Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мырзастан шыққан профессор

Мырзастан шыққан профессор

Мен жазғалы отырған адамның еңбегі, өмірі, ғалымдық жолдағы небір кезеңдері оның қандай адам екені, ұстаздық ұстанымын осы жазбамда қысқаша баяндаймын.
Ол кісі қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономика Университетінің құрылуына, дамуына, тікелей қатысқан адам. Оның осы оқу орнында өз мектебін, дәстүрін қалыптастырған және осы кісінің басқаруымен факультеттер, түрлі мамандықтар ашылды, оқу бағдарламалары жасалды, кадрлер іріктелді, ғылыми ізденістер бой көтерді.
Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жоғары Мектебі Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, экономика ғылымының профессоры Кеңес Бердәліұлы Бердалиев.
Өзінің өмір жолы туралы қысқаша былай деп баяндайды.
«Арал... Қазіргі заманда бүкіл әлемде бұл сөзді білмейтін адам жоқ десе болады. Бұны айтқанда кім де болса елең ете қалады. Оның негізгі себебі, жарты ғасыр бойы шырқырап-зарлап айтып келе жатқан Арал теңізінің тағдыры оның бүкіл табиғатқа деген әсерімен байланысты. Сонымен қатар Арал төңірегінде жаппай қоныстанған, ғасырлар бойы мекен еткен халықтың тарихи тағдыры толғандырады. Олардың бүгіні мен болашағы өмір бойы осы теңізбен тығыз байланысты болған. Мен 1933 жылы, қаңтар айындадәл осы Арал ауданына қарасты Аманөткел ұжымшарында балықшының отбасында дүниеге келдім.
Дарияның арғы бетінде үлкен жар болатын. Сол жардың биік төбеге жалғасып жатқан жерін «Мырзас» деп атайтын. Сол маңдағы шағын елді мекендердің ішіндегі ең атаулысы да осы Мырзас болатын. Атаулы болатын себебі «елдің атын ер шығарады» дегендей сол «Мырзастан» бір топ шайыр-жыраулар шықты. Олардың ішіндегі топ жарғаны дарынды сыр сүлейлерінің бірі, небәрі қырық бір жыл ғұмыр сүрген, көріпкелі бар ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы. Ол өзі туралы: «Мырзас» деймін жерімді, «Бәйімбет» деймін елімді, Көгістен келіп тараған, Аталықтың өнігі...». Тап осы жерде, осы елде туғанмын" деген екен.
Ата-анасы кедейдің кедейі, қаратабан балықшының жанұясында қақап тұрған аязда, ашаршылықтың ең күшейіп тұрған кезінде туған. Оның сегіз жасқа дейінгі балалық шағы дарияның жағасында, балықшылар арасында, ауыр күнкөріспен өтеді.
1941 жылы әкесі әскерге шақырылып, Отан соғысына қатысқан. Сол кеткеннен қайтып оралмады. Өзі аудан орталығы Арал қаласына келіп орта мектепті бітірді. Сол кезде мектепті оқу да оңайға түскен жоқ. Карточкамен нан алу үшін түнімен кезек күзететін. Бірақ сондай жағдайға қарамастан ол кездегі жастар оқуға да, жұмысқа да өте ынталы еді. Жоқшылық, бейбіт өмірге зәрулік, бүкіл сана-сезімге тек тіршіліктің қамы ұялап, сондай психолгия қалыптасқан жағдайда адамдар бірлік, ынтымақ, жарқын болашақты аңсайды.
Адамдардың санасы ерекше, өте биік деңгейде болды. Оның себебі қоршаған ортаның, адамдардың арасындағы таза мөлдір қарым-қатынас, алдыңғы ұрпақ ағаларының ұстамдылығы, шыдамдылығы, байсалдылығы көп әсер еткен. Сонымен қатар оларға халық үшін, ел-жұртының игілігі үшін бел қайысып еңбек етіп жүрген қара нар ағалар үлгі болды. Бұндай қасиеттер ауылдағы балаларға әсер етпей қоймады. Осыған орай Аралдың бел баласы, әлемге әйгілі жазушы Ә.Нұрпейісовтың бір айтқан пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік. «Сана қара жерге қолдан егіп шығаратын өнім емес. Сана – ана сүті, ана тілінің құдіретімен қанға дарып, ұлтжандылығыңды уыздай ұйытатын ұлы қасиет».
