Әдебиет әлемінің абызы

Туған жерін тіршілігіне темірқазық етіп ұстаған, өмір бойы кіндік қаны тамған жерді шығармаларына арқау етіп келе жатқан қазақтың қабырғалы жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған тағылымды кешке ауданның зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын жазушылар және оқырмандар қатысты.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Қанатов жазушының руханият әлеміндегі орны мен әдеби дамуға қосқан үлесі туралы айтып, әдеби конференцияны ашып берді.
Конференция барысында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Ж.Алишева «Аралдың асыл абызы», мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Ж.Төребеков «Адамзат тағдырының жаршысы», қалалық №1 кітапхана меңгерушісі Мергенбаева Айгүл «Ғасыр жасаған ғажап ғұмыр», №262 мектеп-гимназия мұғалімі Ақбергенова Айгүл «Қаламгер және қаһарман»тақырыптарын ашып, жазушының өмір жолымен шығармашылығы, ерекше қасиеттері мен қаламгерлік тұлғасы, артына қалдырған мол мұралары туралы кеңінен таныстырып өтті. Жергілікті ақын-журналистер Ж.Жақып,Т.Абылаев, А.Елеш жазушы туралы естеліктерімен бөлісіп, Е.Абдулла өзінің жазушыға арнаған жаңа «Бел-Аран» атты өлеңін оқып берді.
Конференцияда аудандық мәдениет орталығының термешілері Жоламанов Асқар Шолпан Балманованың Әбдіжәміл Нұрпейісовке арнауын орындаса, Ізекешова Зәуреш Әбілхан Махановтың «Аралым айдын шалқарым» термесін орындап, шараның шырайын келтірді.
Шара аясында «Ғасыр шежіресі» атты кең көлемді, мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына ұсынылды.
Гүлбану КҮЛМАШОВА,
аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға
қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі