла досының кесенесін салудасыңдар, сіздер сахар уақытында ғұсыл алып, бес азанмен тербеліп намаз оқып, күш жинаңыздар, әр намазда дәрет жаңалып, дәретсіз жер баспай, әр кірпішті Алла атымен қалаңыздар. Ақшам намазымен жұмыс күні аяқталып, құптан намазымен ұйқыға кетіңіздер, бейсенбіден жұмаға қараған түн тасбих намаз оқып, жұма күні демалыңыздар, Аллаға жақындап жұма оқисыздар» деді. «Аспаздар толық дәретпен бір Яссын, Аятул курси, Фалақ, Нас сүрелерін оқып, демін ішіне жұтып, тамақ жасасын, адал тамақ адам жанының өзегі, ішкен тамақ барлық ісімізге әсер етеді. Балықтың өзі суда зікіріп тоқтатқанда қармаққа ілінеді, оны жесек намазда ойымыз бөлініп, жалқаулық пайда болады, сол себепті үлкен аусыз аулаған балықты жемей, Жаратушы Құранда мақтаған нағыз тақуаларға еліктеп, Алла разылығы үшін жұмыс істеңіздер. Сонда біздер Алланың рақметіне бөленіп, Пайғамбарымыздың ақ туының астына шапағатымен қауышып, Қожа Ахмет Иассауидің шапағатына бөленеміз» деп жүректен шыққан сөзін айтты.
Ал сол ғимаратты салудағы Алланың құдіретін қараңыз. Сахар уақыты, жаздың бозамық түні, сол түннің соңғы сүрі үрленіп, қараңғының көбесі сөгілді, далаға шыққан Садыр өз көзіне өзі сенбей таң қалады. Қабырға құлап жатыр, күні бойы асқан тақуалықпен қайта қалады, азанда тағы құлап жатқан қабырғаны көріп, патшаға кісі шаптырады. Темір патша сол түні өзі күзетке тұрады, көз ілмей күзетті, түннің алғашқы сүрі үрленгенде ханның ұйқысы қысты, қолын кездігімен кесіп қанын ағызды, ханның ұйқысы тағы келді, ұйқысын одан сайын ашу үшін қолына тұз септі, кенеттен бір алып көк өгіз пайда болып қабырғаны қирата бастады. Хан өгіздің сүркейлі түрін көріп есі шығып, талықсып қалғып кетті, түсінде басына ақ сәлдесін үш қырлы ғып ораған, кең маңдайлы, қою қасы тостағандай шаралы көзінің үстінде құп жарасқан, жүзіне нұры тамған, қыр мұрынды, құлағының сырғалығы ат жағына құп жарасқан сұлу мүсінді, қызыл шырайлы Иассауи атасын көрді.
– Ей, әмірші, әуелі ұстазыма кесене тұрғыз.
– Ұстазыңыз кім?
– Пайғамбарымыздың аманатын маған жеткізген Арыстан баб, - дейді.
Тарихи деректерге қарағанда Арыстан баб ХІІ ғасырда өмір сүрген көрінеді. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбарымыздың елшісі болған деседі. Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған кезде бір құрма ыдыстан қайта-қайта құлай береді. Сол кезде Пайғамбар «Бұл құрма сізден 400 жыл кейін туылатын мұсылман бала Ахметке тиесілі» деген ішкі дауысты естиді. Пайғамбар шәкірттерінен құрманы иесіне кім жеткізе алатындығын сұрайды. Ешкім жауап бермейді. Пайғамбар сұрағын екінші рет қойғанда, Арыстан баб «егер сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз, мен бұл құрманы иесіне жеткізер едім» дейді.
Халық аңыздарына және жазба деректерге қарағанда Қожа Ахмет Иассауидің ұстазы Арыстан баб ұзақ жыл ұртына бір түйір құрманы сақтап, шәкіртіне табыс еткен. Ұртындағы құрма оның жинаған білімі, рухани, адам қасиеттерін сезіндіру еді.
Мінекей, осындай қаһарлы әрі киелі тарихқа бастамашы болып, ат басын бұрған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мен ел азаматтарына игілікті істеріне сәттілік тілей отырып, ауданымыз өркендеп өсе берсін деген Аралдың байырғы қарт тұрғыны ретінде ризашылығымды білдіргім келеді.
А.ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
ардагер ұстаз
05 мамыр 2024 ж. 1 106 0