Қанша уақыт өтсе де, қай жерде жүрсе де туған ауыл адамның есінен кетпейді, өле-өлгенше жүректің бір түкпірінен орын алып, мен мұндалайды. Өйткені сен жарық дүниеге келіп, бірінші үнің сонда шықты, бірінші жұтқан ауаң да сенің бойыңа мәңгілік сіңген. Оны ешкім де құлаққа құйып сіңірген емес, ол ана сүтімен біздің сана-сезімімізге енген.
Ауылдың барлық тірлігі, қоршаған ортасы, топырағы, сазы, қамысы, өзені мен көлдері, тулаған балығы – бәрі-бәрі өзіңдікі, өзің оларсыз өмір сүре алмайтын сияқты сезінесің. Осындай сезімді кезінде сыр дүлдүлі атанған Нұртуған атамыз дәл тауып айтқан екен: «Адамға ең қымбаты – туған жерің, қимайсың ызыңдаған масасын да деп!». Сірә, туып өскен жер ыстық деген осы болар.
Сол кездегі балалардың болашағы тек екі мәселеге ғана байланысты болды. Ол соғыстың жеңіспен аяқталуы және білім алуға жаппай ұмтылуы. Тек осы екі жағдай ғана болашаққа даңғыл жол ашатыны айқын болатын».
Кеңес Бердалиев 1952 жылы Арал қаласындағы орта мектепті үздік бітіріп оқуға аттанады. Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Сонда жүріп атаулы стипендияның иегері болды. Студенттік жылдары қоғам жұмысына белсене араласып, комсомол ұйымының хатшысы және университеттің комсомол комитетінің мүшесі болып сайланды.
Университетті бітіргеннен соң жолдамамен Республиканың Жоспарлау комитетінде материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінде экономист болып қызмет атқарды.
1958 жылы ҚазМУ-ға мұғалімдік қызметке шақырылып, сол кезден бері республиканың жоғары мектеп жүйесінде еңбек етіп келеді. 1959 жылы ҚазМУ-дің экономика факультеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Мәскеу мемлекеттік экономикалық институтының аспирантурасына жолдама берілді.Аталған институт кейін Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтына қосылды. 1963 жылы сол институтта кандидаттық диссертация қорғады. Мәскеуде болған кезінде К.Бердалиев белгілі, көпшілікке мәлім ғалымдар – академик С.Г.Струмилин, профессорлар М.В.Бреев, Л.И.Абалкин, Б.И.Быховскийлердің мектебінен өтіп, жан-жақты терең білім алды.
1963 жылы тамыз айында ҚазМУ-дің экономика факультетінің негізінде Алматы халық шаруашылығы институты (АХШИ) құрылды. Осы оқу орнында профессор К.Бердалиев бірінші күннен бастап зейнетке шыққанға дейін еңбек етті. Бұл жағдай оның табандылығының және ұжымы мен өз мамандығына адалдығының куәсі.
Институт басшылығы мен ұжымы оған үлкен сенім артып, жауапты лауазымды қызметтерге ұсынды. Ол 1963-1965 жылдары деканның орынбасары, 1965-1974 жылдары жоспарлау-экономика факультетінің деканы болып үш рет сайланды. Осы қызметпен қатар ол институтта партия ұйымының хатшысы болып қоғамдық жұмыс атқарды.
Еңбек жолының он жылын (1983-1993ж.ж.) сырттай-кешкі оқыту және ғылыми жұмыс бөлімдеріне проректорлық жұмысқа арнады. Сырттай оқыту бөлімінде жұмыс істей жүріп, ол АХШИ-дің Ақтөбедегі, Шымкенттегі, Қарағандыдағы филиалдарына және үш консультациялық пунктіне басшылық етті. Сол кезде АХШИ Ресейдің бірқатар оқу орындарымен – Бүкілодақтық сырттай оқытатын қаржы институтымын, Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтымын, Мәскеу экономика-статистикалық институтымен және т.б. тығыз байланыс орнатылды. Аталған институттар оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету және оқытушылар дайындауда көп көмек көрсетті.
