Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұрсынбике туралы аңыз

Тұрсынбике туралы аңыз

Сан мың жылдық тарихтың қойнына бүккен құпиялары әлі күнге адамзаттың атқаруы тиіс негізгі жұмыстарының біріне айналып келе жатқаны белгілі. Себебі, бұл өмірден хан мен қара да, ақын мен батыр да өткен. Ал олардың жүріп өткен өмір жолы бүгінде біздер үшін нағыз тарих. Жалпы, адамзат баласының ортақ қоғамында әйел адамның ерге қарағанда деңгейі төмен болған ғой. Гендерлік саясаттың күн тәртібінен шықпай келгенінің салдарынан бұл көзқарас күні кешеге дейін сол қалпында келгені де жасырын емес. Сондықтан болар, біз тарих дегенде ерлер жүріп өткен жолдың ескілік негізіне көп үңіліп жатамыз.
Бірақ, қазақ тарихында да әйел адамдардың аты көпке мәлім болғанын жоққа шығара алмаймыз. Өткенге үңілсек, қолына қару алып жауға шапқан нәзік жандыларымыз да болған. Жеті өнердің жақұтына баланған жезтаңдайларымыз бен зергерлеріміз қаншама? Ал отбасылық өмірдегі әйел адамның маңызына тоқталар болсақ әңгіме басқаша. Себебі, қазақ халқының түсінігіндегі әйел адамының маңызы ұлт болып қалыптасқанымыздан бері балалардың анасы, үйдің ұйытқысы ретінде өте жоғары бағаланған. Оның жұмсақтығы, мейірімділігі және жанашырлығы ер адамдардан ерекше етіп тұратын басты факторлар болып табылады. Бұл тақырыпты одан әрі қозғар болсақ, әйел адамның ерлерге қарағанда физикалық және эмоционалдық тұрғыда әлсіздеу келгенімен, сол кемшіліктерді басқа көптеген артықшылықтары арқылы толықтыратыны ғылыми зерттеулермен дәлелденген. Сол әйел затының тарихтағы алар орны қандай? Олардың аты кейінгі ұрпақ жадында қаншалықты сақталған? Міне, қытымыр қыстың қуатын қайтарып, шуағын алып жеткен көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз осы жағына тоқталып көрсек. Ауданымызға қарасты әйел адамның есімімен аталатын тарихи жерлер санаулы. Бірақ негізсіз емес. Мәселен, қазіргі Жақсықылыш кентінің солтүстік жағалауын ұзына бойы алып жатқан Жақсықылыш тауы бар. Сол таудың жанында «Тұрсынбике» деген тау жайлы айтылып келген ауызекі аңыз бізге біраз сыр шертеді (бұрын «Калинин» ұжымшарының орны). Бұл жердің тарихи негізіне сүйенер болсақ, ел аузында мынадай әңгіме бар. Аты алашқа мәлім Асанқайғы бабамыздың Абат атты баласына ізін жалғар ер бала ермепті. Абат батыр кезекті бір жорығында елге ала келген екі құндақтаулы ер баланы бауырына басады. Олардың біріне Жақсықылыш деп ат қойса, екіншісіне Жаманқылыш деген есім беріпті. Ондағысы балалардың қылыштың күшімен келгенін білдірсе керек. Бұл туралы аралдық ағамыз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі А.Өткелбаевтың «Арал– тұнған сыр» атты кітабында айтылған. Кітап авторы бұл мәліметтерді қазіргі Жақсықылыш кентінің тұрғыны, «Арал–Сольтрест» темір жолында ширек ғасыр еңбек еткен көнекөз қариялардың бірі – Ж.Қожахметұлының айтуы бойынша кітапқа түсірген. Әңгімемізді одан әрі жалғай түссек. Абат батырдың Жақсықылыш пен Жаманқылыш атты балалары батырдың қызы Тұрсынбикемен қатар өседі. Арада уақыт өте ержеткен Жақсықылыш өзінің шикілігін білдіріп, Тұрсынбикеге көңілі жақын болып қалады. Бұл қарым-қатынастың арты жақсылыққа апармасын білген Тұрсынбике Жақсықылыш пен Жаманқылышты бірге ертіп, елден қашуды ұйғарады. Сонымен олар уәделескен күні түнде үш тұлпарға мініп қашады. Сол замандарда Абат батырдың елі қазіргі Тұрсынбике тауының етегін ала орналасқан. Ол кездерде қазіргі тұз қазылып жатқан ақтаңдақ жерлер мен қазіргі Жақсықылыш пен Жаманқылыш тауларының аралығы толықтай су алып жатқан ноғайлы алқап болған екен. Елден қашқандар сол жерде біраз адасып, Ақкісіге қарай бет түзейді. Ертесіне Абат батыр олардың ізіне түседі. Көп ұзамай Ақкісіге қарай бет алған олардың ізінен қуып жетіп, Жақсықылышты қазіргі Жақсықылыш тауының үстіне шыққанда, Жаманқылыш есімді баласын Жаманқылыш тауының үстінде садақпен атып өлтіреді. Бұл жағдайды көзімен көрген Тұрсынбике кері бұрылмастан қаша береді. Алайда ашуға мінген Абат батыр қызын да өлтіреді. Өзегін жарып шыққан қызын ашумен бақилық еткен батыр оның мүрдесін елге алып келіп, арулап жер қойнына табыстайды. Бұл қазаны кешірілмес күнәға балаған Асанқайғы баласы Абатқа қатты налиды. Соның аяғы аңыз әңгімелерде Абат батырды жайын жұту оқиғасымен аяқталған екен. Әрине, ақиқат тек Құдайға ғана мәлім. Біздің айтып отырғанымыз тек осы күнге ауызекі тілмен айтылып жеткендері ғана. Ал Тұрсынбике тауының тарихи негізі З.Шүкіровтің «Сыр өңірі» кітабында басқалай сарынмен өріледі. Алайда ол жерде де Тұрсынбикенің есікте жүрген тексіз құлға ғашық болатындығы айтылады. Онда да бірге қашу оқиғасы көрсетілген. Бұл аңыздардың ақ-қарасын тарих өзі анықтай жатар. Иә, осы сынды тарихқа негізделген ескі әңгімелер арқылы біз өткеніміз бен өшкенімізді тани түсуге бір табан болса да жақындай түсеміз. Осындай атаулардың өміршеңдігі бәлкім басқалай жағдаймен өрілген болар. Десе де, ел аузында қалған әңгіменің бізге қашықтығы жоқ. Өйткені ол–тарих. Ал тарихты жоққа шығару ертеңге деген үміттің сәулесін сөндірумен тең. Сондықтан ел ішіндегі осындай тарихи жер-су атауларының негізіне үңіле жүргеніміз жөн болар.

Алтынбек БИСЕНОВ.
07 наурыз 2019 ж. 2 103 0