АХШИ-дің және ҚазМЭУ-дің ғылыми жұмысын басқару кезеңінде бюджеттік және шаруашылық шартпен жасалатын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатар ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Ізденушілердің, аспиранттардың ғылыми мақалалар жинақтары шығарылды. Ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын Қазақстан Ғылым Академиясы үйлестірді. Шет елдермен байланыстар кеңейтілді. Мысалы, Дүние жүзілік банкінің Экономиканы дамыту институтымен бірігіп банк қызметкерлері үшін халықаралық семинар ұйымдастырылды. АХШИ-ге Жапониядан және Қытайдан ғылым және білім делегациялары келді.
1974 жылы АХШИ-де «Басқару және арнаулы экономикалық пәндер» атты жаңа кафедра ұйымдастырылып, оны басқару К.Бердалиевке тапсырылды. Сол кафедраны ол 2005 жылға дейін басқарып келді. Аталмыш кафедра кейіннен жалпы институттық және мамандар дайындап шығаратын кафедраға айналды. Кафедра қазіргі уақытта «Менеджмент» мамандығы бойынша кадрлар даярлайды. Кафедраның аспирантурасында республикамыздың көптеген облыстарына және шет елдерге ғылыми-педагогтік кадрлар дайындалуда. Жекелеп айтқанда, Сирия Араб Республикасына екі ғылым кандидаты, Қытай Халық Республикасының бірқатар магистранттары дайындалды.
Профессор К.Бердалиев ғылыми жұмысты ұйымдастыру және ғылыми- педагогтік кадрлар дайындау жұмысына белсене қатысуда.Ол 23 экономика ғылымдарының кандидатын дайындады.Олардың диссертациялық зерттеулері халық шаруашылығын басқару және жоспарлау проблемаларын, әр түрлі өндірістік реттеуді ұйымдастыру, нарықтық қатынастарды қалыптастыру мәселелерін қамтиды. Кафедра аспирантурасын бітіріп, диссертация қорғап шыққандардың біразы жоғары оқу жүйесінде – Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде және т.б. оқу орындарында жемісті еңбек етуде. Профессордың тікелей көмегімен кафедрада сегіз ізденуші Н.В.Никифорова, С.Ы.Өмірзақов, Т.С.Сатқалиева, Г.Н.Гамарник, Н.А.Апсалямов, Г.Т.Шакуликова,В.Ювица, А.Нұрманов докторлық диссертация қорғады.
К.Бердалиев ғылыми еңбектер және көптеген оқу-әдістемелік құралдар жасауда күрделі де жемісті жұмыс атқарды. Оның 130 атаулы еңбегі жарық көрген. Олардың ішінде 21 кітап пен брошюра, 60 ғылыми мақала, 40-тан астам оқу-әдістемелік материал бар. Еңбектердің негізгі ғылыми бағыты «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығымен байланысты. Оның Қазақ Совет энциклопедиясында, ғылыми еңбектер жинақтарында, журналдарда жарияланған мақалалары әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлау, Қазақстан экономикасын басқару проблемаларына арналған.
Ұстаздық тек қана дәріс беру, емтихан қабылдау, баға қою емес екені мәлім.Ол осы аталған үдерістерге кеңінен дайындау, оның негізгі бағыттарын анықтау, оқу-әдістемелік құралдар дайындап, оны болашақ мамандарға ұсынып, олардың қызығушылықтарын туғызу кіреді.
Аудиторияда берілген дәрісті терең ұғыну, жан-жақты пайдалану, әрі қарай дамыту оқулықтар мен оқу құралдарына байланысты. Сондықтан ойда жүрген көптеген пікірлерді тұжырымдап ұсынып отыру өте қажет және мамандар дайындаудың негізгі факторларының бірі.Осы тұрғыдан алғанда көнеден келе жатқан «ең суық сиямен жазылған сөздің өзі,басыңда жүрген тамаша ойлардан артық» деген қағиданы ұстана отырып профессор К.Бердәлиев Қазақстанда алғашқы автор ретінде «Қазақстан экономикасын басқару негіздері», «Менеджмент негіздері», «Менеджмент теориясы мен тәжірибесі», «Индикативтік жоспарлау», «Инновациялық менеджмент», «Стратегиялық менеджмент» және де басқа оқу құралдарын қазақ бөлімінде оқитын студенттер мен магистранттарға әзірлеп оқу үдерісіне енгізді.
Профессор К.Бердалиев жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазудағы көп жылдық нәтижелі еңбегі үшін "А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен" марапатталды.
Біз жүгініп отырған ұстазымыздың ерекше қасиеттерінің бірі – 54 жыл тапжылмай, ұстамдылық пен байсалдылық көрсетіп бір жүйеде еңбек етуі. Бұл дегеніміз, ол кісінің жұмыс десе жалындап тұратынын, не істесе де шырайын шығарып істейтінін көрсетеді.
Соның арқасында ол кісі елінің елеулі азаматтар тобының санатына кіреді. Барлық өмірін бір салаға арнаған адам ғана, сол саланың тауқыметтерін жүрек сүзгісінен өткізген адам ғана, соларды өзінің бұлжымас ұстамына айналдырған адам ғана табандылық көрсете алады. Профессор К.Бердалиев қоғамның сондай алтын қорына кіретініне ол кісінің замандастарының таласы болмас деп ойлаймыз.
Осы аталған марапаттармен қатар профессор К.Бердалиев Қазақстан Жоғары Мектебі Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ қаржы-экономикалық институтының Құрметті профессоры, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Менеджмент» кафедрасының Құрметті меңгерушісі болып сайланды.
Ұстаздың өз пікірі бойынша, адам – өмір сүрген ортасының айнасы. Халықтың, ұжымның өмір бойы аралас-құралас жүрген достардың берген оң бағасынан артық марапат болмайды.
Кеңес Бердалиев – үлкен отбасының иесі. Жұбайы – Қабдиева Қайникамал Қажымұхамедқызы жоғары білім беру жүйесінде 40 жылдам астам жұмыс істеген оқытушы, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысушы, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» құрметті атағының иегері.
Үлкен қызы – Соледад Кеңесқызы – АХШИ-дің түлегі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде қызмет етеді.
Гүлнар Кеңесқызы – АХШИ-ді «Сауда экономикасы» мамандығы бойынша бітіріп, Украинадағы ғылыми-зерттеу институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқып, кандидаттық диссертация қорғаған, профессор. Қазір Еуразиялық нарық институтында ғылыми істер жөніндегі проректор болып қызмет атқарады.
Лейла Кеңесқызы – АХШИ-ді «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген, сақтандыру жүйесінде қызмет атқарады.
Тілек Кеңесұлы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі кезде менеджер болып қызмет атқарады.
Талғат Кеңесұлы – Қазақ экономикалық университетінің «Қаржы және несие» факультетін, аспирантураны тамамдаған. Құрылыс саласында қызмет атқарады.
Дүниенің ең қызықты да, өшпейтін сәтінің бірі – немере-шөберелер. Олар өмірдің жалғасы ғой. Шүкір, ағамыздың Мадина, Қарлығаш, Әлім, Айбар, Дидар деген немерелері бар. Олардың бәрінің командирлері – шөберелері Бернар мен Әлижан. Әжесі мен атасы солардың амандығын, бақытын тілеу үстінде.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз мақтауды аса жақтырмаса да, осынау қадірлі азамат жайында қалам тербеуіміз де тегін емес. Ауылдан шығып баршаны мойындатқан Кеңес Бердалиевтің өмір жолы барша білім қуған жастарға сабақ болсын дедік. Себебі тәуелсіз еліміздің кемел келешегі сол жастардың қолында.
Әз-Жәнібек ӘБІЛОВ,
Аманөткел ауылы
04 маусым 2024 ж. 826 0